Қалданның қаладағы ауруханаға түскеніне онша көп болған жоқ. Десе де ол азғана уақыт ішінде жалыға бастағандай ма қалай өзі? Отыз жыл ұстаздық етсе де, бойына біткен осы бір елгезектік сезімдерінен әлі күнге арыла алмаған.
Көктемнің күні шуағын төгіп, самалы есіп, жадыраңқы мінез танытады. Түс ауа сырқаттарды қарауға келген медбике қызға өзі өтініш етіп, жаңа газеттер алдырған.
Асықпай көз жіберіп қарап отыр еді, кенеттен іркіліп, тоқтай қалды. Мүдіргені — «хабарландыру» жарнамасы еді. Ол жедел үңіліп оқып шықты да, терең бір толғаныс құшағында ойланып отырып қалды. Он жыл бойына білім беріп тәрбиелеген шәкірті осында келе жатқан астаналық әртістер концертінде ән шырқамақ...
Асанбек балаң кезінен әнші болатын. Тамылжыта шырқай салғанында даусының ашықтығы мен шалқар-кеңдігіне қайран қалмау мүмкін де емес-ті. Оны әншілік әлеміне баулыған өзі-тұғын. Көркемөнер үйірмесіне қатысып жүргенінде одан бірдеңе шығарына іштей толық сенімді болған. Ойлағаны болды, онжылдықты тәмамдаған соң Асанбек Ұлттық Консерваторияға оқуға түсті. Онда да оған Қалданның қолдау-көмегі, септігі аз тимеген. Шәкірті жоғары оқу орнын бітіргесін астанада қалып қойғанын Қалдан сырт құлақтан естісе де, іштей сүйсініп жүретұғын. Енді,міне, біраздан бері көрмеген жақсы көрер шәкірті осында келіпті.
Қалданның жасы елудің ортасынан ауса да, құдды жас адамдай көрінеді. Шашына әлі күнге ақ қылау кірмеген. Ол концерт болатын күні өзін қоярға жер таба алмады. Қалай болса да, өз оқушысымен дидарласуды ойлады. Бұл жөнінде емдеуші дәрігерге де түсіндіруге тырысып баққан. Бірақ, бұл секілді жүрек-қан тамырлары ауруымен ауырып, төсек тартып жатқан айрықша күтімдегі сырқаттарға адам жанын толқытар әсерлі сәттерден аулақтау жүру жөні күнбе-күн дерлік ескертілетін. Соған қарамастан кешқұрым ауруханадан сытылып шыққан Қалдан Дәулетұлы қалалық зәулім мәдениет үйіне қарай беттеді. Өкінішке қарай, ол концертті тамашалай алмады, әлдеқашан басталып кетіпті. Біраз күте тұруына тура келді.
Бір мезгілдерде, ол әлдебір ойларға беріліп тұрғанында, концерттің аяқталған сыңайы байқалды. Адамдар топ-тобымен жөңкіліп шығып жатыр. Бұл олардың әңгімелеріне еріксіз құлақ түріп еді: жалпы концерт туралы тәуір пікір естіледі. Әрине, жүрекке жағымды. Асанбектің атына датым жақсы лебіздер айтылып, ұстаз көңілі бір түрлі риза, толқыған кейіпте.
Бір мезгіл адамдар аяғы да сирей бастаған. Бір уақытта сыртқы есік серпи ашылғанда жалт қараса, әртістердің өздері екен. Бойлы-сойлы келген үш жігіт пен бір әп-әсем қыз. Жүздері жайнап, күліп-ойнап, мәз қалыпта келеді. Қалдан олардың шеткісі, әдеміше келген Асанбек шәкіртін анадайдан таныды.
Олар бір-біріне тұп-тура, тақап келіп қалды. Қарсы алдынан беттесіп қалған кісіге жалт қараған Асанбек бір сәт қалшиып тұрды да қалды. Өз көзіне өзі сенбегендей тағы да бір қарады да: «Қалеке, салаумағалейкум, қайдан жүрсіз?» деп біртүрлі қуыстанғандай сыңай танытты. Құшақтай алған жоқ. Қалдан болса:
— Өзіңнің жағдайың қалай? Келіп қалдыңдар ма? — деді кібіртіктеп.
— Ауыл-ел аман ба? Біз деген... концерт қойып шығып, енді бір шақырған жерге асығып кетіп бара жатыр едік...
Түкке түсіне алмаған өзгелері бұл екеуіне таңдана қарайды. Осы мезет жаңбыр да жәйлап себездей бастады.
— Қашан кері қайтасыңдар? — деді Қалдан.
— Мұндағы концерттер аяқталды. Ертең, сірә, Оралға бағыт ұстармыз.
Жаңбыр еселей құйып, екпіндей түсті. Әп-сәтте малмандай су қылар сыңайы бар.
— Қалдеке, айып етпеңіз. Тағы да сәті түссе кездесерміз, — деп Асанбек ілгері қарай озып кеткен жолдастарына қарай аяңдай жөнелді.
— Сау тұр, — деді Қалдан даусы естілер-естілмес шығып.
Түн. Аспан сұсты, көкжиекті тегіс қара бұлт көмкерген.
Ұзап кеткен шәкіртінің соңынан ұзақ ойлана қарап тұрған ақкөңіл ұстаз үсті басы су-су қалпында ауруханаға қарай беттеп барады. Ой шіркінің сан-саққа жүгіреді. Бір кездегі сүйікті шәкіртім деп жүгіріп жеткенінде алып ұшқан көңілін күпті етіп, еш елемегендей сырт айналғанына налиды. Әлде, астана көлемінде азды-көпті көрініп, танылып, аты шыға бастағанына мардамси бастағаны ма бұл Асанбектің?
Иә, мынау өмірде әлденеге сәл қолы жеткендей болса, айналасын елемей, тіпті қасиетті ұстазға да немкетті қарайтын, өзді-өзі «жұлдыз ауруының» буына піскендей болатын бос кеуде, арзан дақпырттың адамдары да аз емес-ау. Қалдан ағаны қапа еткен де нақ осындай жағдай еді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі