Өлең, жыр, ақындар

Теңізбен текетірес

Сол күнгі телегей-теңіз әлемінің буырқанып, бұрқанып, астаң-кестең болып жатқан алабөтен сұрқын-ай! Көгілдір дүниеге көз салған кісінің өзі осынау жаратылыстың көл-көсір ғаламатына қарап тұрып, оның ұлылығына, шетсіз-шексіздігіне таң-тамаша қалмауы мүмкін емес еді. Туған топырақпен етене жел-дауылдың үдей соққан үрейлі реңі мен ақжал толқындары аспанға атып, сеңдей соғылысып, сапырған, аузынан ақ көбік шашып аласұрған бурадай айдынның адуын кейпінен тіксінбей, сескеніп, секем алмай қарау да қиын сәт.

Осындай бір ауа райының қағынып, тентек мінез табиғи тұрқына еніп тұрған тұсында бірер жартылықты бұған дейін түгесіп, бойлары балқып, көңілдері шалқыған жиырмалар шамасындағы төрт студент жігіт жағалауға жақын жартастың бір жықпылына бой тасалап, тағы да сол жұтқыншақтың қамын қамдап, «тамақ жібітуге» көшкен-ді. Бақытжанның баяғыдан қайда барса да қолынан тастамайтын қара сөмкесінің ішінен бұл жолы да кәдуілгіше ақ, қызыл шөлмектер, тіске басар нан, көк жуа, консерві дегендер түйдек-түйдек шығарылып жатыр. Оны реттеудің қамына әуелден бірінші боп дереу кірісе жөнелетін Марат өзінің Құдай берген міндетті шаруасындай бұл жолы да белсенділік танытты. Рюмке, стақандарды ыңғайлаған болып оған Әбіл де көмектескен ретте құнжаңдап жатыр.

Бақытжан қашанда бір тосын қылығымен айналасындағыларды қайран қалдырып, күлдірмей жүрмейтін. Онысын көбіне-көп өзі де байқамай қалып жатады. Ішімдіктерді енді құямыз дей бергенде оның орнынан ұшып тұрып «қой, мен бір сүңгіп келейін» дегені елдің бәрін елең еткізді.

«Мынаны тапа тал түсте жын соқты ма, не пәле. Осындай теңіз түтігіп, қаһарына мініп тұрғанда дені сау жан суға шомылушы ма еді» деп бәрі де оның бет-жүзіне аң-таң болып қарайды. Ал Бақытжан бәтшағар болса, қара сандары бұлшық атқан қалпы, шомбал бітімді шымыр денесін нық ұстап еш абыржымастан, көгілдір дүлейдің қорқынышты құбыжық ұсқынынан түк те шімірікпестен солай қарай бет алып барады. Қанша дегенмен қашаннан қайран дос қой деп Ғали жағалау жиегінен әрі асып, теңіз төсіне сұғынып, әрегіректегі белгі үшін қойылған нән тастарға жақын барып қалған Бақытжанның соңынан ерді. Дәу-дәу толқындар мұның да төсіне ұрып, шортан балықтай шоршып кетулі. Неде болса, бұл да алған бетінен қайтқысы келмеді. Екі көзі жартас үстінде айналасына шола қарап шабытты күйде тұрған Бақытжанда. Сөйткенше... Апырай, ә, бұл да жақын келіп қалып еді...

Сөйткенше... Бұл жартасқа жәйлап аттап шығам дегенше... Бақытжан «баһадүр» жынын алған бақсыдай құтырынып жатқан көк
теңіздің қойнына қойды да кетті. Түкке түсінбей қалған Ғалидың тұла бойы дір ете түсті, өне бойын әлдебір суық ой жайлап алғандай. Аңғал Бақытжан албырттықпен, мастықпен ақшулан айдынға ұрынып, ажал айдап тұрған болды-ау деп ойлады ол. Екінші бір қапталдан желігіп жеткен ой: «Бұрын теңіз көрмеген Бақытжан асау айдын төсіне бұлай секірсе, менің қарап қалғаным жарамас. Жеті атам түгел балықшы емес пе еді» дегендей мағынада қылаң етті. Бәрі де қас-қағым сәтте, көзді әні-міні ашып-жұмғанша. Ғали өзі баяғыда туған топырақтан нәр алған қаншыл да намысқой, бірбеткей де өжет ұлан емес пе? «Тәуекел!» деді де, шыр көбелек айналып ұйлығып, бірде маңының бәрін жайпап арса-гүрсе боп лықсып соғысқан тау-тау толқындармен сүзісе көк теңіздің шым ортасына перді де кетті...

Тегінде адам өздігінен өле ала ма? Ажалың жетсе сірә да одан қашып құтыла алмайсың. Бұл да түпсіз теңіздің біраз шыңырауына дейін шырқап барды да, жан дәрмен екі қолын екі жағына сабалаумен болды. Бір шығуға қайта-қайта бетіне ытқып шығады-ау, бірақ жөңкіліп жатқан тажал толқындар әп-сәтте көтеріп әкетіп жаңқа құрлы көрмей арлы-берлі қақпақыл қып лақтырып тастайды. Ғалидың жаны көзінің ұшында. Жаны тәтті, құрдан-құр өле салғысы жоқ. Барынша тырбаныс жасаулы. Су бетіне қалқып шыға келсе, тез арада құлаштап манағы жартасты маңайлап-ақ қалады, ырғып шыққысы келеді. Бірақ, жартас тым биік екен, өрлей алмады. Үсті-басынан сау-тамтық жоқ, аяғынан басына дейінгі аралық түгел жырылды, түгел тілгіленді-ау. Оның үстіне көкжал толқын көк желкеден алып кері ытады. Дауылды күні дәу толқындармен алысып жүзе білудің өзіндік дәбі бар екенін бұл біле бермейді. Ата-бабалары бүкіл өмір, тыныс-тіршілігін теңізде өткізген, нәпақасын теңізден айырған кәнігі балықшылар болса да, бұл ауылда өсіп, ары кетсе тоғанда құлаштап жүзуден аса алмаған. Енді,міне, ақырғы күшін салып, сәл алдырса, шалдырса, жұтып кетердей болып тұрған баба-теңіздің бұйда салғызбас бірегей болмысына бас исе де, бақиға асықпай, баянды болашақ ғұмырдан үміт етіп арпалысулы. Сәл шалдырса, жантәсілім ету қаупінде...

Соңғы рет... Тағы да соңғы рет...Басы қылтиып, көзі жарқ ете қалды. Дәл осы мезгілде әлгі жарқабақ басына екі жасөспірім бала шыға келді де, бір батып, бір шығып қиналған мұны көріп қол ұшын беруге екеуі де бір мезетте теңізге секірді. Екеуі мұны екі қолтығынан демеп, сүйрелеп, үлкен жақпар тастың үстіне шығарды. «Ничего, все бывает. Самое главное, ты жив, здоров» деп күліп қояды көздерін қысып, бас бармақтарын шошайтып. Олар түктен ығар емес, көк теңізге қайта күмп берді. Дәу толқындар сүзгісі, жайпағысы келіп таяп қалса, бойларын көтеріп, серпіліп, ырғып қалып отырады екен. Былай қарағанда, теңіз сырын білетін жас жігіттер толқынды әуре келеке еткендей, ол екеуі дауылды күні теңізбен текетіресуге бір-бірімен серттесіп жүрген серілер болып шықты.

Ал жақсы жүзе алмаса Ғалидың жазығы не? Айтпақшы, бар бәленің басы — Бақытжан қайда екен деген ой көкейіне келе қалды. Орнынан тұрып, манағы өздері келгенде отырған биік жарқабақ беткейіне қарай беттеді. Үсті-басының адам көретін жері жоқ, қан дегенің аннан да, мыннан да шығып, кей жерлерінен сорғалап тұр. Желді күн болса да жағаға келген сиректеу демалушылар бұған әрі аяушылықпен, біреулері таңдана, енді біреулері «өзіңе де сол керек» дегендей кекесінмен қарайтын сыңайлы. Құр жанын сүйретіп достарына да жетті-ау. Олар бұған әуелі күле әрі таңырқай қараса да, сәлден кейін ұғынысып, ішін басып құстырып, аузына су тамызулы. Суы сірә да ащы су ғой. Ғалидың бір ажалдан аман қалғанын жуулы. Бұл да Алласына сиынып бір-екі жүзді тартып жіберді де, басынан өткенді баяндады. «Мен сен үшін жүрмін, сенің отырысың мынау, жаңа сен көз алдымда қалай жоқ болып кеттің?», — деді бұл Бақытжанға қарап. Бақытжан түкке түсінбегендей: «Мен теңіздің нағыз көк ортасына секірсем де, судың астымен айнала жүзіп, екінші тұстағы жарқабаққа жеттім де, кері айналып шығып кеттім. Бір сүңгимін де шығамын дедім ғой», — дегені. Сұрастырып бақса, Бақытжан сабаз жалаң бұт жүрген көк өрім кезінен Сыр жағасында дариямен алысып өскен, көзін сумен ашқан жүзгіштің өзі екен ғой. Ал мұның қаны мен намысы, ақ адал дос дегендегі шүберекке түйген жаны мен тұрпаты бөлек теңізбен тұяқ тарпысқан текті мінезі кімнен осал болыпты?!

Ғали содан бері әлі күнге теңізді көрсе жүрегі атқаяқтап, өзін осылайша жұбатады. Атар таң, татар дәм-тұздан айырмаған Тәңіріне тәубе етеді. Өз бойындағы теңізге телі тентек сырларының жәйдан-жәй еместігіне тәнтілік құлатады. Теңізге әр келген сайын көз алдына сол бір өткел бермес адуын да албырт шағы, тарлан теңізбен тағдыры үшін тартысқан қиян-кескі майдан елес бермей тұра алмайды...

10.02.1999 жыл.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз