Эссе және өлең-жыр байқауы

Анаға тілек құттықтау

Не бар екен анадан қымбат маған,
Тал бесікке бөлеген, құндақтаған.
Көз алдымнан ұзасаң сымбатты анам,
Сағынғаннан бір сені күн батпаған.

Жүрегіңнің жылуын шашқанда ана,
Оранады шуаққа аспан-дала.
Қасиетін ананың түсінеді,
Адамшылық жолымен басқан ғана.

Ойлап кетсем отырып анашымды,
Бұтақ жайған бәйтерек пана сынды.
Жинаған соң бойыма бар асылды,
Өтіп жатыр өмірім жарасымды.

Қалсам мен бүгін де егде тартып,
Еркелікті мойныңа келем артып.
Бас ауырып, балтырым сыздай қалса,
Жан таппадым жанашыр сенен артық.

Бүкіл тірлік аспанда күнім ғашық,
Ана жайлы ақтардым сырымды ашып.
Мерекесін аналар арқау етіп,
Кетті бүгін кеудемнен жырым тасып.
 
Жалау болып ананың ақылы ізгі,
Құлшындырып еңбекке жатыр бізді.
Өнерлі өрен өсірген елге лайық,
Әлия мен Мәншүктей батыр қызды.

Құлпырғанда кең далам шуағымен,
Қуанышпен көңілді жуа білген.
Құттықтаймын аналар мерекеңмен,
Нұрландырған өмірді қуатыңмен.

*** *** *** ***

Перзентке жұмсаған бұла күшін,
Ана – ырыс, бақ – дәулет, жұбанышың.
Көкбөрінің тегінен тарағандар,
Құтты болсын бүгінгі қуанышың!

Тал бесікке тірлікті ілмектеген,
Мадақтауға Ананы тіл жетпеген.
Алатаудың шыңына ту тігеді,
Анасына той жасап, құрметтеген.

*** *** *** ***

Анаға арналған әндер, жырлар, ізгі тілектер, жылы лебіздер қаншама! Халық арасында «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз бар.

Ендеше Анаға арналған жырымыз, әніміз, тілегіміз ешқашан таусылмауға тиісті, таусылмайды да.

Өз бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген перзенттерінің қылығынан, қызығынан іздейтін аяулы Анам менің! Саған әлемдегі бар жақсы тілекті үйіп-төксем де аз. Алла сізге ең алдымен мықты денсаулық берсін! Әрқашан жүзіңізден мейірім нышаны кетпей, айналаңызға нұрыңызды шашып, Аналық бақытқа кенеліп жүре беріңіз!

*** *** *** ***

Бүкіл өмірін балаларына арнап, өмірлік серігіне адал жар, ардақты ана бола білген, бүгінде қызын-қияға, ұлын-ұяға қондырып, немерелерінің сүйікті Әжесі болып отырған асыл Анамыз, сізді бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөз бар.

Ардақты ана, сізге қажымас қайрат, зор денсаулық тілей отырып, айналаңызға шуағыңызды шашып ұзақ өмір сүріңіз демекпіз!

*** *** *** ***

Сіз жасаған қызметті
Күн мен Жұлдыз, Ай көрген
Анаңдай азиз мейірбан
Табылар саған қай жерден?
Ыңылдап даусың шыққанда
Көзінен ұйқы ашылған
Мейіріңді суға қандырған
Мейірбан бар ма осыдан?!
Көзінен ұйқы тараған
Қабағыңа қараған
Анаңдай қамқор бар ма екен!

*** *** *** ***

Жүрегімді жарып шыққан бар ізгі тілектерім өмірдегі ең қымбатты да ардақты жан – ана, өзіңе арналады. Бізді өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсіріп, тұмсықтыға шоқтырмай, осы күнге жеткізгенің үшін алдыңда мәңгі қарыздармыз. Мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүрегіңізден, қызуы тұла бойымызды жылытқан ыстық алақаныңыздан, айналайын деп маңдайымыздан емірене сүйіп, еркелеткен үніңізден артық біз үшін ешнәрсе жоқ. Анашым, жүзіңізден шуақ кетпей, біздің ортамызда күліп-ойнап, шаттыққа кенеліп, бақытқа бөленіп жүре беріңіз.

*** *** *** ***

Ана деген киелі есім, Алла берген бар мәнін,
Күн шуағы төгілгендей мынау күні Алланың.
Бар бақытты өмір саған Ана берген әрдайым,
Барша Адамзат Аналарға басыңды ию - Аллаға!

*** *** *** ***

Қажетті сілтемелер (қарап көріңіз):

Мама туған күнімен құттықтау, тілек

Туған күнге арналған құттықтау cуреттер

Туған күнге арналған тілектер

Туған күнге өлеңдер

Туған күнге арналған тілектер, құттықтаулар


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...