Өлең, жыр, ақындар

Өсек туралы бірер сөз

Кез келген жерде қасыңда жоқ адам туралы жаман әңгімелеу оны өсектеу деген сөз. Өсектің саясаси мақсатта, маркетингте т.б. алаңдарда жоспарлы түрде қолданылған кездері де бар. Тарихта мұның мысалдары көптеп кездеседі. Мәселен тарихшылар Әмір Темір мен Осман мемлекетінің патшасы Йылдырым Баязид ханның соғысына өсек арқылы араға іріткі салынуы себеп болған деседі. Әмір Темір Баязид ханға жазған хатында «Сізге өсек жеткізіп араңдатып жүргендердің барын білемін, ондайлар маған да келіп сөз жеткізуде, олардың араңдатушылықтарына түспеңіз» деп хат жазған көрінеді. Бірақ бәрібір соңында соғыс болып, жеңіске жеткен Әмір Темір олжа да алмай, жерін де алмай Османлы елінен шығып кетеді...

Бірақ өсектің мұншалықты қауіпі бар екен деп барлық жерден қастандық теориясын іздеу, бәрінен күмәнданып, үнемі үрей ішінде жүру де ақылдың ісі емес.

Кейде көре алмаушылықтан, кек сақтаудан, ашу-ызадан, реніштен де туындайды. Өсекші — біреуге болған наразылығы мен ренішін айтып өзгелердің де әлгі адам туралы жаман ойлауын қамтамасыз ету арқылы рахаттанады. Ондайлар басқаны жамандап, төмендету арқылы өзін жоғарылатқанын ойлайды. Осылайша мен ондай емеспін, мен жақсымын дегенді паш етеді. Сондай-ақ ешкім білмейтін нәрсені білу сезімі, басқалардан ерекше болу, үстем болу сезіміне жол ашады. Сол себепті де осы үстемдігін басқалармен бөліскісі келіп тұрады. Ешкім білмейтін ерекше мәлімет деп білген нәрсесін дереу айналасындағыларға ұсынып, жеңілдеп, рахатқа бөленеді. Ұсынарда оған өзгертулер мен қосымшалар енгізіп барынша безендіріп барып жарыққа шығарады. Бірнеше адамнан өткен кезде өсек одан сайын түрлене түседі...

Данышпан ақсақал

Адам ақылмен іс ету керек. Ашуға немесе жоғарыда аталған басқа да эмоцияларға беріліп, ойланбай сөйлеп, өсек пен іріткінің себепшісіне айналмау керек. Өйткені өсек, сөз тасу — адамдармен ара-қатынасты бұзады, сенімнің сарқылуы, отбасы құлдырауы, достықтың әлсіреуі, қоғамдардың араздасып, жанжал шығуы секілді жаман нәтижелерге әкеледі. Сөз тасыған адамға да бұл қылық абырой әкелмейді. Сөз тасуды әдетке айналдырған адам өзгелермен сенімді байланыс құра алмайтын болады. Бұл жаман әдет бара-бара оның мейірім, адамгершілік сезімдерін бәсеңдетеді. Жақындарының одан сескеніп, ара-қатынасты алшақ ұстауына, өсекші деген атқа ілігуіне себеп болады.

Бір ауылда көп сөз таситын, адамдарды шағыстырып жүретін өсекші бір адам бар екен. Бұның өсегінің құрбаны болған бір қарт кісі оған:

— Бұл таратқан өсегің арқылы маған ғана емес, бірнеше адамға зияның тиді, ұялсаң етті, — дейді. Әлгі өсекші:

— Мен бұлай боларын білгенім жоқ, айтқан сөздерімді кері алдым, мені кешіріңізші, — деп жалынады.

— Кері алдым деймісің, шынымен кері алғың келсе, үйіңнен құс қауырсынды жастық алып кел, — дейді. Бұл адам дереу үйіне барып жастық алып келеді. Қарт кісі қалтасынан бәкісін шығарып жастықты осып жібергені сол-ақ еді, ішіндегі құс қауырсындары желмен жан-жаққа шашыла бастайды. Қарт кісі:

— Енді барлық қауырсындарды жина, сонда ғана кешіремін, — дейді. Аузы аңқиған әлгі адам:

— Ақсақал-ау, ұшып, тарап кетті ғой, қалай жинаймын? Қарасаңызшы, ағаштардың, шөптердің арасына, үйлердің қуыстарына дейін кіріп кетті, бұларды жинау мүмкін емес қой, — дейді. Сонда ақсақал:

— Тура сенің айтқан өсегің сияқты жан-жаққа тарап кетті, солай емес пе? Таратқан өсектерің қаншалықты ұзақтарға кеткендігін, кімнің санасында қандай нәтижелерге жол ашқандығын пікірлей алдың ба енді? — деген екен.

Үш сүзгі

Біреуді жамандап өсек айтқан адам қаншалықты айыпты болса, оны тыңдаған адам да соншалықты айыпты. Өйткені тыңдау арқылы оған демеу берген, қолдаған болады. Сондықтан мұндай әңгіме басталғанда мұның дұрыс емес екенін айтып тоқтатуға тырысу, сөзді басқа тақырыпқа ауыстыру немесе ол жерден тұрып кеткен жақсы болады.

Мына бір тәмсіл осы тақырыпқа жақсы келеді:

Бір танысы Сократқа келіп:

— Сенің досың туралы не естігенімді білемісің? — дейді. Сократ:

— Бір минут күте тұр! Сен маған ештеңе айтпастан бұрын менің сұрақтарыма жауап берші. Бұл сұрақтар «үш сүзгі» деп аталады. Біріншісі «шындық cүзгісі». Маған айтайын деп тұрған нәрселеріңнің толығымен рас екендігіне сенімдісің бе?

— Жооқ, біреуден естідім.

— Олай болса, жақсылық сүзгісіне өтейік. Досым туралы айтпақ болғандарың жақсы нәрсе ме?

— Жоқ, керісінше жаман нәрсе.

— Онда пайда-зиян сүзгісін көрейік. Сенің айтайын деп тұрған нәрсеңнің маған келіп-кетер пайдасы бар ма?

— Жоқ.

— Демек, маған айтатындарыңның рас-өтірігін білмесең, ол жақсы нәрсе болмаса, пайдалы нәрсе болмаса, оны маған не мақсатпен айтпақсың?- деген екен...

Қорыта айтқанда адамдарға мейірімді болуға, адал болуға, ешкімнің ала жібін аттамауға тырысайық. Мінсіз адам табу мүмкін емес. Әр адамның ісінде, сөзінде қандай да бір кемшілік, мін табылуы қалыпты нәрсе. Бірақ оны әшкерелеп, сөз тасу, іріткі салу ешкімге пайда әкелмейді. Сондықтан жылы, жағымды, жақсы сөз айтуға ұмтылайық, игі сөйлей алмасақ ең болмаса жаман айтпауға тырысайық.


Пікірлер (7)

Гүлім

Дүниеде ең ауыр нәрсе жазықсыз (кінәсіз) күйгенің өсек айтқандар о дүниенің тозағын қайтейін осы дүниенің тозағында өртенсін. Үйіме шыбын кірсе өлтірмей қолмен ұстап алып далаға есіктен шығарып жіберетін (обал ғой деп)адамдар қатарынан едім бірақ амалым құрып әбден қажыған соң осылай жазып отырмын.(айыптай көрмеңіздер, кешіріңіздер, түсініңіздер мені.

Гульнар

Гүлiм, өмір болған соң адамның басынан қилы-қилы сынақтар өтеді,Ең бастысы -сол сынақты сiз қалай жеңесіз.Ешкiмге жамандық тiлемеңiз.

Дана

Адамның зиянынан құтылу үшін жамандығын айту өсек болып есептеледі ма?

Айсұлу

Өсек кадмгі сөз есіктің алдына шығып шалынып кұласаң біреу көрсе сыртыңнан мас екен деп калжың айтса сол мезетте тарап кетеді жане əр түрлі болып біреуді жақсы деп көрсеткің келсе жақсы жағын көр.жасан десең жамандығын теріп ал 5мйнут жетеді жақсы,жаман ету адамды
Ə

хадиша

Жақсы ойда жүруге тырыс, бос сөзге уақыт болмайды, өсек еріккеннің ермегі

Myrza

керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз