Өлең, жыр, ақындар

Топтық жұмыстың оқушы белсенділігін арттырудағы рөлі

ОҚО, Түркістан қаласы
Бабайқорған ауылы
«Бабай-Қорған» жалпы орта мектеп
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің орынбасары
Ильясова Назгулим Сайлауовна  


Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Жалпы білім беретін мектептерде ҚР-ның зияткерлік, дене бітімі мен рухани дамыған азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеретін әлемде табысқа жетуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық игіліктері үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту» мақсаты қолға  алынған. Осы сұранысты қамтамасыз ететін Кембридж бағдарламасы деп танылып отыр. Бағдарлама негізі топтық жұмыс. Топтық жұмыс кезінде оқушы белсенділігі арттырылады.Әр оқушы топ мүшесі бола тұра өзінің топтағы орнын анықтай алады. Оқушы ынтымақтастығы арттырылады. Топтық жұмыс әр оқушының нақты іс әрекетін тудырады, бірлесе жұмыс жасайды. Бірлескен топтық оқытудың негізгі түйіні әрбір топ мүшесінің өз ойын толық жеткізіп, басқамен де келісімге, бітімге қол жеткізуге болатыны.

Ынтымақтастық оқу дегеніміз - өзара іс-әрекет жасау философиясы, ал бірлескен жұмыс соңғы нәтижеге немесе мақсатқа жетуге ықпал етуге бағытталған өзара әрекеттің құрылымы болып табылады.

Ынтымақтастық оқудың негізгі сипаттамалары:

1. Оқу оқушылар ақпаратты игеретін және өздері игерген мәліметті бұған дейін меңгерген  білімдерімен байланыстыратын белсенді үдеріс болып табылады.
2. Оқу тапсырмалары орындау үшін механикалық есте сақтау мен қайталауды емес, құрдастардың белсенді қатысып, ақпаратты өңдеуі және қорытуын талап етеді.
3. Қатысушылар әр адамның көзқарасымен танысудан пайда алады.
4. Оқу оқушылардың әңгімелесу кезіндегі әлеуметтік ортасы жағдайында жетіледі. Осы зияткерлік жаттығу кезінде оқушылар ой пайымдарының негізін құрып, мәнін ұғады.
5. Оқытудың ынтымақтастық ортасында оқушылар әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыдан да дами түседі, өйткені олар түрлі көзқарастарды тыңдап, өз идеяларын айтуға және қорғауға мәжбүр болады. \МАН\

Мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі: оқушы белсенділігін арттыру үшін оқу үрдісін сауатты ұйымдастыру болып табылды. Сол оқудың тиімді тәсілдерінің бірі топтық жұмыс. В.А.Сухомлинский былай деген «Мұғалімнің оқу үрдісіне шығармашылықпен қарауы баланың бойындағы жасырын қабілеттіктері мен дарынын ашады». Кеңес дәуірінде осындай жақсы ой айтылғанымен ол көбінесе іске аспады. Мұғалім сабақты белгілі бір қалыпта, бір сарында жүргізді. баланың жасырын қабілеті жабулы күйінде қала берді
 

Топтау әдістерінің тиімділігі төмендегідей:
Оқушылардың бір-біріне жолдастық, достық қарым қатынастары дамиды
Бір-біріне бар ынта-жігерлерімен көмектесуге, үйретуге бейім болады
Топтық жарыстар кезінде ұйымдастырудың жөн жобаларын біледі, оны қолдана алды.
Бір сабақтың үстінде берілген материалдарды, бір біріне көмектесе отырып толық меңгереді. Топтық жұмыс сабақты ұйымдастыруда жаңашылық алып келеді.Топ мүшелері мен мұғалімнің арасында, топ мүшелері арасында сенімділік байланыстың орнығуына көмектеседі. Топ ішінде кері байланыс жүзеге асады.

Кейбір дағдылар рефлексивтік оқыту тұрғысынан қолданылады.
•    Нақты және түсінікті сипаттама
•    Белгіленген жорамал мен құндылықтарды мойындау
•    Шынайы қорытындылар мен жалпылаулар жасау.
\МАН\

Оқушылармен топпен жұмыс жасау барысында топты басқаруда аса қиыншылықтар болған жоқ. Себебі, бастауыш сынып оқушылары ойын түрінде, ертегі түрінде өтілген сабақтарға жаттыққан. Бірақ мен осы уақытқа дейін топпен жұмыс жасауды сайс түрінде өткізіп келген едім. Топпен жұмыс жасау арқылы оқушылардың бірлесіп жұмыс жасауға деген ынталары арта түскендей. Топтық жұмыстарды мен тақырыпты ашу және тапсырмаларды орындау кезеңдерінде қолдандым. Ал, жұптық жұмыстарды мәтінмен жұмыс жасағанда, яғни мәтінді оқып, көршісі екеуі бір-біріне  сұрақтар қоя отырып талдады. Тапсырманы орындау барысында барлық оқушы жұмыс жасауға талпынды. Біреуі сурет салады, біреуі жазады, біреуі өз ойын ортаға салады. Әр топ өзіне берілген тапсырманы жүйелі, тартымды, қызықты орындауға үйренеді. Әр сабақты өткен кезде топ ішінде топ басшысын сайлап, тобындағы хатшысы, қорғаушы тайм кипер рөлдерді бөліп сабақты қызықты орындауға тырысып жүрмін. Бірлескен оқуда оқушылар ұйымшылдықпен ынтымақтастықта бірлесіп жұмыс жасайды. Бір-бірін тыңдауды, сыйлауды, қолдауды үйренді. Топ көшбасшылары өз құрдастарын оқытуды, өз тобын алға тартуды үйренеді.Оқушылардың бірлесе жұмыс жасау мүмкіндігі олардың ұтымды түрде оқуына және есте сақтауына, сол алған білімді қолдана білуіне аса қажет. Топтық жұмыста барлық топ мүшелері алдына қойған мақсатты бірлесе шешеді. Олардың бойында өз тобын алға жетелеуге бағытталған сезім пайда болады. «Бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін» жұмыс жасайды.  Топ мүшесі өзінің  тобының артта қалмауына жанталасады.Топ жұмысы зерттелген кезде сыныптағы сөйлемейтін оқушының белсенділігі көрініс берді. Бұл жағдайға мұғалім де, сыныптастары да таңғала қарады.Топ жұмысының тағы бір маңызды ерекшелігі тапсырманың белгілі бір деңгейде ғана орындалмауы, оның топ ішінде түрленуі, шарықтауы, жаңа нәтижелерге жетуі. Дәстүрлі сабақтарда біз оқулық шеңбері бойынша тапсырманы беріп келдік, ал қазіргі сабақта мұғалім тапсырманы орындау кезінде оқушыға еркіндік береді.

Мені осы уақытқа дейін мазалап жүрген ой үлгерімі төмен оқушының сабақ үлгерімі болатын. Осы уақытқа дейін ол оқушымен тек жеке жұмыс атқарған болатынмын. Енді ол оқушымен топпен жұмыс жасау арқылы, тапсырмаларды бірлесе атқару кезінде ол оқушым да өзінің жауапкершілігін танытып топқа тартылды. Оқушы бойында реттелу болды. Топтап  оқытудың пайдасы туралы Ибн Сина Әбу Әли Хусейн Ибн Абдолла(Авиценна 980-1037) былай деген болатын: «Егер бала жалғыз оқып, сыныптастары жоқ болса, бұл оқытушы мен үйретушіге ортақ қынжылыс болмақ. Сондықтан ең жақсысы- балалар оқу тәрбие үдерісінде үлгілі мінезге бір-бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру». Оқушыларды ұжымдық оқытудың төмендегідей пайдасы бар:
1.    Оқушылар оқу және тәрбие үдерісінде ғылымға сусап тұрады. Өз білімдерін мақтан тұтып, досының білімін қызғанады. Намыс пен мақтаныш тәрбиеленушіні өзгелерден кейін қалмауға міндеттейді.
2.    Оқушылар кездескенде үнемі сөйлеседі, сонымен естерін және шешендігін дамытады. Егер балалардың біреуі жақсы сөз естісе және оны құрбыларына айтса, онда балалардың естері дамиды және өзін-өзі оқыту жүреді.

Оқушылардың белсенділігі зерттелген кезде өзін сабақта төмен көрсетіп жүрген оқушының бойындағы ашылмаған жаңа қырлары көрінеді. Оған сыныптастары басқа көзбен қарай бастайды. Топ өзінің ережесін шығара отырып оны орындауға тырысады. Олардың бойларында формативті бағалау кезінде басқа топтардан қалмау керектігі туралы, білімін көрсету, мақсатқа жету туралы бәсекелестік пайда болады. Сыныпта топтық, ынтымақтастық атмосфера туады. Топ ішінде шешілмейтін мәселе болмайтынын оқушылар түсіне бастайды. Әр оқушыда танымдық түрткі пайда болып, оқуға деген қызығушылық туады. Әр сабақта топ құрамы өзгеріп отыру керек. Топ барлық сабақта тек бір оқушылардан ғана тұрмағаны жөн.

Топ ішіндегі туындаған эмоционалды әрекет кезінде оқушылар арасында жағымды байланыс пайда болады. Олар өзге оқушыларды да түсінуге тырысады.Оқушылар арасында басқа топ мүшесімен диалог құру, сұрақтар қою, өзгені тыңдау, өзінің көзқарасын қорғау, қорытынды шығару дағдылары пайда болады.

Топпен жұмыс жүргізудің екі түрі бар.
Бірыңғай топтық жұмыс.
Сараланған топтық жұмыс.
Эстондық ғалым Х.И. Лийметс топтық жұмыстың төмендегідей принциптерін анықтайды:
•    Сынып оқушылары 3 немесе 6 адамнан топқа біріктірілуі керек
•    Әр топ  бірығай тапсырмаларды немесе сараланған тапсырмаларды  алып жұмыс жасайды.
•    Топ ішінде «көшбасшы», «спикер» «сараптамашылар», «уақыт есептеушілер» жұмыстарын бөліп алады.
•    Тапсырмаларды орындау  топ мүшелері бір бірімен пікір алмасады, бірін бірі бағалайды.
•    Топта қабылданған шешімдер бүкіл сыныппен талқыланады./Х.И.Лийметс. Сабақтағы топтық жұмыстар.-М. 1975/.

Психолог Ю.Н.Кулюткин былай деп жазады: «Топқа бір біріне деген достық сезімі бар оқушылар жиналуы тиіс. Сол кезде ғана ынтымақтастық атмосферасы туындайды. Қорқыныш пен үрей болмайды»/ Ю.Н. Кулюткин. Ересектерді оқыту психологиясы.-М.,1985, 119
Топтық жұмысты тиімді ұйымдастыруының шарттарының бірі-топты дұрыс іріктеу болып табылады. Топты іріктеуде екі белгіні негізге алуымыз керек: оқушылар арсындағы оңтайлы қарым қатынастары мен оқушының оқу жетістіктерінің деңгейі.Гомогенді және гетерогенді топтар болуы мүмкін. Гомогенді топ дегеніміз бірыңғай жақсы оқитын немесе білім деңгейі бірыңғай төмен оқитын оқушылардан тұрады. Ал гетерогенді топта білім сапасын әртүрлі деңгейде меңгерген оқушылардан тұратын балалар болады. Мен зерттеген сыныпта мен дәл осы гетерогенді топ жасауға тырыстым. Себебі: зерттеу нәтижесі көрсеткендей оқыту және тәрбиелеу мақсаттары осы гетерогенді топтарда жақсы жүзеге асады. Себебі ол жерде ынтымақтастық, бір біріне өзара көмек көрініс береді. Оқушылар жақсы оқитын оқушылардың көлеңкесінде қалуға тырысып сыныпқа кірген кезде солардың қасына отыруға асығады. Бірақ топқа бөлудің әртүрлі стратегияларын пайдаланып бөлгеннен кейін олар қарсылық көрсете алмайды. Оқушы санына байланысты топқа 5-6 оқушыдан іріктеледі. Топтық жұмысты бастамастан бұрын оқушылармен бірге топ ережелерін жасау керек. Мысалы топ ережелері төмендегідей болуы мүмкін:
- Бірін-бірі тыңдау
- Өзгенің пікірін сыйлау
- Сөзін бөлмеу
- Уақытқа бағыну
- Шапшаңдық
- Бәсекелестік
- Бірлестік

Үнемі өзгеріп тұратын топтың үлгісі.
Топтық жұмыстың маңызды мәселелерінің бірі талқылау, талдау жұмысы. Бұл бірнеше сатылардан тұрады.
1саты: Әр топ мүшелері өзінің болжамын, идеясын ортаға салуы. Топ мүшесі сөйлеп жатқанда қалғандары шыдамдылықпен тыңдау қажет.Басқаның идеясына құрметпен қарау керек. Қағазға айтылған болжам, идеялар жазылғаны дұрыс
2 саты: Әр топта айтылған болжам, идеялардың талқылануы. Бұл жерде бірін бірі тыңдау, болжам, идеяларды қорғау оған келтірілетін дәлел мен дәйектер болу керек.
3 саты: Топтық шешімнің талқылануы.Топтық шешім сыни бағалау үрдісінде пайда болады. Тиімді шешім таңдалады.
4 саты: Топ жұмысының қорытындысы талқыланады
Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға–мұғалім» \Strong and Grant 2011\
Топпен жұмыс жасаудағы мұғалімнің қызметі: Мұғалім сабақты ұйымдастырушы және құрастырушысы. Ұжымдық  іс әрекеттің мүшесі.
Өтілетін жұмыстың мақсатын түсіндіреді.
•    Оқушыларды топқа бөледі.
•    Топқа берген тапсырмаларға түсініктеме береді.
•    Топтық жұмысты бақылайды.
•    Олардың іс әрекетін белсендіреді.
•    Оқушылардың топтық жұмысын бағалайды.
•    Топтық жұмысқа қорытынды шығарады.
•    Жіберілеген қателіктерге көңіл аударады.

Бірінші сабақтарда топтық жұмыс оқушылар тәжірибесінде жиі болмағандықтан олардың қиналысы көзге айқын көрінді. Осы кезде мұғалімнің көмегі керек болды. Мұғалім әрбір тапсырмаларға түсінік бере отырып жұмысқа ынталандырды.
Бақылау төмендегі критерийлер бойынша жүзеге асырылды.
- Оқушы топ ережесін біледі ме?
- Сабақта еркіндік, ынтымақтастық аспектісі сақталды ма?
- Топ тапсырмалары оқушының сыни тұрғыдан ойлауына әсер етті ме?
- Топта оқушының белсенділігі көрініс берді ме?
- Қандай оқушылар белсенділігі жоғары болды?
- Мұғалім сабақ үрдісінде оқушының белсенділігін арттыру үшін қандай әдіс тәсілді тиімді қолдана алды?
- Берілген тапсырманың орындалуы шеңберден шыққан жағдайда мұғалім оны қолдап отырды ма?
- Мұғалім барлық оқушыға бірдей қарады ма?

Белгілі маман психологтардың мәлімдеуінше оқушының белсенділігі оның тапсырмаға деген көзқарасынан туындайды. Егер тапсырма қызықтыра білсе оқушы белсенділігінің де жоғары болуы мүмкін. Осы жерде тағы да айта кететін жағдай оқушының белсенділігіне әсер ететін нәрсе сабақтағы еркіндік атмосферасы.Білім деңгейі төмен оқушы үшін бұл ауадай қажет. Достық ынтымақтастық оқушының қорқынышын жояды, тығыз қарым қатынасты орнатады. Оқушы белсенділігін арттыру үшін мұғалім ашық сұрақтарды қою арқылы оның дұрыс шешімге келуіне бағыттайды, түзейді. Бұл жерде эмоция,түрткі басты рол атқаруы мүмкін. Ынтымақтастық дегеніміз тек көмек қана емес ол оқушының тәуелсіздігі мен белсенділігін қамтамасыз ететін атмосфера құру.
Оқу үрдісінде кейде дарынды және талантты оқушылар жағымсыз тәртіп көрсетуі мүмкін, бұл олардың ерекше қабілеттеріне тікелей байланысты, мәселен:
- Практикада қолданылатын, есте қалған кең ауқымды  білімді талқылау кезінде басымдылық көрсетуі мүмкін;
- Зияткерлік ойнақылық, пайымдау мен қиялын көрсететін балалар үнемі тапсырмаға қызығушылық танытпауы, болмаса оны орындауға ниетінің жоқтығын білдіруі мүмкін;
- Проблемаларды нақты шешуге және есепті дұрыс шығаруға ұмтылатын балалар басқа оқушылар мен оқытушыларды жиі түзете беруі мүмкін;
- Нәзік әзілі басқа біреулерге жақпай, оның салдарынан түсініспеушілік орын алуы мүмкін;
- Өз бетімен жұмыс істегісі келетіндер басқалармен бірлесе жұмыс істеуге қызу қарсылық көрсетуі мүмкін.
- Оқыту үшін бағалау- бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі.
- \мұғалімге арналған нұсқаулық. 112 бет\. Сабақта табыс критерийлері жазылып және дескрипторлары көрсетілуі тиіс. Сол кезде ғана оқушылар өз топтарын және өзге топтарды бағалаған кезде нақты, шын баллдарды  қояды. Балл қоюға, топты бағалаған кезде оқушылар белсенділігі жоғары болады. Топтар бірін бірі бағалаған кезде реніш болмайды себебі дескрипторлармен бағалау баллдың ақиқатты қойылғанын көрсетеді.

Қорыта келе, топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпынысы артады, әр оқушы өзін жеке керекті тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талпынады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады. Топтық жұмыс оқушы белсенділігін арттыруда үлкен жетістікке жеткізеді.


Пікірлер (4)

Жұмабек Мади

жақсы ой жалпы келешек жастардың қолында... Өсіп өркендей берсін қадірлі Ұстаздар!!!

Зилола

Маған ұнады☺

Ақсұңқар

Рахмет өте пайдалы метериал екен.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар