Өлең, жыр, ақындар

Жақсылықпен жаным дос

ОҚО, Түркістан қаласы, Бабайқорған ауылы
«Бабай-Қорған» жалпы орта мектеп КММ
Өзiн-өзі тану пәнінің мұғалімі: Сұлтанова Гүлмира Ахметқызы

 

Құндылық: Дұрыс әрекет.

Қасиеттері: кішіпейілділік, жанашырлық, мейірімділік, қайырымдылық.

Сынып: 5

Оқушылар саны: 25

  Сабақ мақсаты: Жақсылық жасаудың адам өміріндегі маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейте отырып, дұрыс әрекет жасауға үйрету.

  Міндеттері:

  1. Оқушыларға жақсылық пен дұрыс әрекет жасауға  үйрету;

  2. Оқушылардың бойында кішіпейілділік, жанашырлық, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін дамыту;

  3. Оқушыларды риясыз жақсылық жасауға тәрбиелеу.

Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)

слайд, өлеңнің аудиодискісі

  Сабақ барысы:

  1. топқа бөлу: Түрлі-түсті фигуралар арқылы топқа бөлу.

  2. Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәтi. 

Нұрға бөлену

  Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. 

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің  қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз  тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. 

Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша  түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде  отыра тұрыңыз... 

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем  сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет.  

  1. Үй тапсырмасын тексеру

№7 Жақсылыққа-жақсылық (Ертегі) оқып, ыстық орындық арқылы сұрақтар қою.

  Сұрақтар:

 - Бала өзімшілідігінен қалай арылды?

 - Бала өмірден алған сабақтарынантағы қандай қорытынды жасауы мүмкін?

 - Жақсылық жасауды қалай түсінесіңдер?

Ескерту:

Тыныштық сақтау керектігін еске түсіру.

Тәртіп, талап, тазалық, тыныштық,

татулық.

  2. Дәйексөз.

Жақсылық істеуден жалықпа, істеген жақсылығыңа өкінбе!

                                                                            Кабуснамадан

  Жұмыс дәптерге жаздыру.

  Дәйексөздің мәнін ашу.

  3. Мұғалім сыйы: «Жақсылық пен жамандық» ертегісін айту.

  Жақсылық пен Жамандық

Ертеде Данышпан ата өз ұрпағын сынау үшін адамның оң иығына жақсылықты, сол иығына жамандықты отырғызып қойыпты. Адам бір іс жасарда жақсылық “істе” десе, жамандық “істеме” деп сыбырлайды екен. Сөйтіп адамның бойында қай қасиет басым екенін байқамаққа оны сапарға аттандырыпты. Адам біраз жол жүріп, өзен жағасымен шаршап келе жатса, судың жағасына шығып қалған балықты көреді.
Балық секіріп суға жете алмай жатыр екен. Жақсылық жаны ашып:
- Адам, ана балыққа көмектесіп жібер, - десе, Жамандық:
- Қой, жөніңе жүре бер, уақытыңды алма, - дейді.
Адам балықтан әрірек асып барып, мойнын бұрып қарайды. Балық шарасыздан көзі жәутеңдеп, көмек сұрағандай болады. Адам шыдай алмай кері бұрылып барып, балықты суға салып жібереді. Балық ризашылығын білдіріп. Суда ойнақшып, секіріп, құйрығын бұлғақтатып суға сүңгіп кетеді.
Адам одан әрі жүре береді. Бір теректің қасынан өтіп бара жатып, шыр – шыр еткен дауысты естіп тұра қалады. Қараса, кішкене ғана торғайдың балапаны ұясынан құлап қалған екен. Еңкейіп енді көтерейін деп жатса, Жамандық:
- Осы торғайдың балапанына бола жолдан қалмақпысың? Оны көтеріп ұясына салу үшін, теректің басына шығу керек. Мерт болсаң қайтесің? Өзің далада ит – құсқа жем боласың ғой, - дейді.
Адам ойланып тұрып қалады. Осы сәтте Жақсылық:
- Ей, адамзаттың баласы, сен әлсіздерге қорған болып, қол ұшыңды беру үшін жаратылғансың. Мына бейшара балапанды ұясына сала кет. Шарапаты тиеді, - дейді.
Адам тағы да шыдай алмай балапанды алып, теректің басына өрмелеп шығып, ұясына салып кетеді. Балапан шиқ – шиқ етіп, қанатын қағып, разы болады.
Адам демалып алмақшы болып отыра бергенде, аяғының астында бидайдың дәнін әрең сүйреп бара жатқан құмырсқаны көзі шалады. Құмырсқа дәннің о жақ, бұ жағына шығып, қозғауға ыңғайлы ретін таба алмай, ісі өнбей келеді екен. Адам әуелі жамандықтың айтуымен құмырсқаны дәнінен айырып тастағысы келіп оқталады да, шыр – пыр болған Жақсылықтың сөзіне құлақ түрді. Ол:
- Әй, адам – ау, қалай ғана адамдығыңнан айнып кетуге әзір тұрасың. Бұл құмырсқа өзінен үлкен дәнді сүйреп, машақаттанып келе жатқанда, қол ұшыңды көрсетіп жолына салып жіберудің орнына, оны қызықтап, ермек қылғың келгені қалай? Одан да еңбек етуді осы кіп – кішкене тіршілік иесінен үйренбейсің бе? – деп налыған екен.
Адам өз ойынан ұялып, райынан қайтады. Сөйтіп Данышпан  ата ұрпағын алдына шақырып алып:
- Міне, балам, жамандыққа ерсең жаман боласың, жақсылыққа ерсең жақсы боласың. Мен саған үш сын бердім, үшеуінен де өттің, разымын. Енді осылай адамдығыңнан айнымай, айналаңа қамқор болып, жамандыққа жоламай, жақсылыққа жолдас бол, - деп батасын береді.
Содан бері адам баласы жақсылықпен мұратына жетіп келеді екен. 

Сұрақтар:

  - Осы әңгімеден не түйдіңдер?

  - Жақсылық жасау деген не?

  - Жақсы адамның бойында қандай қасиеттер болады?

  - Жақсылық жасауадамның міндеті ме?

Осы ертегі барысында үш топтан екі-екі оқушыдан шығып көрініс көрсетеді.

 

  4. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.

  3-топқа тапсырма:

  1-топқа «жақсылық»

  2-топқа «жамандық»сөзіне кластер құру.

  3-топқа  «жақсылық пен жамандық»туралы мақал-мәтел айту

Өз ойларын еркін жеткізу.

  5. Топпен ән айту.

  Жақсылықпен жаным дос!   (Ақ көгершін әніне салып орындау)

  1. Жақсылықпен жаным дос,

Бауырмалмыз бәріміз.

Үлкенге де, кішіге,

Жақсылық жасаудан қалмаймыз.

Дұрыс жолды таңдаймыз,

Самғап ұшып  талмаймыз.

Жанашырлық білдіріп,

Көмек беруге дайынбыз.

 

Қайырмасы:

Жақсылықтың жолында,

Мейірімді жүрекпен.

Жақсы-жақсы  сөздермен,

Нұр төгейік баршаға.

 

2. Жақсылықпен жаным дос,

Арамдықты білмейміз.

Адамдарды алалап,

Кемсітуді білмейміз.

Кішіпейіл танытып,

Қол созамыз баршаға.

Риясыз ақ көңілмен,

Жақсылық жаса адамға!

 

  6. Үй тапсырмасы.

№8 С.Аронұлының «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» мәтінін оқып, түсінігін айту. 32 бет.

Дәптермен жұмыс №7 1, 2  тапсырмаларды орындау.

 

  7. Соңғы тыныштық сәтi

  Баяу музыка қосылады.

- Көзімізді жұмып, тыныштықта  бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Бүгінгі сабақтан алған қасиеттерімізді жүрегімізге жеткізіп, сақтайық. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.

 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз