Өлең, жыр, ақындар

Жарасымды қарым–қатынас

О. Тұрмағанбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай және газ колледжі
Өзін-өзі тану пәні мұғалімі
Байсултанова  Гулим

Сабақтың мақсаты: Қазақ халқының ұлттық дәстүріндегі «үлкен» мен «кіші» арасындағы сыйласымды қарым–қатынасын ұлттық құндылық ретінде таныту.

Міндеттері:
- «үлкен» мен «кіші», «ел ағасы» деген сөздердің мәнін ашу;
- «үлкен» мен «кіші» арасындағы сыйласымды қатысымның мәнін ұғындыру;
- өзінен үлкенді сыйлауға, құрметтеуге, инабатты болуға тәрбиелеу;

Сабақтың көрнекілігі: қанатты сөздер мен дәйексөздер, бейнероликтер, музыкалық таспалар, психологиялық тест, интерактивті тақта

Сабақ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті: (2 мин) - Қайырлы таң, оқушылар! Күніміз сәтті болсын! Әдеттегідей сендермен кездесіп тұрғаныма қуаныштымын. Қараңдаршы, бәрі сондай қуанышты, тамаша күн! Бір – бірлеріңізге қарап, көңілдеріңіз жайдары, ақжарқын екенін байқап тұрсыздар ма?
- Әрине, көңіл күйіміз жақсы.
- Онда сабағымызды үй тапсырмасын тексеруден бастайық!

2. Үй тапсырмасын тексеру:  Өткен сабағымызда адам өміріндегі ең маңызды кезеңнің бірі жалынды жастық шақ екенін айтып өткен болатынбыз.

1. Жалынды жастық шақ дегенді қалай түсінесіз?
2. Жастық шақтың маңызы неде?
3. Жастық шақта қандай қызықтар болады?
Рахмет, жауаптарыңызға.

Шаттық шеңбері

1. Оқушыларға интерактивті тақтадан “Үлкенге ізет, кішіге құрмет” бейне ролигі ұсынылады.

2. Осы бейне роликті көре отырып, аяғында біршама ішкі дүниемізде істің жақсы аяқталғаны үшін жылылық пайда болды. Осындай қарапайым ғана жағдайдан ләззат ала отырып, бүгінгі өтетін сабағымыздың тақырыбы: «жарасымды қарым-қатынас» деп аталады.

   “Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе - оның басқа адамдармен қарым-қатынасы” деп ғұламаларымыз айтып кеткен. Ендеше теңізде балықтай жүзіп, аспанда қалықтай ұшып, жұтар ауамызбен ішер асымыз барда бізге тек қана адам сияқты өмір сүру міндеті ғана қалды. Осы кішкене ғана ғұмырымызда үлкенді үлкен деп, кішіге кіші деп қарап сыйластықта өмір сүргенге не жетсін.

3.  Осы орайда сіздерді шаттық шеңберінде мына бір әуенге қосылып орындауға ұсынамын.

Үнтаспадан Б.Тайлақбаевтың орындауында “Ағаларым” әні тыңдалады. Тақтадан әннің мәтіні беріледі, қосылып айтуға болады.

II. “Пікірлесейік” айдары

“Пікірлесе білу - баға жетпес байлық” деп бірнеше сұрақтарды оқушы назарына ұсынамын.

* Жарасымда қарым-қатынас дегенді қалай түсінесің?

* Кез -келген адаммен қарым-қатынас жасау үшін адамға қандай қасиет керек?

* Осы қасиеттер сіздің бойыңызда бар ма?

Ендеше, айналамыздағы адамдармен қарым-қатынаста сақталуға тиіс қарапайым қағидаларды тізіп көрейік:

  - Біреудің сөзін бөлмеу;

  - Айтатын ойын соңына дейін тыңдау;

  - Өзгенің ойын түбегейлі жоққа шығармай, келіспейтін жеріңізбен, ойға қонымды жерлерін ашып айту;

  - Сөйлескен адамның ойын сыйлау, т.б.

III. Мәтінмен жұмыс.

    - Қазақ халқында үлкен мен кіші арасындағы сыйластықтың ролі ерекше екені сіздерге белгілі. Ол туралы әр күн сайын отбасымызда болсын, қонақта болсын, қоғамдық орындар мен көшеде ата-анамыз ескертулер жасап отырады. Осы тұрғыда оқулығымызда “Оқып үйренейік” айдарында берілген С. Б. Дорженовтың ізімен жазылған мәтінді оқиық.
(баяу ойналған музыка ырғағымен оқушылар кезектесіп мәтінді оқып шығады).

Мәтін.Мұқият тыңдаңыздар!
Мәтінмен танысу барысында оқушылар жастықтың мәңгілік тұрмайтынын, қарттықтың ертең әрқайсысының басына келетінін ұғынады.

IV.Назар аударайық.

«Қазақ баласы амандықтан соң бейтаныс адамның жасын сұрайды. Ол этикет – халық этикасының ең абзал бөлігі. Сұхбаттас адам өзінен үлкен болып шықса, ерте бастан інілік ізгілігімді білдірейін, үлкендік жолын кес-кестемейін деген ниет сездіру. Ал үлкен болып шықса, ағалық кәденің орны бөлек. Ағасын отырғызып қойып, інісі сөйлегеннен безу кенжелеп туғандардың тілін жатықтыру үшін шығарылған жаңылтпаш емес, көргенсіздікке тосқауыл болатын әдептіліктің жанашыры»              С.Ақатай.

V. «Үйлесімділік пен жанжал» тапсырмалар сандығы

1-тапсырма.

Келісетін тұжырымның тұсына белгі қойыңыз:

Жанжал жағдайында көп адамдар:

* дауласып айтысады;

* бірін-бірін түсінуге ұмтылады;

* бір-біріне айқайлайды;

* ынтымақтасады;

* бірін-бірі алдайды;

* бір-бірін зер салып тыңдайды;

*  бір-біріне күдікпен қарайды;

* жеңуге тырысады;

* бір-бірін кешіреді;

* бір-бірінің сандарын соқтырып кетеді;

* жымияды;

* бір-бірімен бәсекелеседі;

* бірге жұмыс істейді және жанжалды шешеді;

* бір-бірінің сезімін түсінуге тырысады;

* басқалардан жәрдем сұрайды;

* бір-бірін кінәлайды;

* әңгімені доғаруға тырысады;

* бір-біріне ашуланады.

Қарап тұрсақ бір ғана дау-жанжалдың аясында қаншама жағымсыз эмоция мен қажетсіз дүниелер жатыр. Осының бәрі сайып келгенде адам денсаулығына әсерін тигізетіні анық.

         Ендеше: қазақта осыған орай мынадай сөз бар:

         «Ашу-дұшпан, ақыл-дос, Ақылыңа ақыл қос»

         «Бір күндік ұрыстың қырық күндік кесірі бар»

         «Сабыр түбі - сары алтын»

2-тапсырма. Оқушыларға ақ және қара парақшалар таратылады. Тақтада ұсынылған сөз тіркестерінен топқа бөліп жіктеуге беремін:

Сыйласымды қарым-қатынас: жұмсақ, икемге көнгіш, келісімпаз, бәріне бас шұлғи беру, қозғалмайтын сабырлы, кішіпейіл, сыпайы, байсалды.

Кедергі келтіруші: от тигендей лап ете қалу, бір сөзге келмей шарт етіп тұтану, қызыл кеңірдек болу, сәл нәрсеге бола ренжу, өзін жоғары ұстау, менмендік, мақтаншақ, ұшып-қонба жеңілтек.

3-тапсырма. “Сіз қандайсыз?” тестін орындау

1. Қоғамдық көлікте дау-дамай басталды. Сіздің әрекетіңіз қандай болады?

А. Қатыспаймын;

Ә. Дұрыс деп тапқан жақты қорғаймын;

Б. Жұрттың назарын өзіме аударып, дауға белсеніп кірісемін.

2. Жиналыста үлкендерді сынайсыз ба?

А. Жоқ;

Ә. Негіз болса ғана;

Б.Кез-келген себеппен оларды ғана емес, соларды қорғайтындарды сынаймын.

3. Достарыңызбен жиі айтысасыз ба?

А. Егер олар ренжімейтін болса;

Ә. Тек кейбір маңызды мәселелер болса ғана;

Б. Айтысуға әрдайым дайынмын.

4. Біреудің кезексіз зат алып бара жатқанын көрсеңіз не істейсіз?

А. Іштей қарсымын, бірақ үндемеймін;

Ә. Ескерту жасаймын;

Б. Алға шығып, тәртіпті бақылауға ала бастаймын.

5. Үйде тұзы аз тамақ берді, не істейсіз?

А. Көңіл бөлмеймін;

Ә. Үнсіз тұз саламын;

Б. Мысқылдап ескерту жасаймын, тіпті тамақты ішпей қоюым мүмкін.

6. Егер көшеде,көлікте аяғыңызды басып кетсе...

А.Кінәлі адамға ашуланып қараймын;

Ә.Оған ескерту жасаймын;

Б.Түрлі сөздер айтып ұрсып тастаймын.

7. Егер сіздің жақын адамыңыз сізге ұнамайтын затты сатып алса...

А.Үндемеймін;

Ә.Сыпайы ғана түсіндіремін;

Б.Айқай-шу шығарамын

8. Егер сіз бәсекелескен ойыннан ұтылсаңыз не істейсіз?

А.Мән бермеуге тырысамы, бірақ іштей енді ешқашан қатыспаймын деп уәде беремін;

Ә.Өкінемін, бірақ әзілмен қарымта қайтаруға уәде беремін;

Б.Біразға дейін көңіл-күйім бұзылады.

 

Тест кілті:

“А”- 4 ұпай; “ә”- 2 ұпай; “Б”- 0 ұпай

Жинаған ұпайларыңызды қосыңыз.

22-ден 32-ге дейінгі ұпай. Сіз әдепті және ынтымақшылсыз, айтыс пен жанжалды болдырмаудың, ұжым мен үйдегі қиын жағдайлардың алдын алудың жолын білесіз. Сондықтан сіз көнгіш адамдар қатарына жатасыз. Батылдыққа, тікелей бетке айтуға үйреніңіз.

12-ден 20-ға дейінгі ұпай. Сіз жанжалды ұнататын адамсыз. Алайда жанжалдасуға басқа амал қалмаған жағдайда барасыз. Сіз қызмет жағдайында немесе достық қарым-қатынасқа әрекет етеді деп ойламастан өз пікіріңізді барынша қорғайсыз. Дегенмен, тіл тигізгенге дейін жетіп шектен шықпайсыз. Сізді сол үшін сыйлайды.

10 ұпайға дейін. Дау жанжалсыз өмір сүре алмайсыз. Басқаларға сын айтқанды ұнатасыз, бірақ өзіңізге сын айтқанды тірідей жеп қоюға барсыз. Сіздің сыныңыз пайда үшін емес, сын үшін, сіздің шын достарыңыздың аздығы содан емеспе пе? Қысқасы, шатақ мінезден арылу керек.

YI. Сабақты қорыту.

1. Діни қағидаларда адамдар арасындағы қарым-қатынасты анықтайтын әмбебап ұстанымдар:

   Христиандық: Өзіңе жақынды, өзіңдей жақын көр

   Буддизм: Өзің зұлымдық деп есептейтін нәрсені, басқаларға жасама

   Индуизм: Сені қинайтын нәрсені өзгеге жасама

   Даосизм: Жақын адамның табысын өзімнің табысым деп ойла, оны     жоғалтқаның-өзіңнің жоғалтқаның деп сана

   Ислам: Өзіне тілеген тілегін өзінің бауырларына тілемеген адамды Құдайға сенетін адам деуге болмайды.

2. Қабуснамадан:

Ей, перзентім, ата-анаңды ешқашан ренжітуші болма...

Олардың көңіл-күйіне қаяу салып, қапаландырма.

Сені жан-ділімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата-ананың көңілін қалдыратын құйттай іс жасасаң, сен ешқашан да жақсылыққа лайықты жан емессің, өйткені кімде кім ата-ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығында бағаламайды. Егер сен, өз перзентім құрмет қылсын десең, сен де ата-анаңды құрметте, сен ата-анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Перзент- жеміске, ата-ана- жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де дәмді, жақсы болады. Сол сияқты ата-анаға деген ізгі тілегі қабыл болғаны.

3. Әрбір отбасындағы сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Отбасында әуелі сенім мен сезім, СҮЙІСПЕНШІЛІК пен сыйластық болса, олардың жарастығы жарасып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, жеңіп, бақытқа жете алады.

Жүректен жүрекке

Бөлтірік шешеннің өлеңі оқылады.

Үлкен алдында иіліп сөйле,

Кіші алдында сызылып сөйле.

Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,

Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз