Өлең, жыр, ақындар

Бала тәрбиесі

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы
«Қарқаралы қаласындағы Мәди Бәпиұлы атындағы №44 ЖОББ мектебінің
базасындағы тірек мектебі (РО)» КММ интернат тәрбиешісі
Мұсабекова Әсел Жеңісқызы

 

Жалғыз білім үйретуге емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру керек.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдет-ғұрпымыз, жол-жоралығымыз бар. Қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етіп, оны тәрбиелеуде. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да толып жатыр. Ата-аналары күн ұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан балаларымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар.

Мектеп жасындағы балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.

Бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, балаға ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру-басты борыш.

Үшінші кезең тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір  балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор  ата-ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

Менің мақсатым өзінің құқығы мен міндеттерін анық сезінетін, бүгінгі күннің мүмкүндігін білетін, әлеуметтік кеңістікте таңдаған ұстанымын іске асыра алатын сауатты, өзінің іс-әрекетіне мақсат қоятын, оған жету жолдарын жоспарлайтын, өз әрекеті мен оның нәтижелерін бағалай білетін әлеуметтік тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Сондықтан тәрбие жоспарын құрғанда халықтық салт-дәстүрді ұтымды пайдалана білуіміз керек деп ойлаймын. Тәрбиелік мәні бар салт–дәстүрлерді бойына сіңіруге баулуымыз керек. Мектептегі барлық тәрбиелік шараларға саналы түрде белсенділікпен қатысу үшін үздіксіз жұмыс жүргізуіміз қажет деуге болады. Тәрбие жұмысында әр баланың жеке даму ерекшелігін еске алған жөн. Демек, тәрбие жұмысын жаппай жүргізіп қана қоймай, онда балалардың дербес ерекшеліктерін де еске алу керек.

Тәрбие әдісі – тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байлайыс іс-әрекеттерінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсілдері.

Өз халқын сүйе білген жас адамдардың бойында ұлттық намыс та, ұлттық рух та, жарасымдылық та молынан табылады. Жас өскін талшыбық сияқты. Оны аялап-мәпелесең, бәйтерек болып өседі. Саналы да тәрбиелі болып өссе, терең білім алса, жоғарыда айтылған өрелі міндет биігінен көрінеріміз хақ.

Ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай заман ағымынан қалмау-уақыт талабы. Өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетіміздің тірегі жастар! Ал біздің жастарымыздың баянды болашағына сеніміміз мол!

Шынында да, біз балаларға білім нәрімен сусындатып, оқуға бағыттау үшін алдымен өзімізді-өзіміз танып алуымыз керек. Мұғалім – мектептің негізін қалаушы деп тегін айтылмаған ғой. Ал мұғалімнің рухани ішкі жан – дүниесі өзгерген кезден бастап, мектеп те түгелдей өзгеріске енеді деп сенемін.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар