Өлең, жыр, ақындар

Әлеуметтік педагогтың отбасының тәрбиелік әлеуетін көтеру бойынша қызметі

Кеген ауданы Кеген ауылы ОПМПК №7
Әлеуметтік педагог: Әбілқайыр Темірхан

Қоғамдағы барлық оқыту және тәрбиелеу іс — әрекетімен шұғылданатын әлеуметтік институттардың ішінен отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Өйткені, балалардың алғашқы өсіп — өнуі, қалыптасуы, әлеуметтік қарым–қатынасы, байланыстары, іс–қимылдар мен мінез–құлық нормаларын меңгеруі отбасынан басталады. Отбасы бізге белгілі баланың адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін, жеке қабілеттерін дамытып, белсенділікке, шығармашылыққа, жігерлі, қайратты, адал болуға тәрбиелейді.

Адамзат баланың адам ретінде қалыптасуында тәрбиенің негізгі ата-анадан деп есептегенімен, жүрген ортаның, ағайын-туыстың, жора-жолдастың, жанұяның, ең әуелі туған жердің табиғатына дейін әсер тигізетіні рас. Бұлардың бәрін, ержетіп, азамат болуда ықпал етер шартты жағдайлар деп бағаласаң, көгеріп, көркейіп өскен жастың жанына азық, бойына қуат, өнеге беретін аялы алтын дінгегі — әке-шешесі, ұрпағы отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Сондықтан да, мұғалім мен отбасының тығыз қарым–қатынаста болуы міндетті және отбасы мәртебесін биіктетуі шарт.

Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда отбасының мынадай төрт түрлі мәртебесі бар: әлеуметтік–экономикалық, әлеуметтік–психологиялық, әлеуметтік–мәдени, және ситуативтік міндеттер.

Мұғалім отбасы мен жұмыс нысаны барысында–балалар, жастар, ересек адамдар, қарттар жалпы отбасының барлық мүшелерімен жұмыстанады.

Отбасымен жұмыс жасай отырып, оларға: білім алуға, оқуға, психологиялық көмек алуға жәрдем береді.

Сондықтан педагог ата–анамен ( отбасы мүшелерімен) мынадай іс–шаралар жүргізеді:

—  тәрбиелеуде балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескеруді   қаперінде ұстау,

—  ата –аналардың тәрбиеде ( бала тәрбиесінде) жіберген қателерінің себеп, салдарымен мәлімет беру және айғақтар мен дәлелдер келтіру арқылы дұрыс тәрбиенің мәнін ашып көрсету және  нандыру,

—  оқу, еңбек, ойын, демалыс және бос уақытын дұрыс пайдалану бойынша кеңестер беру,

—  жастайынан, әуелі санасыз, еліктеу арқылы пайда болатын жаман әдеттер: масайту ішімдігіне әуестену, шылым шегу, нашақорлыққа еліктеудің алдын алу шараларын үйрету.

Мұғалімнің әке–аналарға беретін көмегі, ақыл кеңесі баланы тәрбиелеудегі мақсат пен міндетті түсіну, оның мүддесін қорғап қажеттенуін қанағаттандыру, отбасы мүшелерінің ой санасына, ақыл–кеңесіне ықпал ететін әңгімелер өткізу басқа да іс–шаралар ұйымдастыру осы қызметтің пәрменділігін көрсетеді. Салауатты отбасымен жүргізілетін әлеуметтік педагогикалық көмектің тағы бір аса маңызды құрамды бөлігі–психологиялық көмек. Психологиялық болсын, әлеуметтік–педагогикалық болсын  дерлік тәрбиенің дұрыс қалыптасуы  ұстаз, бала, ата–ана еңбегімен байланысты. Береке бірлікте жұмыс істеп, бұзылмайтын, айнымайтын тәртіпке бас игенде ғана іс оңға баспақшы. Әр отбасы ата тегінен келе жатқан кәсібін, өнерін, атқарған еңбегін құрметтеп, оны кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге еткен, бірлесіп атқарған пайдалы-қоғамдық еңбек барысындп адамгершілік қағидаларды қатаң сақтап, дамытып отырған, ұрпағына ақыл-кеңес беріп, ата кәсібін құрметтеп, қалыптасқан дәстүрді жетілдірген.

Туыстық, отбасылық (әлеуметтік) қатынастарды бала кезінен қалыптастырғын. Демек, әр отбасында түрлі қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады. Салауатты отбасы — өркениетті қоғамның талабы. Қазіргі заманғы отбасы тәрбиесінің жағдайына әлемдік деңгейде мән беріліп отыр. Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениеттілікке жеткізу, ең алдымен, әр отбасындағы өмірді дұрыс ұйымдастырудан басталмақ. Отбасында түрлі қарым-қатынас қалыптары көрініс береді.
Отбасылық тәрбие–ата-аналар мен туыстардың күшімен нақты отбасындағы қалыптасқан тәрбие мен білім беру жүйесі.

Отбасының негізгі міндеттері:
•    Баланың өсіп дамуына, толық жағдайлар жасау;
•    Балаға әлеуметтік-экономикалық және психологиялық қорғаушы болу;
•    Өз халқының этно-мәдениетін дәріптеу;
•    Баланың адамгершілігін дамытуға мүмкіндік жасау.

Отбасылық тәрбиенің негізгі принциптері:
•    Өсіп келе жатқан адамға қайырымдылық және мейірімділік көрсету;
•    Балаларды жанұя өміріне енгізу,ақылшы ретінде қарау;
•    Балалармен ашық жіне сенімділік қарым-қатынас құру;
•    Талап қоюда жүйелілік жасау;
•    Өзінің баласына шамасына қарай көмек жасау, сұрақтарға жауап беруге дайын болу;
•    Ұрып-соғу,жазалауға тосқауыл жасау.

Міне, отбасы осы міндеттер мен принциптерге сүйеніп еңбек еткенде ғана ұрпақ тәрбиесі дұрыс бағытта өрбиді.

Отбасы- адамзат қоғамының шағын бейнесі. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі- дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі- дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру.
Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы мейірімділік пен махаббат қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің береке-бірлігі, түсіністікті сақтауы, сонымен қатар әр отбасы мүшесінің құқы қорғалуы тиіс.

Мұндай талап-тілектерді ата-аналар түсінбейді деуден аулақпыз. Өкінішке орай жағымсыз жағдайлар да кездесіп жатады. Мұның өзі қайсібір ата-аналардың тәрбие жұмысына дайындығының кем болуынан, баланың мінез құлқының дамуы мен оның құқықтарын түсіне білмеуінен,ал кейде өздерінің қоғам алдындағы жауапкершілігіне мән бермейтіндігінен болса керек.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңындағы 21- бапқа сәйкес «әрбір бала отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқылы, өзінің ата-анасын білуге, олардың қамқорлығы мен тәрбиесін алуға құқылы» деп жазылса, Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27- бап, 2- тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу–ата-анаың табиғи құқығы, әрі парызы» делінсе, «Қазақстан -2030» бағдарламасында

Егер бала ата-анасының ақылды, әдепті, ұқыпты, аса байыпты, білімді екеніне сенетін боса, ол бала үшін үлгі өнеге. Әрі ата-анасын сыйлап, құрметтеу арқылы үлкендерді қадірлеп,кішілерге қамқор болады. «Балаға бес жасқа дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дейін құлыңа сана, он бес жастан соң досыңа бала»,- деген қазақтың дана сөзі көрнекті чех педагогы Ян Коменскийдің: «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, содан соң ақыл-парасатқа, ең ақырында нағыз пайдалы ғылымға баулу керек»- деген пікірімен мазмұндас келуінде үлкен мән мағына жатыр.
Жақсы қасиет пен жаман қасиетті бала басқа жақтан алмайды, көбіне ол отбасында көргенін қайталайды. Ата-ана–отбасының жүрегі. Олар өнегелі ісімен, ар тазалығымен бала болашағын қалыптастырады. Халқымыздың кемеңгер ұлы Мұхтар Әуезов былай деген екен: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі-өнеге, білетіндігінен… Көпшілікті адамшылдыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақсылап тәрбиелеу қажет». Ал, осы жас буынды тәрбиелеуді отбасынан бастап және мектептегі тәрбиемен ұштастыра отырып ғұлама даналар айтқандай, қандай қасиеттердің қажет екенін балаға дер кезінде сіңіруіміз керек.

Мектеп және отбасы–біздің жарқын болашағымыздың бастауында тұрған екі қоғамдық институт. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: «Тәрбие мен білім ажырағысыз. Білім бермей тәрбиелеу мүмкін емес, ал білім тәрбие арқылы ғана бойға сіңеді» десе, біз тәрбие мен білімнің отбасында жатқанын ұғынуға тиіспіз.

Отбасының кішігірім мемлекет екені адамзат қоғамында әлдеқашан дәлелденіп, мойындалған аксиома. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы педагогикалық қана емес, мемлекеттік мәселе. Себебі екеуі де мемлекетіміздің азаматтарын тәрбиелеп, әлеуметтендіріп, қалыптастырып беретін әлеуметтік институттар.

Мектеп  пен отбасының  арасындағы ынтымақтастық шынайы болып, қоғамдық сипат алмайынша оқу–тәрбие процесінде жоғары сапаға қол жеткізу, ұрпақ тірбиесін оңалту мүмкін емес. Қазақстан Республикасындағы педагогикалық ынтымақтастық негізінде тәрбиелік, дамытушылық міндетін ойдағыдай атқарып жүрген үлгілі отбасылары мен мектептер аз емес. Ата-аналармен мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде талай ұрпақ мектептен түлеп ұшып, өмірден өз орнын тауып келеді. Екі жаққа да үнемі қозғау салып отыратын бұл процесс үздіксіз де мәңгілік.

Ата-аналар еңбегі–өте ауыр еңбек. Бұл еңбек барлық күш жігерді, адалдықты, адамгершілікті, мейірімділікті, шыдамдылықты, ізденісті талап ететін еңбек екенін ата-аналары да, балалары да түсінді.

Айналаңа қорғандай бол-деген қағиданы берік ұстанған ата-бабаларымыз өз ұрпағын «адам, азамат» деген атқа лайық етіп өсіруді мақсат еткен. Ал, отбасындағы қарым-қатынас мәселесі баланы жалпы азаматтық құндылықтарды түсінуге жетелейді, өмірдің алуан түрлі қыры мен сырын, тынысын танытып, талғамға, әдептілікке, жауапкершілікке баулиды. Ұлы педагог Ы.Алтынсарин: «Жас уақытта көрген тәрбие, оқыған оқу тасқа жазған жазудай кетпейді» -деп ата-ананың, отбасының бала тәрибесіндегі орнын атап көрсеткен болатын. Ендеше тәртіптің ең тамаша мектебі- отбасы. Бала тәрбиесінің алғашқы  алтын қазығы туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі.
 
 
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н. Ә. «Қазақстан — 2030» Ел басының Қазақстан халқына жолдаған стратегиялық бағдарламасы.–Алматы: Білім, 1997. -256 б.
2. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім–тәрбиесі.–Алматы: Санат 1995. 81 б.
3. Қоянбаев Ж. Семья және балалар мен жеткіншектер тәрбиесі.–Алматы: Рауан, 1990.–234 б.
4. Сыныптан тыс тәрбие журналы №5, 2007 жыл


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар