Сары парақ – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Сары парақ» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 1
  • 4573
Дүбірлеткен далада,
Қыраттарда
Қызығамын құлан мен құр аттарға.
Қызығамын
Қияға шығып алып,
Мүйіздерін қасысқан лақтарға!
Демеймін мен аңшыға өлтіріп бер
Көз алдыңа онан да келтіріп көр:
Маған сондай ұнайды
Боз далада
Бірін-бірі аунатқан бөлтіріктер!
Көремін деп қызығын сабаздардың,
Көк теңізге,
Көлге де біраз бардым...
Маған сондай ұнайды
Үрпиісіп
Шекіскені балапан қораздардың.
Қуанып та,
Қайғырып, күрсініп те,
Ыстықтап та,
Тоңазып, түршігіп те,
Өмір бойы келемін қызығумен
Табиғатқа,
Табиғи тіршілікке!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

Назерке

Өте керемет

Осы автордың басқа өлеңдері