Ая қыз
Тыңда, жас балалар,
Тыңда сен де бөбегім.
Төгілсін ақ моншақтай
Сендер үшін өлеңім.
Тыңда сен де, анажан,
Нәзік жүрек балажан,
Мынау жырым ұнай ма?
Бірақ та сен мұңайма.
Бал бөбегім, балашым,
Тек балдырған Ая үшін,
Жүректерің балқысын,
Аяны тек аясын!
Украина қызы еді
Менің ерке Аяшым,
Днепр ғой бесігі
Аялатқан ағашын.
Әлдилейтін бөбегін,
Жайқалатын талдары.
Әлдилейтін бөбегін,
Сызылта шырқап өлеңін,
Сұлу бұлбұл таңдағы.
Паналап өзен аясын,
Өскен еді қыз бала —
Кішкентай ғана Аяшым.
Бар еді үйі сол маңда,
Қалың нулы орманда,
Аз ғана бір қыстақта
Қыстақ бұрын қыспаққа
Қысылмаған, түспеген,
Ойын ойнап жас бала,
Үлкендер жұмыс істеген,
Сол елде таң-тамаша
Еркелеп жас балаша,
Өскен еді Аяжан,
Әке, шеше қолында
Әжесімен балажан.
Балбыраған Аяшым
Бала еді бір нәресте,
Жасы жеткен он беске.
Қызбын деу жоқ әлі есте,
Шапағымен шаттықтың
Мәз - мерейін өрлетіп
Қалып еді ер жетіп.
Күлкісі күміс төгілген.
Кіршіксіз таза көңілмен
Ойнаушы еді жас бала,
Алақ болмай басқаға.
Днепрді шу басты,
Толқындары шуласты.
Өрт алып көкше өзегін,
Түтін жапты өзенін
Батыстан, түнек жақтан
Түксиген бетін қан жапқан,
Келді неміс албасты,
Дауылдатып, шаңдатып,
Қақтыққанды қанға атып,
Тыныш елмен жауласты,
Көк ала тұман басты да,
Бомбаның түсті астына,
От оранды осы өлке —
Ая тұрған поселке...
Жатыр еді Аяжан
Төсегінде маужырап,
Күтірледі әлде не
Кеткендей бір тау құлап,
Селкілді үй іші,
Сатырлады төбесі.
Жарқылдаған жақыннан
Оттың түсті елесі.
Сезігі бала осыны,
Ұйқысынан шошыды.
Шошып Ая төсектен
Шыр етіп бір тұрғанда,
Көзі түсті үйдегі
Көк ала түтін тұманға.
Үрей салды даладан
Айғай-сүрең шулар да.
Соны көрген Аяжан
Әжесін іздеп балажан.
Естісін деп құлағы,
Айғай салып жылады.
Естіп даусын Аяның,
Әжесі келді қасына.
Құшақтап алып Аясын,
Былай деді асыға:
«Партизан болды ата-анаң,
Алысуға жауменен.
Қара құрттай қаптаған,
Қалың екен жау деген,
Солар бізді қаптады
Солар бізді атқалы,
Келе жатыр, кетейік,
Бір тасаға жетейік».
Жетектей ала Аяны,
Кемпір шықты далаға.
Көк ала тұман, көк түтін,
Атылған оқтар далада.
Зуылдады аспаннан
Бомбалары тасталған.
Танкілері қаптаған,
Қақтыққанды таптаған.
Қара түнде шұбырған
Өңшең қанды найзалы.
Жалақтаған көшеде
Фашистің сұм айуаны.
Сорлы да кемпір әлі кем
Қорықпай соның бәрінен:
Оқ пен оттан түтеген
Көк ала түтін арасын
Тасаланып жөнелді,
Жетектей ала Аяшын —
Қалған жалғыз баласын;
Қалың орман ішінде
Бар еді бір қара үңгір
Жамылған орман ағашын,
Апарып соған сақтады,
Көрсетпей жауға қарасын.
Келген жаудың ішінде
Қасқырдай сүр пішінді,
Бар еді бір әумесер,
Есалаң сұм офицер,
Шулатып бұл маңайды,
Өлтірген сол талайды.
Қанды балақ сұм еді
Қара бұлттай түнерген.
Бір қыз бар деп тамаша,
Сол естіпті біреуден.
— Қайда екен ол қыз?— дейді,
Сол қызды сұм іздейді.
Қыз дегені бала еді,
Біздің ерке Ая еді,
Көрінбей фашист сұмына,
Жатушы еді тығыла.
Аңдып ізін торыған
Келді екі сұмырай.
Жатыр еді Аяжан,
Сүйрей ала жөнелді
Дедектетіп қолынан.
Бебеу қағып әжесі,
Бірге кетті соңынан.
Алып келді бір үйге,
Есалаң сол әумесер
Қаны бұзық офицер,
Оны көріп Аяның
Өне бойын басты үрей.
Екіленіп сөйледі,
Жынды офицер, мас дүлей
«Көзің қандай тамаша?
Бойың неге аласа?
Айтқаныма көн!—дейді,
Жүрме былай балаша!»
Естіді де осыны,
Ая байғұс шошыды,
Қалтырады денесі,
Жаз жүрегі мұздады,
Біліне қалды жүзінен
Қыздың реңін бұзғаны.
Жалт бұрылды артына,
Ыңғайланып қашуға.
Есік қатты бекілген.
Әл келмеді ашуға.
«Әже!»— деді дауыстап,
Әжесін қапты жау ұстап.
Таңертең ерте қағылды
Үрейлі дабыл .алаңда
Ажал үні шыққандай.
Қалмады үрей адамда,
Жиналды жұрт алаңға:
Қалған кәрі, жас бала.
Бар екен деп не сұмдық?
Қайғы болды басқаға.
Қолын байлап бір кезде
Алып келді Аяны,
Қан-қан болған сорлыны
Көргенде жұрт аяды.
Ортаға әкеп орнатты
Ұзын дөңбек қарағай.
Қарағайдың үстіне
Керосин құйды жағалай,
Әкеліп соған байлады,
Ая қызды бір неміс.
Қасында тұр офицер,
Серігі сұм теп-тегіс.
Күлісті де қарқылдап,
Былай деді барқырап:
— Енді мені сүйесің!
Сүймесең отқа күйесің!..—
Деді де есер от қойды.
Қарағайдың басына.
— Сүйсең қазір босатам,—
Деп, келді қыздың қасына.
Қалтырады жас бала,
Жанған оттан жасқана,
Есалаң сұм әумесер,
Есер неміс офицер,
Келді тағы: «Сүй!»—деді.
«Мені қазір сүймесең,
Осылай отқа күй!»— деді.
Күйер деп оны аямай,
Лапылдап жанды қарағай
Жалыны шықты аспанға,
От өршіді, таяды,
Өртеуге жас Аяны.
Сонда да Ая сүймеді,
Неміске басын имеді.
Тек қана шыққан зарлы мұң
Елдегі жанның барлығын
Елжіретіп тұр еді,
Келді бір кез әжесі,
Сол еді жалғыз дәмесі,
Келе байғұс еңіреп
Ұмтылғанда құшқалы,
Жібермеді, ұстады.
Офицер, сұм есалаң:
«Сен үшін қызың кекті»,— деп,
Ананы ұрды тепкілеп.
Жығылса да қарт ана,
Тайынбай сұмды тілдеді: —
Қарғыс атқан жалмауыз,
Бізге де туар күн,— деді.
Аяшым, сен тыңдағын,
Келе жатыр ұлдарым
Құтқаруға біздерді,
Құртуға неміс сұмдарын,
Келеді әне, естідім
Азаттық толқын шуларын,
Аяжан, саған келеді,
Саған ерік береді!
Анаға сол кез оқ тиді,
Бір тимеді, кеп тиді.
«Аяшым!»— деп бір ғана,
Өліп кетті сорлы ана...
Дүрілдей түсті қарағай,
Жалыны шарпып жағалай,
Жыландай орап Аяны,
Күйдіруге таяды...
...Көнбеді Ая басты иіп,
Түкірді де бетіне,
Тұра берді қасқиып.
Дүрілдеп жанған қарағай
Қаптай түсті денесін,
Әлдененің елесін
Көргендей сорлы қыз,
Қарай қалса алыстан,
Қаптаған қол шығыстан,
Екпіні оттай дүрілдеп
Келе жатыр дүбірлеп.
Соны көріп сұмырай,
Май құйды отқа жағалай,
Жансын деп тез қарағай.
Өртенсін деп бәрі де,
Жас бала мен кәрі де,
Сөйтті де зыта жөнелді,
Көрінген соң қалың топ,
Бірақ қыздың денесін
Шарпи түсті жалынды от.
Сол көрінген қалың топ
Қызыл тулы айдынды
Советтік біздің Армия
Жауға қарай жаудырды оқ.
Үлбіреген жас дене,
От тигенде, сескене,
Ыршып ала жөнелді,
Есі кетіп, ештеме
Көрінбей кетті көзіне
Отқа күйген Аяның
Секіре басып аяғын,
Ұстатпай қашты ешкімге,
Безек қағып ұшты да,
Өршіген отпен үстінде,
Днепрге шөмп етті,
Жардан құлап түсті де
Долы өзен тасыды.
Тасуы еді ашулы,
Толқыны баяу тынды да,
Шулары сәл басылды.
Жас Аяны құшақтай,
Толқындар жасын моншақтай
Төкті де сыңсып ән салды.
Теңселіп орман шайқалды.
Толқынның баяу үніне
Естіген жұрт тұнжырап,
Мүлгіді орман гүлі де,
Бөленіп қалды толқынға,
Өлі ме, Ая тірі ме?..
Тербетті толқын Аяшын,
Тербелген сол Ая үшін
Днепр суы күркіреп,
Кек алуға жан қия,
Артынан қуа жөнелді
Айбынды Қызыл Армия.
Бүрісе қашқан тағыда —
Фашистің сол сұмына,
Кек сүңгілер жарқылдап,
Жұдырықтар жұмыла,
Зуылдап оқтар ағыла,
Қырылған жас бала үшін,
Отқа күйген Ая үшін,
Кек айналды жалынға
Бөбектердің жауына!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі