Көктем фрагменттері
I
Күлімсіреп туды көктем тағы да,
Жауды жаңбыр менің Алатауыма.
Қарындасым күле қарап көгіне,
Бара жатыр құмға гүлдер егуге.
Білем, шалқып сол бір гүлдер өседі,
Желбірейді қырдың қызыл шешегі.
Қырға шықты Кореяда сондай қыз,
Сол бір қыздың бүгін жырың толғаймыз
Ол да өзінің қырларына қарады,
Қарады да күлімдеді қабағы.
Төбесінен атылды да оқ соңғы,
Даласында дүрілдеген өрт сөнді.
Өрт ішінде дедек қағып жүр еді,
Лүпілдеді қыздың нәзік жүрегі.
Гүл егем деп қырына қыз жүгірді,
Қыздың гүлі — жырдың гүлі бүгінгі.
II
Жамырасып суы Дон мен Волганың,
Теңіз күшпен халқы бүгін толғады үн.
Күлім қағып малшы жігіт құмдағы
Қуанышпен толқын шуын тыңдады...
Кәрі араб сол күн түйді қабағын,
Оқтар шырмап Суецтің каналын.
Бүгін онда масайрады ағылшын,
Арабыңды сұм ағылшын не қылсын?!
Даласында бүгін ұйтқып тас тұман,
Қарт арабтың қас-қабағын басты шаң.
Шығыс елін бүгін қатты зіл ұрып,
Жат сұмдарға тұр түйіліп жұдырық...
III
Бүгін жаңа үндер есті кең үйден —
Колхозыма келді қонақ Делиден.
Кеудесінде кек қайнаған тым күшті
Көрдік бүгін кәрі ашулы үндісті.
Айттық сырды, таңғажайып тың бәрі,
Үндіс қонақ құлшына бір тыңдады.
Ән шырқадық, орыс, қазақ қостық үн,
Жырладық біз халқымыздың достығын..
Қайғы шекті сол күн неміс қарт ана —
Берлинінде шекара бар ортада.
Айрылғандай езінің қарт жүрегі,
Сол ананың құп-қу болып тұр өңі.
IV
Бүгін менің көршімде бір ұл туды,
Көзі нұрлы, шашы қара толқынды.
Қуандық біз, кешке тойға жиылдық,
Нәрестеге жырлар жетті құйылып...
Кенет Эфир тітіренді, күңіренді,
Сол күн шеттен шымырлап бір мұң келді
Қып-қызыл қан сол күн басты Афинды,
Белояннис сұм қолынан атылды.
Айтып нәлет сол бір ердің жауына,
Кең кеудеміз кетті толып жалынға.
Ол өлмейді, білем оның жүрегін —
Жалындатқан Греция түнегін.
Көзі нұрлы, шашы қара толқынды,
Өлерінде күліп қарап ол тұрды.
Мүмкін осы нәрестені ол керіп,
Күлген шығар қара көзін төңкеріп.
Күлген шығар қуанышты сезіммен
Үміт алып барлық туған сәбиден.
Ұмытпасын осы бала сол ерді,
Болсын бұл да сондай батыл, жігерлі.
Алсын соның жүрегінің сипатын,
Белояннис деп атайық біз атын.
Бүгін мүмкін Греция жерінде
Келген шығар талай сәби өмірге.
Туған шығар талай бала әлемде
Талпынуға зор бақытқа, өнерге:
Солардың қас жауларына зіл жайып,
Кектің даусын бар әлемге шырқайық.
Сол дауыстан жауыз біткен қалтырап.
Бейбіт күні жайнай берсін жарқырап!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі