Бөген қыздары – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Бөген қыздары» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1701
Мынау қара тереңнен
Алды ма екен әз көрік,
Қыздар туған Бөгеннен
Ылғи қара көз болып.
Қарай қалса қиын-ақ,
Көп сыр айтар тілдеспей,
Бар еркіңді жиып ап,
Енді қайтып берместей.
Солар ма екен жылытқан
Сақтап ыстық бар күшті,
Боран, дауыл, суықтан
Оралғанда балықшы.
Әйтеуір бір ғажайып
Жігіттері көңілді-ақ.
Жүрсе де ұзақ ау жайып,
Аптада бір дамылдап.
Ақ балықты алды олар
Иыққа асып, именбей,
Күн астында кіл сұлу
Күміс тасып жүргендей.
Қасында өтсе күн мен ай,
Қалмас көңіл ызғары,
Жақсы екенсің, дүние-ай,
Шіркін Бөген қыздары!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері