Өлең, жыр, ақындар

Теңіз балладасы

  • 25.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1883
(Аңыз)

Ғашығын тосып, қайғырған
Көзінен жасы тамшылап,
Алыстан, сонау айдыннан
Әр толқын келсе, жөн сұрап,
Жағада тұрды қыз байғұс,
Ажары күнмен таласып.
Қанаты суық мұздай құс —
Үстінен өтті әрі асып,
О, сұмдық, не еді сонау құс,
Басынан ұшқан бақыт па!
Күткелі көп жаз, талай қыс,
Зымырап өткен уақыт па!
Дегенше болмай, жел тұрып,
Ұшырды қызды жартастан.
Толқын да, қыз да бұлқынып,
Аз ғана бір сәт айқасқан.
Белгісіз есім, аталды ат,
Жан дауыс, соңғы үн шықты.
Бір уыс маржан — махаббат,
Теңізге батып, тұншықты.
* * *
Жағаға күнде жиналып,
Тасбиық тартқан татарлар,
Күңіреніп, жылап, қиналып,
Аллаға жаббар, айтқан зар.
Қырымның қоңыр таулары
Теңізге қалған үңіліп.
Миуалы бақша-баулары
Жемісін шашқан, бүлініп.
Жолына қыздың құрбандық
Шалынған мал, жан мыңдаған.
Алыстан Алла құр қалғып,
Арызды шала тыңдаған.
Сол күні, — дейді, — теңізге
Қыз әкесі ау сапты.
Тауыпты жолай, еңісте
Үзіліп қалған моншақты.
Жалт қарасы, айдынға
Асылып қалған бір білек.
Алыста көздің алдында
Ағынды асау тілгілеп.
Барып та барып, шым батқан,
Жерінде иірім тұрды сәл.
Ышқынып мана үн қатқан
Қызы екенін білді шал.
Қиырда сонау ырғалып,
Жететін жерде көз сөніп,
Бір нүкте, бәлкім, бір қайық
Тұр еді дейді теңселіп.
Аздан соң нүкте үшеу боп,
Тағы да қайта табысқан.
Қууға қайық мешеу боп
Жағаға келіп жабысқан.
Қарғап та тілеп тұрмысты,
Болыстық таппай жалғаннан,
Толтырып жасқа уысты,
Сақалын жұлып шал қалған.
Теңіздің тентек толқынын
Жасынан сүйіп жастанған.
Бақытын тонап жолшының,
Жүрегі жұмыр тас болған.
Тағдырын суға тапсырып,
Талайын судан іздеген.
Жіберсе теңіз басқа ұрып,
Үмітін содан үзбеген.
Дауылдар оны үркітпей,
Қайығын күнде салатын,
Толқынға қонған бүркіттей
Қаусырып темір қанатын.
Іздері әмән жем еді,
Теңізден қырға атылып.
Қалтылдақ ыс бір кемені
Тонайтын терең батырып.
Бір күні қызға жолықты,
Жүргенде жайнап, күш сақтап,
Жамылып толқын ол күтті,
Денеге көзі түсті аппақ.
«Қарақшы жолы боларда,
Қара жел серік» — дейтұғын.
Әкелді қызды сол алға,
Жайындай жемін жейтұғын.
Қара бір шеңгел қаңбақтай,
Қақты да қызды, жоғалтты.
Тұншықтырмай, аунатпай
Әкете барды сол әккі.
«Әкепті біздің қанішер,
Сұлуды сүйіп, өбектеп,
Мекені қыздың — алыс ел,
Қырымнан болса керек!» — деп.
Жағасына айдынның
Ауларын жайып кептіріп.
Бірінде бейбіт, жай күннің
Айтысты аңыз кеп түрік...
* * *
Арада жылдар аунақшып,
Осынау жүйрік толқындай,
Айдың бір басын ай қақшып,
Аға да берді күн тынбай.
Дүниеге келді бір перзент,
Нәр алып өмір-бұлақтан,
Ай әлдилеп, күн тербеп,
Толқындар оны жұбатқан.
Туған ел, алыс жағалау
Алмай да көзін бір содан,
Артында аңдып зұлым жау,
Анасы байғұс шаршаған.
Ұшса да жалғыз шағала
Сәлемін айтып зар жылап,
Жапанда, жалғыз жаға да,
Алдында сәби маужырап.
Айдынның ащы суындай
Жасымен құмды суарып,
Ойлайтын нелер бұл ұдай,
Көретін қандай бір жарық.
Шалынса көзге бір желкем,
Түтіні көкте будақтап,
Жүгірер еді күнде ертең
Сәбиін шапшаң құндақтап.
Дариғай, ыстық туған жер,
Біресе асыл ана боп,
Біресе жұпар, көк нөсер,
Біресе жайсаң дала боп.
Біресе ыстық бала боп,
Біресе жалын жар болып,
Біресе қорған, пана боп,
Біресе азық, нәр болып.
Жер жүзіндегі асылдың
Бәрі болып, бар болып,
Құртасың ғой жүректі,
Көре алмай қалсақ — зар болып!
Қырсықты тағдыр. Қырсық көп,
Жауады күнде жауындай.
Үзілді үміт быт-шыт боп
Балықшы әке ауындай.
Сонау бір Қырым таулары,
Қыдырған әсем баулары,
Арбады жанды, арбады,
Шыдауға дәті қалмады.
«Құрбылар қалды-ау, жар қалды-ау,
Өмірім болдың неге жем?
Миуа теріп барған тау,
Күлісіп қайтқан көк өзен.
Бұрқырап жатқан «Ұшан су»
Бұрымымды үзсең болмай ма?
Сонау бір туған тұстан су
Бұйырып ішсем болмай ма?
Кеш мені, сәби, сен ұқпас
Тәуекел мені тұр бастап.
Қырсықса тағдыр, қу қақбас,
Жатармыз бірге құм жастап.
Менен де қалып, сен тірлік
Етпессің, тауып сән-қызық.
Бәрі бір сорлы жетімдік,
Бәрі бір сорлы жалғыздық.
Осынау Қара теңізден
Бел будым жалдап өтуге,
Ақ сүтін беріп емізген
Қырымға қайран жетуге!
«Тәуекел түбі — жел қайық»
Қаруым жалғыз Тәуекел!
Тілеймін қолым кең жайып,
Жәрдеміңді, алла, бері әкел!
Қорықпа, балам, мұң шегіп,
Үшеуміз қазір — біз бармыз.
Махаббат атты бір серік,
Қолдаса құстай зырлармыз!
Тұншықсаң теңіз суына,
Ақ сүтімді еме бер!
Мен тұншықпан, сірә да,
Есен болсаң сен егер!»
Үш жасар сәби жымиып,
Қарайды күнге, анаға!
Тарта ма, сонау тұңғиық,
Бола ма жаны садаға!
Қайдан білсін ол сәби,
Тағдырын құрық сілтеген!...
Толқиды толқын — о пәни,
Бір жоғары, бір төмен.
Осылай өмір жолы да,
Өтпексің зырлап, дөңгелеп,
Тұңғиық терең қойнына
Басыңмен сүңги бер демек!
Тәуекел атты бір мықты
Азанда бастап соларды
Қойнына теңіз сүңгітті,
Қос нүкте көзден жоғалды.
Қос нүкте! Қос жан, Қос өмір,
Қосақталған күйінде,
Деді ме, бәлкім, қош, өмір! —
Кетті теңіз түбіне.
Қарғыған жерде қалыпты із,
Түріктер көзі қадалған:
Десіпті: «Мынау балыққыз,
Су перісінен жаралған!
Адамда болмас бұл жүрек,
Келе ме тағы пір деуге?
Ілігіп жүрер, кім білед,
Ау салмайық бұл жерге!»
Сонда бір ойлы ақсақал,
Қадалып сонау айдынға,
«Жамағат тыңда, тоқта сәл,
Бір хикмәт бар мұнда!
Әулие дер ем бұл істі,
Жан-жағы толы шапағат!
Тастады қапас тұрмысты,
Айтты да ақтық, лағнат.
Сағыныш алып жөнелді,
Басуға улы бір дертін.
Ең болмаса, ол елдің
Ауасы еркін, суы еркін!
Еркіндік деген дүние-ай,
Қанатысың ғой адамның!
Азаттық аз күн, не бір ай —
Болды да бейбақ соған мұң!
Пері де емес, жын да емес,
Періште болса шараң не?!
Бәрі бір олар мұнда емес,
Атам де, мейлі, шабам де!
Өзі де оның оқ, бәлкім,
Тағдырын көздеп атылған,
Оқты кім бар жоқтайтын,
Оқты кім бар шақырған!
Тірі болса, егер де,
Тілегін тіле жабылып!
Әйтпесе жай ел-елге,
Аңыз қыл, сиын, табынып!
Махаббат атты құдірет
Періште қылған соларды!
Соғуын тияр құр жүрек,
Өлмейтін жандар со мәңгі!»
Деді де, ауыр күрсініп
Сақалын аппақ салалап,
Көзінен жасын бір сығып,
Кетті теңіз жағалап.
Артында үнсіз топ қалды,
Өркеш-өркеш жағадай.
Толқындай сұлық тоқталды,
Көпке шейін тарамай...
Үш күннен соң жағада
Жүрді біреу қарандап.
Бейне бір ағаш бағана
Жолаушы көзі қадалмақ.
Сағымда ұзақ қозғалып,
Бұлыңғыр түстей бұлдырап,
Соңында дәурен жаз қалып,
Құлдилап төмен құлдырап.
Теңізге қайтып түсе алмай,
Түссе де тастап кете алмай,
Алдында ғажап күш бардай,
Тәуекел соған ете алмай.
Қайраны біткен сол байғұс,
Қарғап та сілеп тағдырын,
Салмағы зілдей бір қарғыс
Әкеткен тірлік барлығын.
Ауылдан, елден ол аулақ,
Адақтап, қуып шығарған,
Жарық күн, теңіз оған жат,
Азабы күтіп тұр алдан.
Махаббат атты әулие
Өзінің нәзік қолымен
Лақтырған қарғап мәңгіге,
Ойнамай ұзақ онымен.
Күні-түн жылап, шыңғырған,
Ұрғылап өзін әңмеңге,
Қалбалақтаған жығады жан,
Қалыпты дейді сол денде.
Қарғыстап өткен күндерді,
Қақсаған үнін тыя алмай.
Әлі күн қаңғып жүр дейді
Теңізге, жерге сыя алмай...
* * *
Теңізде мінез болған соң,
Теңізде де жүрек бар.
Азырақтасып алған соң,
Ентігін басар, ол да ұйықтар.
Теңізде жүрек болған соң,
Теңізде жан бар, сезім бар!
Сабасын жайып — толған соң
Саябыр, сабыр, төзім бар!
Өзінше ол да ұлы ана,
Құшағы толы тіршілік.
Қарайды ол да мұңдана,
Қасіретке жаны түршігіп.
Аяйды ол да мүскінді,
Аяулы болса туысы.
Мұқатса қара күш кімді,
Теңіздің жомарт уысы.
Әлдилер, жеңіл тербетер
Сыйқырлы жұмсақ алақан.
Сол әлдимен ержетер,
Тіршілік басы — балапан.
Осыған нанбай, кімде-кім
Шайқар да болса бір басын,
Тыңдасын теңіз жүрегін,
Жүрегі болса, тыңдасын!
...Белгісіз қанша күн өтті,
Құшағын теңіз ашқалы,
Махаббат толы жүректі
Қырымға алып қашқалы.
Жел көтеріп дем беріп,
Толқын жүйрік ат болып,
Сол екеуін өңгеріп,
Теңіз алтын тақ болып.
Бастарынан күн аумай,
Серік болып көп жұлдыз,
Көкте жүзген нұрлы айдай,
Жүзе берді сол бір қыз.
Батыр қызы Қырымның
Өмір атты жорықтан
Келе жатты, сұлуың
Астында аты зорыққан.
Арман деген ат еді ол,
Тұлпар еді-ау самғаған.
Адам білмес алыс жол,
Ешкім көпір салмаған.
Қажытты да мұқатты,
Жалғыз теңіз не істесін?
Мына сапар, бұл шақты
Жалғыз ғана кешкесін.
Адам керек мұндайда,
Айла керек, күш керек.
Шыбын жанға бір пайда,
Ақыл ғана істемек!
Теңізбенен — тіл бөлек,
Келеді оны арқалап,
Жалғыз ғана бір жүрек,—
Жалғыз ғана махаббат.
Әлсіз де жанған бір үміт,
Сөнерін білмей, сөнбесін,
Кеудеде туып бір күдік,
Жеңерін білмей, жеңбесін.
Көзінде тамшы, соңғы жас,
Шығарын білмей, шықпасын,
Өмір мен ажал салды айқас,
Жығарын білмей, жықпасын.
Туған жер — ыстық махаббат,
Қаларын білмей, қалмасын,
Қайран бір арман, қайран бақ
Жанарын білмей, жанбасын.
Ішінде жатқан бір өксік
Өшерін білмей, өшпесін,
Еңбегін зая құр еш қып,
Көшерін білмей, көшпесін.
Ең соңғы сағат қалғанда
Көрінді-ау туған жағалау!
Көрінді-ау көкшіл жайлау да,
Көрінді-ау барқыт қайран тау!
Дүние нұрға малынып,
Қарады әмір жылынып.
Тәтті арман, шіркін бал үміт
Өзекке түсті құйылып.
Көзінен жасы моншақтап,
Көңілде күдік тұншықты.
Бөбегін қысып құшақтап,
Атылып судан қыз шықты.
Өмірде тұңғыш көргендей
Ай Петри ақ басын,
Жүгіріп келіп енгендей
Жұмақтың ашып қақпасын.
Өмірде тұңғыш білгендей
Мисхорды, туған жағаны,
Үйіне алғаш кіргендей,
Танығандай ананы.
Қатарлас құрбы, келіншек
Жасауын алып келгендей,
Ақжібек көйлек, желбіршек
Төгілтіп үске кигендей.
Немесе жалын сонау жар
Жағада бір кез көп тосқан,
Секілді бейне бұған дәл
Еңіреп келіп, төс құшқан.
Қалшиған күйі тоқтаған,
Еткенде ерні сәл күбір.
«Рахат мұндай жоқ маған,
Бітсе де мейлі бір ғұмыр!
Демеймін қысқа тіледім,
Жоқ арман, жоқ, жоқ, жоқ менде
Қысында ұйықтап түнермін,
Оянып рухым көктемде!
Жазында жайнап гүл болып,
Биіктен төмен төгілем,
Қаламын мәңгі бір болып
Қырымым, жаным, сенімен.
Тұрғаным жетер осы көп,
Өзімдей болсын олжалы.
«Бала деген — осы!» деп,
Үңіліп тұрсаң болғаны!»
Деген сөз сонау ерінде,
Айтуға ауыр күш болған.
Теңізден шыққан жерінде
Мызғымай дене мыс болған.
Сәби де аң-таң күйінде,
Құшақтап алған анасын.
Мекені сол, үйі де,
Ол қай жаққа бара алсын!
Осылай келіп қауышқан
Үш бірдей асыл махаббат,
Ана мен бала, туған жер
Қашанда қатар аталмақ.
Қырымның жасыл таулары
Шақырар келіп көрші деп,
Жырлайды миуа, баулары
«Махаббат періштесі» деп.
Жағада халық тына қап,
Төсіне басып қолдарын,
Асыл бір сезім ұялап,
Үндетпей ұстап сол бәрін.
Мықты боп кеткен мәңгіге
Жомарт та есім, ер есім,
«Ана» атты тәңірге
Табынған жұртты көресің!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қаныш үйінде

  • 0
  • 0

— Ассалаумағалайкүм!
— Әлей, достар!
Жамырап қайдан жүрсің,
кілең қошқар?

Толық

Қырық жыл үйіме

  • 0
  • 0

Қырық жыл Құдай бізді сақтағаннан,
Қаншама асу-белес артта қалған,
Қаншама қайрат жұмсау керек болды,
Бітпеуге адал үміт, аппақ арман.

Толық

Табрида тамашалары

  • 0
  • 0

Қырмызы Қырым, тау Қырым,
Қызығың неткен көп еді.
Жұпарға толы бауырын,
Қай жомарт күнде себеді?!

Толық

Қарап көріңіз