Күлтегін
Мен құдіретті халық едім,
Қайда менің өр күшім.
Айтшы өзге құдіреттерді,
Жинап жүрмін кім үшін.
Мен қағаны бар халық едім,
Қайда менің қағаным.
Тек азаттық емеспе еді,
Аңсап күткен арманым.
( Түркі халқы жыры)
Зарыққанда ұлы халық,
Табгаштарға тапталып.
Сен шыққансың ұран салып,
Көк бөрілі туды алып.
Құл бұғаудың шынжырларын,
Үзу үшін сындырып.
Қайсарлықпен мұзды жардың,
Көк сүңгімен сенді іліп.
Қадір тұтып жаңылмастан,
Бабаң салған жолыңды.
Қаһарыңмен жалын шашқан,
Қалтыраттың жауыңды!
Буырқандың ашу қысып,
Қайтаруға ел кегін.
Көктен жасын жерге түсіп,
Өртегендей жау шебін.
Алда жүрдің қолды бастап,
Жарқ етіп от жанарың.
Елдік атты сезімі асқақ,
Ұқтырып ой жауабын.
Жұлдыздардай сәуле төгіп,
Қанат бердің арманға.
Мыңдаған жан өзіңе еріп,
Кірді қанды майданға!
Ашын баба дем бергендей,
Тәңір үнін жеткізіп
Бәрі тегіс көк бөрідей,
Алға ұмтылып жұп тізіп,
Қызыл жоса тасқындардан,
Жолдар аршып өмірге.
Кегіңді алып залым жаудан,
Шықтың жеңіс төріне.
Жойылмады түркі халқы,
Қанат жайып қырандай.
Қайта түлеп ата салты,
Гүл жайнады бар маңай!
Сан қайталап ерліктерін,
Құтылықтай бабаңның.
Күндей күліп тұрдың еркін,
Ұлы Рухымен даламның.
Бар өзіндік қасиетін,
Сақтай білген намыспен.
Нар халықты тас тілетін,
Жау ала алмай у ішкен.
Дұшпан үшін бұл расында,
Азап толы сын еді.
Жусандардың арасында,
Қалды ағарып сүйегі!
Көзін тікті барша әлем,
Ерлігіңе танданып.
Аз халықты бай қылдың сен,
Ақиқатты қолға алып.
Атқа қонған Тоныкөктің,
Өзі болдың ел үшін.
Арасында жермен көктің,
Жаңғыртумен жеңісің.
Найза ұшымен жолдар салып,
Ерлік даңққа бөленген.
Өз ұлым деп сүйді халық,
Жырға қосып өлеңмен!
Бұдан артық сый боларма,
Халқың жатса ұлғылап.
Әрдайымды ұлы жанға,
Қуат берген ел- бұлақ.
Берік тұрдың тәж тағыңда,
Ойлауменен ел қамын.
Жүгінумен иманыңа,
Зая кетпей жиғаның.
Ел жұртыңды жарылқадың,
Кен пейілді тілекпен.
Ақиқаттың жарық шамын,
Жаға біліп шындықпен!
Мәңгі елдің қорған тірек,
Болсаң дағы көсемі.
Мен халқымнан биікпін деп,
Көтермедің енсеңді!
Біткенінше соңғы демің,
Молайтуға ырысын.
Сен қорғадың Түркі елінің,
Батысымен шығысын.
Өтеріңде сүйген халық,
Хабар салып жан-жаққа
Ерлігіңді тасқа жазып,
Табыс етті ұрпаққа!
Сол ерлік жыр ғасырлардан,
Бізге жеткен тау жарып.
Адаспасқа жас ұландар,
Күнде оқимын жар салып!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі