Өлең, жыр, ақындар

Сырым баба (Ғайып-ата)

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2026
(Әулие баба рухына)

Бабаман жеткен алтыным,
Сөйлер тілі халқымның.
Көкте ойнаған жасынның,
Қанына құйған жарқылын.
Жолымен ата салтымның.
Бостандық үшін аңсаған,
Көтеріп намыс ар үнін,
Азаттық болып ұраның
Тозақты кешіп алқындың,
Серікке қосып иманды,
Қолдаумен ізгі арманды.
Көкжалдығыңды жоғалтпай,
Болсам елдің қорғаны,
Үш жасыңда хат танып,
Он үш жаста бата алып,
Қуанғаннан шаттанып,
Әулиелерден қол алып,
Даналық сөзге тоқталып,
Сүйсінтіп көсем билерді,
Жұлдыздай жандың шоқтанып.
Батасыз бағың жанарма,
Қариясыз төрің оңарма.
Жараған елге панаға.
Кіші жүзде би болған,
Малайсары Тана да,
Ақсуат Әлім дана да.
Қуанған ер ұл келді-деп,
Мұң басқан шерлі далаға.
Тілеуіңді тілеп Тәңірден,
Өжеттігіңді құйып санаға.
Тағдырын ойлап Отанның,
Сенімін артқан ақтадың.
Аш арыстан секілді
Жауды көрсең саспадың,
Қаһарлана қарап бетіне,
Бір қадам кейін баспадың.
Болсын деп,ашық аспаным,
Алаш-деп, ұран шақырып,
Қалың қолды бастадың.
Ұлтыңның ұлы болдың сен,
Ойламай жеке бас қамын.
Жиырмаға жасың жеткенде,
Даналықтың құрып отауын,
Байбақты рулы еліңнің,
Бас биі өзің атандың!
Өзі боп мәңгі тірегің,
Халқым-деп, соғып жүрегің.
Жан салып сүйдің беріле,
Ақтауға үміт тілегін.
Ерлігің алау туындап,
Серпумен қайғы түнегін.
Бостандық болды бар мақсат,
Басқаға ойды бөлмедің!
Халқыңды қуып өрістен,
Жеріңді нулы бөліскен.
Мұжықтарын қаптатқан,
Соғыстың ашық орыспен,
Қан майданда қан кешіп,
Жауыңды жайпап қылышпен.
Бойыңнан кетпей тектілік,
Көз ілдің кейде тік түрып.
Болса да үрей не түрлі,
Көрсете біліп мықтылық.
Ерлігіңе жетпес ештеңе,
Қанша жан қалды тепсеңде.
Азаттық үшін күрескен,
Өкінбес өліп кетсе де.
Түскен соң елге қайғы бұлт,
Ызаман кекке булығып.
Тұтқынға түскен ірісін,
Хиуға саттың құл қылып.
Солдаттарын қойша айдадың,
Құйрығына жапа қондырып.
Бұхараның алып қарғысын,
Сатылған дәулет мал үшін,
Жоғалтқан иман намысын,
Өзі болған байғұстың,
Сезбеген елдің қайғысын
Құлаған шіріп тау мүсін.
Итаршылары орыстың,
Қызығына батып күмістің.
Шекпенге киген мәз болып,
Ұмытқан Алла-ұлысын.
Күйзелтіп халқын жылатып,
Тарылтып жүрек тынысын,
Дұшпанға берген қонысын.
Нұралы ханмен сұлтандар,
Ездіктен болған ұлтандар,
Қалтыраған қорқаулар.
Отанын жатқа сатқандар.
Ойлаумен айла шарғысын.
Ұмтылды туыс болуға,
Қыз беріп сыйлап ай- құсын.
Кетпеу үшін арманда,
Адаспай өмір орманда.
Бұзылмастан сертіңнен,
Алданбадың оғанда.
Зорлықшыл дөкір әлдіні,
Қорғансыздың жықтың алдында.
Бергіздің адал ақысын,
Қарасып кедей жарлыға.
Жебедің жетім жесірді,
Мейіріміңді төгіп жанына.
Жақсылықтан тынбадың,
Ақиқат семсер тағында.
Байлықтан азған азғындар,
Қалтырады сенің алдыңда.
Толдым-деп бірақ таспадың,
Күн кештің адал қалпыңда.
Қумадың даңқ атақты,
Қызмет қылдың халқыңа!.
Бастаған алға ел көшін,
Халықпен құрған кеңесін.
Әділдікен тапқан үйлесім,
Шындықтың басқан пернесін,
Қастерлеген баба киесін,
«Сөйлесе, Сырым сөйлесін,
Билікті де айтса, өзі айтсын,
Адалдықтың мінген күймесін.»
Деген сөз шықпас тегінде,
Абыройың артты еліңде,
Жаздырып даңқ термесін.
Алайда оймен өрнекті,
Пендеден көрмей көмекті.
Өзім-ақ жеттім демекті.
Адасқан жанға санадың,
Әкелер елге әлекті.
Тастамадың жаныңнан,
Жайсаңдарды жүректі.
Бармақ, Мыңбай, Есқара,
Қаратау, Асау.Тілекті.
Апшысын жаудың қуырған,
Наурызәлі ерді білекті.
Қиянат жасап көшті алған,
Сескенбей орыс патшадан.
Ата жұрт кегін қайтарып,
Асулардан аса алған,
Шақырған бірлік елдікке,
Сақтануға дұшпаннан,
Бір туыс, бауыр асқағақ ән,
Алты Алашқа жар салған,
Жиырма жыл белді суытпай,
Отаршылдарды жуытпай.
Азаттықтың болған ұраны,
Борыштымыз баба біз саған!
Жоғалтып бойда ер ғұрпын,
Алауыз болса ел жұртың.
Сор келмейме ұрпаққа,
Бәрін де баба ескерттің.
Даналығыңның өзі бір төбе,
Саналы болса ұқпас кім.
Болмаса бірлік, әділдік,
Ата жұрттан кетпес мұң!
Қалмас үшін тұманда,
Шағылмасқа жыланға,
Қосылмасқа жаманға,
Қанды құйын заманда.
Мұсылманның ойлап бірлігін,
Айналып алып қыранға.
Жаныңа ертіп арлыны,
Мұз кешіп дүлей боранда.
Жетсін-деп, халқым арманға.
Ғасырларға із салдың,
Қойғандай белгі Тұранға.
Ерлігі күйге айналған,
Сендей ер қайтып туарма?!
Шаң болмасқа белдерім,
Суалмасқа көлдерім.
Қорсылдаған шошқаға,
Қор болмасқа кең жерім.
Күң болмасқа дұшпанға,
Әлпештеген Әйгерім.
Жыламасқа жас бала,
Сағынып туған белдерін,
Кіндік кескен жерлерін.
Мұң шалмасқа жас толып,
Аналардың көздерін,
Сен алыстың жауыммен,
Құрған тұзақ өрнегін.
Алтыны көлдей құйылған,
Бас тартып берген сыйынан,
Арбауына иіп ермедің,
Азатығым үшін көнбедің.
Тәңірім салған сезімдей,
Бабалардың өзіндей.
Болсам -деп,халық қорғаны.
Ел қамын жоқтап көз ілмей,
Ерліктің жолын салдың сен.
Мұң шеріңді сездірмей,
Әділеттіліктің даусымен!
Ел – жұртын сатқан байғұсты,
Басқа ұрып лағнат тасымен.
Хан болса да бездіріп,
Қазанның шаңын кездіріп.
Шайтандар ұрлап ластаған,
Кәпірленген жанын ездіріп,
Иттігін жұртқа сездіріп
Жоғалмасқа текті құндылық.
Жамандыққа салдың жез құлып.
Қанатын кесіп қарғаның,
Батыры болып заманның.
Бабалар өткен ізбенен,
Сен бұздың жаудың қамалын!
Елімнің құтты ырысы,
Жұпары терең тынысты,
Еділ мен Жайық ортасы,
Бабамнан қалған қонысты,
Қайтара біліп сый қылып,
Қуантттың еркін сүйдіріп.
Жеткізіп мөлдір қайнарға.
Алаш- деп,кіріп майданға,
Сұр жыландарды кескілеп,
Жол бермей қанды ойранға,
Нажағай болып атылдың.
Қалмасқа қапы,қайраңда,
Намысын ойлап халқымның.
Нұрындай шалқып көгінде,
Азаттықтың болып сұңқары,
Дақ түсірмей тегіңе,
Адал боп қорған дініңе,
Аналардың кие сүтінен,
Күш алған баба тіліме,
Ерлікпен тіреп аспанын.
Қасіретті кешкен еліме,
Ем болуға дертіне,
Берік болып сертіңе,
Бостандық жолын бастадың.
Кектеніп арсыз залымға,
Бас имей бұғып алдында,
Ақ патшасын састырып,
Құйыршықтарын тас тіліп,
Халықтан кеңес аштырып.
Жер бөлдіріп жарлыға.
Жол көрсетіп арлыға,
От деміңмен дем салып,
Айналып өшпес жалынға.
Сый қылып өшпес ерлікті,
Қағазда емес тағдырда!
Кең далаңның төрінен,
Үн тастап Алаш халқыңа,
Сөзіңді салып талқыға...
Жауына сөнбес от өрген.
Құдырет бар – ау әуелден,
Сүйегіңде затыңда!
Кешсеңде жеті- от арасын,
Сездірмей жүрек жарасын.
Жолбарыстай айбарлы,
Өр рухың болып жолдасың.
Алдырмадың дұшпанға,
Салса да небір айласын.
Жазмыштың сыйын мол алған,
Әруағы қысып торланған,
Ізгі ісін Алла оңғарған,
Кем болмаған хандардан.
Бойынан шуақ таралған.
Қиындыққа батыл бара алған,
Елді ағартып біліммен,
Бұлақтар ашып тас жарған.
Өзгеше өр боп жаралған
Топырағы кие Оралдан,
Туа сала бұлқынып,
Бесікте жатып толғанған.
Көрген жандар таңданған,
Шынтемірдей мығым боп,
Қасиеті бөлек құралған,
Үн қатардай сәуле іліп,
Алшынға біткен ұраннан.
Сескенген соң өзіңнен,
Күйініштен болып дал,
Іздеді дұшпан басқа амал.
Екі жүзді Хиуа хан,
Төріне жайып дастархан.
Сатқындығын жасырып,
Қонақ қылып шақырып.
Қош келдің-деп, бас тартқан.
Сыртыңнан жасап сұмдығын,
Тұлпарға салған жүгенге,
Желімдеп зәрлі у жаққан.
Бойыңды билеп ар намыс,
Жасамап едің жалған іс.
Ездерге тағдыр тап қылды,
Кеуделері толған былғаныш.
Өкінгенменен не пайда,
Бұл дүние жалған алданыш!
Нар едің жауға көнбеген,
Аталы сөзді зерлеген.
Айтыссаң десте бермеген,
Зұлымдықты тілгілеп,
Қара жерге жерлеген,
Иманды шырақ сәулеңмен,
Еліңе көркем сән берген.
Алты Алаштың бірлігін,
Жалғау үшін сеңделген.
Кім білген жарық сөнерін,
Өзбектің Гүрген жерінде,
Күтіп тұрды сұм өлім!
Айырып уы есіңнен,
Құлатып аттың үстінен.
Майлышеңгел майысты,
Бұрқ етіп құмы төске ілген.
Жанұшырған Байбақты,
Әулие бабам дауысы,
Сол жерде анық естілген!
«Құлдығым-ай, қарғам-ай,
Жар болсын саған бір құдай.
Ел үшін туған ер едің,
Қайтейін жоқтап жыламай.
Ашылсын жәннат есігі,
Сен болып талай туар ай.
Батырлығыңды алар ұрпағың,
Даңқыңмен өсер құламай,
Оза шауып бәйгіде,
Асулардан асар тұлпардай
Тыныста қайғы ойға алмай
Иманың болсын жолдасын,
Қайырын тіле мұң салмай».....
Дәм таусылса бұл пенде,
Қайтадан жарық көргенбе.
Бұйырған солай топырақ,
Ғайыптан тайып келгенде.
Ақ ұлпа жаның ғарыштан,
Тіп-тіке тартты еліме!
Қарсы алып жатты Ақ Жайық,
Көз жасы толқын төгіле.
Аққулармен бірге егіле.
Сарнатып қобыз белінде,
Жазғандай арыз Тәңірге.
«Сырымның сазын» күңірентіп,
Кең дала ілді төріне,
Қимастықпен мың аунап,
Көрсетіп құрмет өзіңе.
Сәулесін төкті алтын ай,
Ақырғы рет барын аямай.
Мұң шеккен елді жұбатты,
Нұрымен сүйіп аялай.
Жасындай жауға тап берген,
Қазаққа біткен ақ берен,
Әділдіктің жолында,
Қара қылды қақ тілген,
Қалдырған ізің артында.
Сақталған ізгі халқыңда,
Аманат қылған өсиет,
Көсемдік көркем хатың да,
Бәрінде ғажап сыр жатыр,
Мінезің өрлік,толы ақыл,
Өргізіп өршіл сезімді,
Қанатына ілген төзімді,
Әрі батыр,әрі ақын,
Пір тұтқан халқың өзіңді.
Ұрпағың жеткен асыға,
Әулием – деп,түнеп басыңа,
Өзің жәйлі жыр толғап,
Шырақшы қойған қасыңа.
Ел тынысын кеңейткен,
Сөз жетпес сендей асылға,
Шуағы болған ақ таңның,
Мақтанышы Отанның,
Ғасырлардан ғасырға,
Жазылған Сырым атағың!
Есімің бабам санамда,
Әруағың байтақ даламда.
Көктемдей көктеп сақталған.
Сыр шертіп өткен шақтардан,
Тұнжырап үнсіз бақтардан.
Аңыз боп жетіп қарттардан,
Ой салып атқан ақ таңнан.
АЗАТТЫҚ жырын ғаламға,
Мұқиттай шалқып ақтарған!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Хазар патшасы туралы ой

  • 0
  • 0

Табиғаттан тауып әсем жарасым,
Құт дарытып Қызыр кезген жағасын.
Аңыз болған сұлулығы әлемге,
Мекен еткен екі теңіз арасын.

Толық

Адай жылқысы

  • 0
  • 0

Бабалар баптай біліп жүдетпеген,
Адайдың жылқысына жел жетпеген.
Көргенде шабысына таңданасың,
Түк емес адам ойы жүйрік деген.

Толық

Майра Мұхамедқызы

  • 0
  • 0

Жүзе біліп ағысы мол тереңді,
Қазақ қызы мойындатқан әлемді.
Ой салады еріксізден жаныңа,
Пейілі оның айтшы неткен кең еді.

Толық

Қарап көріңіз