Өлең, жыр, ақындар

Әруақты ата – Ер Қосай

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1495
(Ибрагим Шияпұлы Акдраштегіне)

Әруақ қонған жасынан,
Жақсылығын асырған..
Күш қуаты бойында,
Тасқын судай тасыған.
Ел үшін қару асынған.
Қасымханның айбары,
Адайдың ыстық қайнары,
Биік біткен ойлары.
Мәрттен туып қосылған,
Құдайке бабам асылдан,
Нәр алған бұлақ басынан,
Ерлікке құмар жасынан.
Үмітін елдің ақтауға
Ұмтылған жастай жас ұлан.
Қаптаған жауы келсе де,
Қаһарланып тосыннан,
Қарсы шауып сескенбей,
Оқ қылқандай шаншылған,
Мұз бүркіген ақпандай,
Қар құйындай шашылған,
Қаншама азап көрседе,
Жолдасын бермей қасынан.
Азаттық үшін күресіп,
Қас жауымен тіресіп,
Тізе бүкпей түн кешіп,
Қарсы тұрып өлімге,
Үн асырып ғасырдан,
Жасытып жауын тасынған.
Болаттан соққан қорғаным,
Ерлікке ғана бас ұрған,
Пана болып еліне,
Ерлігін дауыл асырған!
Ұраны болып Ұлыстың,
Басында болып ұлы істің.
Ақылды терең сый қылып,
Шындыққа ғана сиынып.
Алдын орап құйынның,
Байлауын шешіп түйіннің.
Еркіндік үшін алысып,
Мұз жастанып таң құшып,
Өштескен жаумен аңдысып,
Іркілмей шебін сан бұзып,
Қарағайлы сапты найзамен,
Қара қанын ағызып.
Сақтауға Отан ырысын,
Көтеріп туын намыстың.
Қондырып бірлік бақ құсын,
Сұрапылын көріп соғыстың.
Қол бастаған қиында,
Тәңіріндей болып ұрыстың.
Оң бастаған сапарын,
Алты Алаштай туыстың!
Көк бөріден тауып тектестік,
Қас жауымен кектесіп.
Жайсаңдармен сертесіп,
Қызыл щоқ боп өрт кешіп.
Адайдың жалғап өрлігін,
Даламның сүйіп кеңдігін
Халқымның ойлап елдігін
Қорғаумен азат теңдігін,
Шытынамасқа күн бесік
Ақназар ханмен кеңесіп.
Дау болса бұзар бірлікті,
Әділеттікпенен оң шешіп,
Ар – ождан атты өрде өсіп,
Азаттықтың жолында,
Азаппен тынбай белдесіп,
Даналықтан тауып үндестік.
Ақиқатпенен тілдесіп.
Шариғат – діннен үн есіп,
Ақылмен алдын болжаған,
Айтқаны келген дәл кесіп!
Жамылғысы қара түндерден,
Құлдыққа бұғау күнде өрген,
Қан жұтып бұлттай түнерген.
Өлімге тоймай сеңделген,
Жазықсыз жұртты шулатып,
Темірдей ауыр қолменен,
Құрсаулап қайғы сеңді өрген.
Тітіркенткен бар жанды
Сескенбей соғыс-семсерден.
Ер Елтайдай ту байлап,
Алаш – деп,ащы айғайлап,
Қаһарланып қол бастап,
Баба рухымен үн тастап,
Жайдың атқан тасындай,
Ашуы бойда басылмай.
Ерегіскен дұшпанның,
Еңсесін үзіп жасылдай.
Алаулап жүзі нұр жайнап.
Жолбарыстай тіс қайрап,
Бұқтырып жауын есірген.
Қайтарып далам төсінен.
Шырағын елдің өшірмей,
Өмірдің гүлін өсірген!
Қабыл болған батасы,
Батырлардың атасы.
Төбе биі Алшынның,
Өлшеусіз бөлек бағасы,
Санамен,сабыр панасы,
Ерліктен шырақ жандырған,
Шөлдесең сусын қандырған.
Әділдік болып жолдасы.
Әруағы торланған,
Өлмес өмір арнасы,
Таңқалдырған айбыны,
Кіші Орданың жағасы,
Мұқиттай терең санасы,
Ханнан да асқан жан болған,
Бас болған елдің ағасы,
Тарихтың жүгін көтерген,
Ер Тұңға бабам жалғасы,
Түркінің қара балғасы,
Күлтегіннің жебе таңбасы,
Аттилланың қандасы,
Адайдың сүйген баласы,
Бостандық сүйген елімнің,
Ағылмасқа көз жасы,
Батырлыққа шақырып,
Тауларда қалған жазылып,
Қос найзалы таңбасы!
Жолы болған жүргенде,
Еркіндіктің аттасы,
Нар халқымның жақтасы.
Ел мұратын сөйлеген,
Зұлымға басын имеген.
Арамдық көрсе шүйілген,
Жамандыққа күйінген,
Астамдықты сүймеген,
Қарапайым күйменен,
Қалың жұртқа ой артып,
Бұлақ ашып ағартып,
Жанын шаңнан тазартып,
Нұрын құйып сәулемен,
Имандылық сәнменен,
Ата жолмен әл берген,
Сұлулығын Алланың,
Жырмен толғап тербеген.
Береке орнап елінде,
Ошақ оты сөнбеген.
Бұзылмай берген уәдесі,
Ізгі ісі алға өрлеген.
Жамандық жасап көрмеген,
Кеудесін әруақ кернеген,
Бір Аллаһ жолын оңғартып,
Парасатқа жол тартып,
Іздері басқан гүлдеген.
Қарияларға төр берген,
Қуанышқа елін бөлеген.
Тарыққанды демеген,
Жарлыларын елеген,
Жетімдерді жебеген.
Жесірлерін желеген,
Қарындастай тең көріп,
Қорлыққа күң қып бермеген,
Ел бақытын аңсаумен,
Арманға құлаш сермеген,
Өрелі ұлды жетелеп,
Ақсақалдарын көкелеп,
Дастарханын кең жайып,
Шуақ төгіп бақ тілеп,
Ізгілікпенен тербеген.
Қиямет дауыл соқса да,
Жақсылықтан айнып көрмеген.
Сыр болып ашар бағына,
Алтын шам сыйлап қолына,
Жолаушының жолына,
Тылсым күшпен нұр өрген.
Зайырлы абыз көреген,
Жолыққанның тілегін,
Тәңірден бірге тілеген.
Ақ бата берген мейіріммен,
Әруақты Ата – Ер Қосай,
Ғажапқа толы бір әлем!
Бестөбені мекендеп,
Ұрпағым іздеп келер деп.
Ізінен желкен көркемдеп,
Ерлігін сеуіп дән қылып,
Қыдырды көрген әулием,
Берекет отын жандырып,
Сәуегейлігімен таңды іліп,
Даламды нұрға малдырып,
Халқыма шашу сый тартқан,
Айналып жырға мәңгілік!
Әр ізі аңыз шежіре,
Ғасырлардан жеткен жаңғырып.
Әруағыңмен жебе жан баба,
Қасиетіңнен сусын қандырып!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Хазар патшасы туралы ой

  • 0
  • 0

Табиғаттан тауып әсем жарасым,
Құт дарытып Қызыр кезген жағасын.
Аңыз болған сұлулығы әлемге,
Мекен еткен екі теңіз арасын.

Толық

Азаттық жаршысы

  • 0
  • 0

Менің елім босана алмай құрсаудан,
Дем жұтқанда құлдық соры у шаңнан.
Әшкерелеп зұлымдығын патшаның,
Өзің едің жан дауыспен жар салған.

Толық

Қазыбек би

  • 0
  • 0

Өн бойыңда қырағылық,
Бұлақ ашып таңнан тұрып.
Елді ағартып талмай үміт,
Ата дәстүр таңдай ғұрып

Толық

Қарап көріңіз