Желтоқсан
Желтоқсан қуат барма сенен асқан,
Сілкінтіп бодандықты түнек басқан.
Тарихтың кең төрінен сөйледің сөз,
Қазақ боп, намысы үшін арпалысқан.
Тілгілеп қара бұлтын сор заманның
Қаймықпай азаттықты қолға алғаның.
Еркіндік, Ана-тілім, Ұлтым үшін,
Ұлдарым төкті қиып адал қанын!
Сыр құйып Азияның жүрегіне,
Айналып дауылпаздай жыр еліне.
Алаулап дүбірлетіп дүниені,
Тіл қаттың бейбіт үнмен келер күнге.
Ең алғаш қасиетті туыңды алып,
Өр ақын Жұбан тұрды дабыл қағып.
Мен қазақ, мың өліп, мың тірілген-деп,
Жолыңа құя біліп нұрлы жарық!.
Ығыспай озбыршыл топ Колбиндерден,
Атылып жебелердей мінбелерден.
Халқымның көз жасымен қарғыс айтып,
Тайсалмай дауыс салып тұрды төрден.!
Ісініп ата салттың ғұрпын бұзған,
Мәскеулік шенеулікке тойып қызған,
Жетпейсің Қонаевтың ізіне- деп,
Адайдан - Марабаев бетін сызған!
Әуелден елін сүйген өрісі кең,
Батырлар ұясында өсіп өнген.
Өзеннен бауырларым ИЯ , БЕКЕТ-деп
Айбарлы семсер үнмен дауыс берген.
Сыпырып азап торын кеудедегі,
Іштегі мұңмен шерін бір бөлгені.
Басынған құзғындарға тас лақтырып,
Досан боп ерлікті аңсап күнге өрледі!.
Қаншама дауыл екпін жатыр мұнда,
Сенді олар адамзаттың ақылына.
Құлдықтан құтылуды ұран қылып,
Жыр төкті Сабыр Адай ақынымда.!
Әуелден Жаратылған дауылдардан,
Үлгі алып қас батырым БАУЫРЖАННАН,
Ұрпағым Қайрат болып шықты алға
Теңдігін талап етіп жауыздардан!
Желтоқсан-Тәуелсіздік ! Еркіндігім!
Не түрін бастан кештің ауыр күннің.
Қарусыз шыққан бейбіт ұлдарыма,
Озбырлар істеп жатты залымдығын.
Қызғанып кең даламның тыныштығын,
Қанішер Колбин қайрап қылыш жүзін.
Нашақор көк бөрідей тағылар- деп,
Әлемге сумаңдатты қызыл тілін.
Сан елдің бейбіт күнін ойран еткен,
Гүрілдеп танктері айбыны өктем.
Таптаса ұлдарымды арын қорлап,
Сапері бастан соғып күрекпенен.
Сүйрелеп қыздарымды бұрымынан,
Ит қосып талатқаны зұлым қолдан.
Тепкілеп қызыл қанын жосылтқаны,
Тайдырмақ болып әділ иман жолдан.
Қалың қол әскерінен дүбірлеген,
Қайысып алаң жатты мұз үрлеген.
Қатыгез жауыздықтан бұғауында,
Дауыстар шықты ыңырсып күңіренген.
Жоқтаған ел басқарған өз данасын,
Торларға қамап қазақ боз баласын.
Азаптап қыл бұраумен қылғындырып,
Соқтырды қиянаттан қан борасын,
Кім емдер күйзелген ел жан жарасын?!
Су шашты, у таратты түтін салып,
Қолына жұлын үзер темір алып.
Қаптатып қарақшыдан жасақшыны,
Ызаның қайта өршітіп отын жағып.
Бұзақы, ұлтшылдардың мекені-деп,
Империя тұрды толқып төсін қағып.
От салып ортасына нар қазақтың,
Тұманын қалыңдатып сор азаптың.
Айлекер түлкі тұрды ініне үріп,
Зілінен өзі қашып зор салмақтың.
Айламен арыстандарды торға салып,
Биледі жәбірлеумен сайран қағып.
Нарларым іштей тұнып ыңырсыды,
Зомбылық қулығына қайран қалып.
Қайран жоқ бас қосуға күзеттерден,
Әр ізін күнде бағып тізбектеген.
Орыстың жансыздары жүрді бағып,
Үстіне шапан киіп өзбектерден!
Бетіне сайқалдардай бояу жаққан,
Бәріде өктем зорлық саясаттан.
Бұлқынған бодандықта жойқын күшті,
Жасырып кінәлады ұялмастан.
Бас болған бұл сұмдыққа орын қазып,
Мәскеуден қару төкті меңді қазық..
Алайда Желтоқсанның ызғар желі,
Жар салды қасіретін қанмен жазып!
Ой салып тебірентер әрбір елге,
Дауысы кетті тарап кең әлемге.
Айналды ҚАЗАҚ деген киелі есім,
Қуатты тасқыны мол отты өлеңге.!
Елдік пен ерлігіңнің жолын салған,
Бұл өзі азаттық ән тұнып тұрған.
Ластатпа кие толы алаңыңды,
Бауырыңның мұнда ыстық қаны тамған.!
Айналдыр гүлзар баққа дәнін егіп,
Сыр шертсін ел ырысы арман бірлік.
Төрінен жыр оқысын ЖҰБАН атаң,
Тайсалмай қан майданда тұрған берік!
Жаз оның МЕН ҚАЗАҚПЫН деген жырын,
Ұғынсын келер толқын жүрек сырын.
Жеткізсін шырақ жағып, ғасырларға,
Ту қылып ұлттық Рухын сүйген ұлың.!
Білсін жұрт ұландары өр екенін,
Шырқа әнін асқақтатып Жұмекеннің.
Қуансын пейілі кең алып халық,
Аңсаған еркіндіктің гүл мекенін!
Жақтаған қуанышпен нарлығыңды,
Ұмытпа Зиманұлы Салығыңды.
Қастерле барлық ерлер есімдерін,
Таңданып сүйгеніңдей таңғы нұрды.
Іздері ерлікпенен аңыз толған,
Тайсалмай Европаңда билік құрған.
Желтоқсан! Өр мінезді Ғұн патшасы,
Өзіңнің қасиетті Еділ бабаң!
Ерліктің соға біліп даңғыл жолын,
Әлемге әйгі қылған мәңгі қолын.
Желтоқсан- айбыны мол Шыңғысқаның,
Соғыстың тәңірі боп алған орын!
Ел үшін жаудың көріп басынғанын,
Жоғалтпай бойдан рух намыс әнін.
Қатыгез Кир патшаның басын алған,
Желтоқсан-Тұмар қыздай асылдарың!
Жалғаған бабалардың ерлік ісін,
Желтоқсан жан дауысың бірлік күшің.
Ерітіп қатқан мұзды ыстық қанмен,
Қондырған сәтің алғаш бақыт құсын.!
Желтоқсан! Әз Тәукемен, Жәнібегің,
Қиында әруақтар жебеп еркін.
Есіңе ЕЛІМ-айдай әнді салып,
Ақтарған намыс қайрап ақ тілегін..
Ақтауға елдің артқан бар үмітін,
Желтоқсан! ӘЛИХАНДАЙ ақыл көркім.
Алты Алаш басын қосып ұран салып,
Уынан сақтандырған қызыл өрттің.
Қорғалап қызыл шайтан қазған ордан,
Алты Алаш бақ бірлігін армандаған.
Күрескен теңдік үшін, елдік үшін,
Желтоқсан -ер Мұстафа Шоқай данаң!
Аһ ұрып Отанынан шет жүрсе де,
Азаттық жолын іздеп бір тынбаған.
Бостандық жеткізсем-деп, сүйген елге,
Көз ілмей қайғы мұңның бұлтын жарған!
Ата ұлы тартып туар атасына,
Ез болсаң бос қаларсың от басында.
Қашанда әділдікке күрес қажет,
Желтоқсан! Жігер күшің бақ осында!
Желтоқсан- адуынды Адай күйің,
Жеткізген қуат қосып бабаң үнін.
Кектенген ызалардан оянған шақ,
Шуақты болу үшін көктемдерің.!
Бүктірген елім үшін қалың жауын,
Желтоқсан- Райымбегім, Абылайым!
Ұрпағын жетекке алып тылсым күшпен,
Күрес- деп,қолға ұстатқан ақ жалауын.!
Ғажайып күмбірлеген ән күйлері,
Желтоқсан! Ол қазақтың Мәдилері.
Абайым! Ильясым! Мағжандарым,
Серпіген бізге төнген дүлей желді!
Бет жыртпа ешкімді де кінәлеумен,
Желтоқсан! Мәңгілік Рух киелі өлең.
Ол Сырым, Кенесары, Махамбеттер,
Қаныңмен бірге біткен туған елмен!
Алуға қарақшыдан бостандығын,
Ең соңғы дем біткенше қосқан үнін.
Желтоқсан-Оспан атты батыр бабаң,
Қалдырған ерлігінің дастан жырын!
Желтоқсан! Бауыржан ер қайта оралған,
Қатыгез қас жауынан тайсалмаған..
Кеудесін тосып ажал тозақ отқа,
Алдына өжеттіктен жан салмаған.!
Дауылдың бастан кешкен сынақтарын,
Желтоқсан- қаһарман қыз Ләзаттарым.
Ол Мұқтар, Алты Алаштың ұлы ақыны,
Жар салып жырға қосқан Азат таңын!
Емдеуге құл мінезді кесел дертін,
Ақтаған ел алдында берген сертін.
Желтоқсан-жарқыраған жұлдыздардай,
Ғасырда бір туатын Алтынбегің!
Биліктің халықты езген үгіп тасын,
Шындықтың сыйға тартып шұғыласын.
Көкірек көзіңді ашып сәуле құйған,
Желтоқсан-адал досың «ЖАС АЛАШЫҢ»!
Сескенбей зел залалы шың құзыңнан,
Шыдамай зомбылыққа салтын бұзған,,
Желтоқсан- жау жүректі Хасендерім,
Ол Сабыр Қасым ұлы ұран жазған.
Ерлігің жоғалмасқа әр ізіңнен,
Сыр айтып Мәмбет ерге қолын созған!
Ой төгіп тарихыңның тереңінен,
Мәңгүртпен, кереңдерді міней білген.
Сол еді Қойгелдінің жарық шамы,
Ақиқат шындық үшін білек түрген!
Булығып дауыс салған ыза кектен,
Желтоқсан -ұлы күрес елің күткен.
Есігін тас қамалдың айқара ашып,
Құтқарған туған елін ауыр жүктен!
Желтоқсан! Айымбеттің Мәди ұлы,
Жасынан Байғаниннен ұғып жырды.
Уағыздап Асау Барақ ерліктерін,
Кеудеңе мөлдіретіп құйған сырды!
Алдында перзент болып бас иетін,
Желтоқсан ! Қазақ ұлттың қасиетің.
Шыңдалып шар болаттай күрестерде,
Ел үшін қанмен жазған өсиетін!
Желтоқсан - алауы бұл азаттықтың,
Осында еркіндігің ғажап үнің.
Бұғауын отаршылдың қақыратқан,
Жеңісің,! Тәңір берген, Қазақ күнің!
Күш беріп өн бойыңа жүгіртіп қан,
Жаныңа тәуелсіздік сиын тартқан.
Желтоқсан! От жүрегің арың, сырың,
Ұмтылмас ел ұраның мәңгілік ән!
Аяжан
Өте керемет