Нағашымен әңгіме

Бұл бетте «Нағашымен әңгіме» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 16.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2813
— Сияқты жарқылдаушы ең ай жаңасы,
Тап келді ит кәрілік қайдан, осы...
Тозаңы жолдарыңның жұғып қалған
Басыңды жуып алшы, ай, нағашы!
— Көзімнен талай сурет, өтеді елес,
Сан жолдың шаңын қақтым... бекер емес!
Сол шаңдар сіңіп қапты басқа мәңгі,
Жусам да сақарға сап кетер емес.
— Дәуреннің көзің жетіп өтпесіне,
Қызықтың көп теуіп пе ең өкпесіне? —
Дидарың ұқсайды екен шимай-шимай,
Көнетоз көз орамал кестесіне.
— Жүректе маздай жанған — қоздайды арман,
Өттік қой өтеріңді сезбей, жалған!
Алып ем көп орамал кестеленген,
Көрмедім біреуін де тозбай қалған...
— Тірліктің алды — шиыр, арты — жалған,
Сені де сан салған ғой талқыға арман.
Сен қылған иен ерлікке тәнті болғам,
Олжаңды сатып алмай — тартып алған!
— Артында еткен ісің, сөзің қалар,
Бермей тұр соның бірі сезімге нәр.
Арбалған торғай-жүрек безіл қағар,
Олжа емес, аждаһа-ажал өзіңді алар!..
— "Жігіттің жақсылығы нағашыдан". —
Кішкене күмәнім бар тап осыған...
Мен күйіп қала берем отқа ұрынсам,
Сен аман өттің тозақ арасынан.
— Түбіне қай оттың да көсеу жеткен.
Көсеулік тұқымында — есек жеккен.
Ерегес — екі талай болған шақта,
Жерім жоқ — кегім түгіл есем кеткен!
— Өткерген істеріңнің қаразына,
Білмеймін — риза ма ел, наразы ма?
Тартатын күн жақындап қалды-ау деймін,
Обал мен Сауабыңды Таразыға!
— Тәйт, әрі!..
Ел болмастың қырсығы ұрар!
Мен асқан мың белеске бір шығып ал...
Қотыр тіл — ем қонбастың тұқымы едің,
Байқаймын сауалыңның қылшығы бар!..
— Кәрі ағаш тамырларын таңып тасқа,
Шынардың көзін шұқып жарытпас та.
Болғанда сөзде қылшық, көзде былшық—
Қолыңнан келіп жатса алып таста...
— Жиенін ұшпақ көрген теңсінбей кім?!
Біржола жиен мені жеңсін, мейлің.
"Кәріде бата қабыл, жаста — тілек",
Алдыңа тап осыным келсін, деймін!..
Сілтенсін оңды-солды қамшы-ғұмыр,
Жиенжан, сен де мендей салшы дүбір! —
Деп бата берген боп шал,
Көзіндегі
Көрсетпей тастады алып тамшыны бір!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Нағашымен әңгіме өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Нағашымен әңгіме өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Нағашымен әңгіме өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Светқали Нұржан өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Нағашымен әңгіме өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері