Өлең, жыр, ақындар

Қыз бен қарт

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1577
Шалқар теңіз жағасында,
Шаңқай түстің шамасында
Шалқып, балқып жатты бір қыз
Шағыл құмның арасында.
Атқан таңдай тәні қандай?
Ақ сазандай саны қандай?
Қадалады қарт қиыла,
Қас сұлуды танығандай.
Күлімдеген көзі қандай?
Дірілдеген төсі қандай?
Қадалады қарт қиыла,
Жас аруға есі қалмай.
Үлбіреген ерні қандай?
Тал шыбықтай белі қандай?
Көлеңкедей ілесті қарт,
Арудан бір елі қалмай.
Қаймақтанып қайран жаға,
Барады қыз жайраң қаға.
Жалт-жұлт еткен жас денеге
Қарайды қарт қайран қала.
Шайма толқын шалқып ұрған
Құшады қыз балтырынан.
Керіп тұрған кеудесіне
Қарайды кеп шал қырынан:
«Толқынға осы ұсар ма едім?
Қыз белінен құшар ма едім?
Шіркін, бір сәт шағала боп,
Шыр айнала ұшар ма едім..?».
Қарт осылай қиялдайды,
Ақыл-есін жия алмайды.
Қызды оңаша қалдыруға
Көзі тағы қия алмайды.
Дегендей қыз тарт кемені,
Шоршып сүңгіп жалт береді.
Үздіктіріп, ынтықтырып,
Селкілдетті қарт денені.
Секірді қыз суға терең,
Толқын атып туған өлең.
Шал да артынан қуып берді,
Қарт жүрегі тулап ерен.
Асау толқын ала қашып,
Армандарға барады асып.
Бірте-бірте ару қыздан
Алшақтады ара қашық.
Шал байқұстың өздігінен
Жете алмасын сезді білем.
Қыз бұрылып қарайлады,
Оза тұрып мезгілінен.
Қарт көңілі алабұртып,
Келді ашуын шала бүркіп.
Кінәратсыз кәнизак қыз
Қоян көзбен қарады үркіп:
– Қыр соңымнан қалмадыңыз,
Кейде толқын қармадыңыз.
Әкетай-ау, айтыңызшы,
Қандай еді арманыңыз?
– Арман деген арғымақ қой,
Алдырады әркім-ақ бой.
Қолға түспес құралайдай,
Құлдыраған мәңгі бақ қой.
Бір ысып, бір суып денем,
Көк толқынды буып келем.
Айдын көлдің аққуындай,
Қалқам, сені қуып келем.
– Қараңызшы шашыңызға,
Жер мен көктей жасымыз да.
Қалай бола қояр екен
Келуіңіз қасымызға?
– Жас емес деп жекімегін,
Күмбірлеп тұр көкірегім.
Еш болмаса аш беліңнен
Бір ұстатшы – өтінемін.
– Дұрыс делік тілегіңіз,
Құрыш делік білегіңіз.
Шақтарда шын қуанышты
Қалай еді жүрегіңіз?
– Қу қыз, маған тек күлесің,
Бал қызықтан жоқ па үлесім?
Қолыма бір түсе қалсаң,
Нағыз «қасқыр» деп білерсің.
Жалғыз сәтке жан жарым боп,
Татып көрсем бал нәрім боп.
Содан кейін, содан кейін...
Өліп кетсем, арманым жоқ.
– Әкетай-ау,
Мақұл, бірақ,
Іс істеңіз ақылдырақ..
Өзіңізді танытыңыз,
Қимыл жасап батылырақ.
Қатар жүзіп жарысайық,
Көк толқынмен алысайық.
Жеткен жерде – мен сіздікпін,
Қос арман боп табысайық....
Қыз айтқан соң амал бар ма?
Уақыт жоқ алаңдарға.
Толқып жатқан телегейде
Қиыла қарт қадалды алға.
Содан кейін қызып кетті,
Қатарласа жүзіп кетті.
Алайда қыз ә дегеннен
Қашықтықты үзіп кетті.
Қарт қатерді ұмытқан-ды,
Кеудеде тек үміт қалды.
Қызды қуып жетер болса,
Қарсы алады күліп таңды.
Бақыт оңай ұстатар ма?
Қарт келеді тұста талма.
Ойхой, дүние-ай, ақ сазандай
Жүзсе сұлу қыз қатарда!
Барады ұзап ара қашық,
Қарт қажыды қара басып.
Қыз бұрылып қарайлады,
Ақ көбікпен араласып:
– Әкетай-ау, мұныңыз не?
Сеніп едім тіліңізге.
Жан шошырлық кейіптесіз,
Қарап тұрсам түріңізге.
– Мен жиырма бес шақтарымда
Ойнаушы едім ат жалында.
Жайықтарды жалдап өтіп,
Жүргем бақыт бақтарында.
– Сол жиырмаңыз мен емес пе?
Есіп тұрған жел емес пе?
Толқындайын тербетіліп,
Алпыс бес те келеді еске.
– Қырықта да қарулы едім,
Қыз-қырқынға салулы едім.
Кете алмаған құшағымнан
Небір кербез ару менің.
– Қырқымызда қыз болмаспыз,
Күйеуді де қызғанбаспыз.
Амал қанша,
Ол уақытта
Қасымызда сіз болмассыз.
– Жақсы екен-ау елуім де,
Өз күшіме сенуім де.
Ауа райы бұзылар ма?
Басып кетті-ау жел уілге.
– Елуінде марқаяр кім?
Көркім кетіп, қартаярмын.
Тоқсанында торға түсіп,
Ата, сен де жантаярсың.
– Жоқ, қарағым, алпысымда
Бармын әлі тартысуға...
Дегенменен бірте-бірте
Бата берді қартың суға.
Ақырғы үміт, ақырғы арман,
Алдамшы боп жатыр жалған.
Тұңғиыққа тарта түсіп,
Қарт денені батырды әрман.
Бір көміліп,
Бір көрініп,
Дүлей күштен үрке жүріп,
Суды біраз сімірді қарт,
Тіл қата алмай, діңке құрып.
Ұмытып қу құлқынды бұл,
Ақтық рет бұлқынды бір.
Көзден бұлбұл ұшарында,
Қандай тәтті шіркін ғұмыр?
Жал-жал тілін жалаңдатып,
Қақпақыл ғып қараңдатып,
Көміп бара жатты толқын,
Ышқынды қарт:
– Барам батып!..
Оралмасын өздігінен
Қыз табанда сезді білем.
Ессіз қартты жағалауға
Алып шықты тездігінен.
– Әкетай-ау, өкпелеме,
Қол создыңыз көкке неге?
Алпыс бес пен жиырма бес жас
Жараса ма?
Дөп келе ме?
* * *
Шалқар теңіз жағасында,
Шаңқай түстің шамасында
Шала-жансар жатты бір шал
Шағыл құмның арасында.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алғашқы қар

  • 0
  • 0

Қар жауып тұр, алақай!
Тысқа жүгір, балақай.
Шаңғың болса, алып шық,
Қыр басына барып шық.

Толық

Ақын қасіреті

  • 0
  • 0

Қырандарда қыран бар самғайтұғын,
Самғайтұғын биікке, талмайтұғын.
Оларда да бар шығар әлжуаздар
Тышқан аулап, өзегін жалғайтұғын.

Толық

Қасиетті кескін

  • 0
  • 0

Қашан да құрмет патшаға,
Көндіккен соған санамыз,
Суретін сәндеп саламыз
Теңгеге, яки ақшаға.

Толық

Қарап көріңіз