Өлең, жыр, ақындар

Мәңгілік махаббатым

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 2923
(Анам Ырыс Орынбекқызына)

Мәңгілік махаббатым – анам менің,
Оянды ақ сүтіңмен санам менің.
Шыр етіп дүниеге келген күннен
Бақытым, бар арманым – балам дедің.
Білем мен, бірден жарық көргенім жоқ,
Білем мен, өмірге оңай келгенім жоқ.
Басыңа бейнет бердім ұлан-асыр,
Бесікте жатқанымша ермегің боп.
Шыр етіп түскен сәттен шақалақ боп,
Жайылдың жаялық боп, шапағат боп.
Бетімнен құшырлана сүйе бердің,
Мәңгілік менің үшін махаббат боп.
Алайда, асыл ана, мұның бәрін
Тап сол кез түсінбедім, ұғынбадым.
Ақ сүтің ауызыма келмей қалса,
Табанда мазаңды алып шырылдадым.
О, ана, неткен мықты төзімді едің?
Тербетіп түні бойы көз ілмедің.
Сонда да жаз күніндей жайраң қағып,
Өзегі өмірімнің өзің дедің.
Көңілің келдей шалқып сергек үнді,
Күніне жүз қүрғаттың жөргегімді.
Өмірлік қызметім өтер ме екен
Сенің сол бір таңдағы еңбегіңді?
Мен күлсем, сен де бірге күлімдедің,
Көзімнің қарашығы, нұрым дедің.
Сәл ғана кірбің қағып қабақ шытсам,
Ауырып қалды ма деп дірілдедің.
Тереңнен тебіреніп, есіп жырың,
Көп айттың құлағыма бесік жырын.
Кім білсін, әлде сенің сол сөздерің
Аялап өсірді ме сезім гүлін?
«Әлди, әлди, бөбегім,
Ақ бесікке бөледім,
Ай мен күнге теңедім,
Әлди, әлди, әлди-ай!
Әлди, әлди, жанарым,
Мақтанышы ананың,
Таза болсын жан арыц,
Әлди, әлди, әлди-ай!
Әлди, әлди, құндызым,
Аспандағы жұлдызым,
Жарқыраған күндізім,
Әлди, әлди, әлди-ай!
Әлди, әлди, ермегім,
Көкке құлаш сермегін,
Бір өзіңсің сенгенім,
Әлди, әлди, әлди-ай!
Әлди, әлди, балапан,
Лялайды жан анаң,
Аялайды бар Отан,
Әлди, әлди, әлди-ай!
Әлди, әлди, арманым,
Қыран құстай самғағын,
Бесік жырын арнадым,
Әлди, әлди, әлди-ай!
Әлди, әлди, бөпешім,
Әлі адам боп кетесің,
Арманыңа жетесің,
Әлди, әлди, әлди-ай!».
Алдыңнан анадайдан бұрын шығып,
Алдымен апа дедім тілім шығып.
Жадырап тыңдай бердім әлдиіңді,
Тұрғандай қарсы алдымнан күнім шығып.
Қаз тұрып алғашқы адым басқанымда,
Жыр толып жалын атқан жас жаныңда,
Шақырып көрші-қолаң, абысынды,
Шашу қып шаттығыцды шашпадың ба?
Үйіріп бал тіліңмен барлық жанды,
Сол күні балғын жүзің бал-бұл жанды.
Ұйытып тыңдаушыңды тәтті үніңмен,
Тамсантып, тамылжытып салдың әнді.
Бала деп нұрын төккен ана қандай?
Ана деп жырын төккен бала қандай?
Мызғымас махаббаты екеуінің
Мәңгілік бір-біріне жаралғандай.
Күн сайын қызығымды базарладың,
Көшеде жүрсем де ойнап көз алмадың.
Көрсетсем теріс мінез еркелікпен,
Қынжылып бір минут те төзе алмадың.
Салмақтап сабыр, сана, нақылыңды,
Зердеме құя бердің ақылыңды.
Көрсетсем жақсы қылық, жадырап бір,
Сырнайдай сыңғыраттың шат үніңді.
Есімде мектепке алғаш апарғаның,
Мен үшін қалам, қағаз қатарладың.
Өтектеп киімімді қайта-қайта,
Сол түні таң атқанша жата алмадың.
О, ана, мен дегенде тағат бар ма?
Арайлап аңсай күткен таң атқанда,
Мектепке ілестіріп елден бұрын,
Паңдана бара жаттың қарап маңға.
Осылай өмірдің бір өткелінен
Екінші белесіне өткеріп ең.
Мен содан келем өсіп азамат боп,
Нәр алып сансыз кітап беттерінен.
Тойладың оны-дағы қуанышпен,
Ана деп сайрап тұрды бір ән іштен.
Тағы да ғылым іздеп талаптанып,
Бұл жолы жүріп кеттім тым алыс мен.
Хат болып сағынышың келіп тұрды,
Аналық мейірімді төгіп тұрды.
Жанымды елжіретіп күн нұрындай,
Әр сөзің кемісімді толықтырды.
Алыстан оралдым да ауылыма,
Қайтадан кіріп кеттім бауырыңа.
Анажан, бұрынғыдай аяладың,
Сәбидей қарап тағы дәу ұлыңа.
Аймалап сүйіп жатсаң бала санап,
Әрине, анаға бұл жарасады-ақ.
Қауышқан құшақтарға қызыққандай,
Келінің тұрды сонда тамашалап.
Болса да бөлек бұл шақ керегеміз,
Есейіп қалса дағы немереңіз,
О, ана, өзің жүрген жерде ғана
Береке, той-думанға кенелеміз.
Ақ қырау салса да ізін самайыңа,
Айналып бара берем маңайыңа.
Мәңгілік махаббатым – абзал анам,
Жанарың орайды таң арайына.
Аламын сенен күннің қызуын да,
Табамын сенен өмір қызығын да.
Бейнеттің жатыр ізі маған сіңген
Бетіңнің әжімделген сызығында.
Аққудай тербетілген көл бетінде,
Мейір мен сұлулық бар келбетіңде.
Мен саған баламаймын Ай мен Күнді,
Өзіңе тең келер кім жер бетінде?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жетім жыры

  • 0
  • 0

Қалтылдап қаз тұрғаннан тәй-тәй басып,
Талпындым алаға қарай байқай басып.
Қосылып көрші-қолаң балалармен,
Ойнақтап жүгіріп кеттім айқайласып.

Толық

Жырақтап сәтке бір ғана

  • 0
  • 0

Жырақтап сәтке бір ғана,
Естімей қалсам үніңді,
Тұнжырап кетем мұңдана,
Жоғалтқан жандай күнімді.

Толық

Желбір де жібек желегім

  • 0
  • 0

Желбір де жібек желегім –
Өмірлік өлмес өлеңім.
Еліммен еркін еркелеп,
Мен де бір жасай беремін.

Толық

Қарап көріңіз