Өлең, жыр, ақындар

Көшіп кеткен...

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 401
Ұстатпады-ау жалынан шіркін, арман,
Сейілмеді ау, бір тұман, бір тұманнан.
Ата анамның көрінген көзіндей бір,
Ағайымның өзі жоқ ..жұрты қалған.
Белес белес жел ескен даладағы,
Тіршілікпен тынымсыз жол ағады.
«Қарындасым» деп сүйер маңдайымнан,
Ауылымдай көруші ем сол ағаны.
Шаршады ма, кім білсін тосып көптен,
Орынына кетіпті өсіп көктем.
Жүрегіме инедей қадалған ай,
Ол бауырың деген сөз «көшіп кеткен».
Ақсуымның толқынын домбыра ғып,
Сұрағандай сүйінші жел қуанып.
Ауылыма жеткенде аңсап, талып,
Қайсы есікті қағамын, енді барып?
Көңілім күз... келемін кешіп көктем,
Көшкен жұртпен тербеліп бесік кеткен.
Қауын ұрлап, қуған, асық атып,
Өшіп кеткен іздерім, көшіп кеткен.
Қол алмады, сағынған бауырым кеп,
Туған жердің артады тауы міндет.
Ата анамның мәңгілік «ауылына»
Барып қайттым, «көшпейтін ауылым» - деп...
Жыр моншағын жылдарым тізбектеген,
Біздер жүрген кешегі із көктеген.
«Қорғансыздың» енді мен күнін көріп,
Ата-анамның зиратын іздеп келем...
Сезім селін жүр едім кешіп көптен,
Бір жұлдызым аққандай, өшіп көктен.
Ауылым жоқ... баратын бауырым жоқ,
Жұрты жатыр, қай жаққа көшіп кеткен?
Сезімге тұр сыңсыған мұң оралып,
Танымайды «жерлесін» мына «халық».
Шырамытам, көргендей қыз-жігітті,
Әкесінің есімін сұрап алып.
Аман болсын, тұяғы қалған шалдан,
Тағы кімді сұраймын жанған шамнан?
Бомба түскен сияқты кей үйлерге,
Терезесі, есігі аңғал-саңғал.
Айнала үнсіз... танадай құлаққа ұрған,
Уақыт бәрін жағаға лақтырған.
Үйіндіні «үйім» - деп орнын сипап,
Кім жұбатар? жанымды жылап тұрған?
Баладай боп, басымнан кешіп көктем,
Ауылымды айтушы ем бесік деп мен.
Арбасына арманның артып алып –
Көз алдымда дүние ай көшіп кеткен.
Болып тұрмын, қайтқан құс, тізбекке алаң,
Жеңешем жоқ, қарайтын «қыз» деп маған.
Төрден шыққан күнім деп, «төркінім» - деп,
Енді кімді сағынып іздеп барам?...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бола алмайсың ештеңеге енді алаң

  • 0
  • 0

Бола алмайсың ештеңеге енді алаң,
Алаң болған ел де аман, мен де аман.
Өмірде бір кездеспейтін «пәктік» деп
Қорғап, аяап қараушы едің сен маған.

Толық

Ауа жетпей кейде бір алқынамын

  • 0
  • 0

Ауа жетпей кейде бір алқынамын,
Ондай кезде шығады салқын әнім.
Ғашық болып тағы да таңғы күнге,
Таңғы күндей биікке талпынамын.

Толық

Уақыттың өте берсін ай, аптасы

  • 0
  • 0

Уақыттың өте берсін ай, аптасы,
Өмірдің біз емеспіз аяқ, басы.
Алаңсыз күлімсіреп шалықтаған,
Сәбиді ұйқыдағы оятпашы.

Толық

Қарап көріңіз