Түнгі тыныштық – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Түнгі тыныштық» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.07.2019
  • 0
  • 0
  • 2608
Дала тыныш, ана тыныш,
Бесіктегі бала тыныш,
О, Жаратылыс!
Қала оттары сөнбеген,
Сырттан қауіп төнбеген.
Тарта көрме төтен бір
Тасырыңды көлденең,
О, Жаратылыс!
Тындырып бір дара тың іс,
Төсегінде дана тыныш,
О, Жаратылыс!
Шырағданы сөнбеген,
Бойын шабыт кергеген.
Ақын отыр албырап,
Өлең сөзін зерлеген,
О, Жаратылыс!
Бұғауланып бар атылыс,
Мызғып алсын сана тыныш,
О, Жаратылыс!
Көл қалпында көл деген,
Бел қалпында бел деген,
Ел қалпында ел деген.
Тыныштықты тербеген,
О, Жаратылыс!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері