Өлең, жыр, ақындар

Жұмбақ жылан

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1810
Ерте, ерте, ертеде
Ешкі жүні бөртеде,
Бір жалшы мал айдапты,
Қой бастатып серкеге.
Бай малы екен баққаны,
Тым мардымсыз тапқаны.
Шығады айдап отарды,
Алыс елге сатқалы.
Оңай емес жол анық,
Көрді ертемен ол анық:
Мүйізіне серкенің
Ерді жылан оралып.
Кешкі мезгіл болғанда,
Бір қорғанға қонғанда,
Жерге түсіп мүйізден,
Жатты жылан сол маңда.
Жыланды бай көре сап,
Болды лезде зәрезап
Бұйрық берді жалшыға:
– Өлтір жылдам, кәне, шап!
Жалшы, бірақ, саспады,
Байды басып тастады.
Жылан жайлы білгенін
Түсіндіре бастады:
– Тиер болсаң жыланға,
Ұшырайсың лаңға.
Жүре берсін ілесіп,
Жол берейік шыдамға.
Түнде келіп қалар деп,
Жылан шағып алар деп,
Басы қатып байекең,
Қорқып жатты алаң боп.
Бай кірпігін қаққан жоқ,
Жылан, бірақ, шаққан жоқ.
Жолаушылар аттанды,
Қалған кезде ақ таң боп.
Келеді олар топтаса,
Қауіп-қатер жоқ та аса.
Демалады жылан да,
Жолаушылар тоқтаса.
Кемітпей жол қарқынын,
Артта қалды алты күн.
Жеткенше үлкен қалаға,
Табар емес жан тыным.
Жетінші күн болғанда,
Қалаға кеп қонғанда,
Тоған бұзып бір жігіт
Жүрген еді сол маңда.
Жылан да оны көреді,
Жерге суси береді.
Жылжып барып жігіттің
Етігіне енеді.
Жігіт елең етпеді,
Қауын екен еккені.
Күн көзіне шағылып,
Жарқырайды кетпені.
Маңдай тері – төккені,
Бітік екен еккені.
Байқап қалған жыланды,
Жалшы солай беттеді.
Амандасып жігітпен,
Сыр тартады күдікпен.
– Бұдан бұрын, қарағым,
Біздің елде жүріп пе ең?
Күдіктеніп диқан да,
Қалды біраз қипаңдап.
Содан кейін сөйледі,
Тұрсын ба енді күй таңдап:
– Жалғыз едім атадан,
Жабығушы ем қападан.
Ойда жоқта бір істі
Жасап қойдым қатадан.
Сіздің елде туып ем,
Жақсыларға жуық ем.
Анашымды асырап,
Адал жолды қуып ем.
Бірде байға ақымен
Қамба қазып жатыр ем.
Жылан деген ордалы
Ойымда жоқ атымен.
Жылан шығып інінен,
Тез өлтірдім бірін мен.
Ордалы екен байқасам,
Таусылмады күнімен.
Қиыс кетіп кетпенім,
Тек біріне жетпедім.
Шошындырды өзімді
Тап осылай еткенім.
Қарттар сонда кеңесті,
Кеңескенде не десті:
«Бір жыланның қалуы,
Сірә, тегін емес-ті.
Күн өткен соң шамалы,
Түбі сені табады.
Кек қайтармай қоймайды,
Табады да шағады.
Жылан екен ордалы,
Ауыстырғын орданы.
Елден жырақ кетсең де,
Аман жүрсең болғаны».
Елден сөйтіп кетіп ем,
Осы жаққа жетіп ем.
Еңбегімен күн көрген,
Жалғыз туған жетім ем.
Жолаушы оны ұғынды,
– Айтайын, дос, шынымды.
Еріп келіп сол жылан,
Етігіңе тығылды.
Диқан қатты шошынды,
Айтар сөзден тосылды.
– Құтқар мына пәледен,
Мен сияқты досыңды.
Жолаушы айтты:
– Сәл сабыр,
Жан қалады қалса бір,
Кетпен қойып төбеге,
Астына нан салса бір.
Етікті бір тепті де,
Диқан солай етті де.
Жылан сол кез шырылдап,
Көкке ұшып кетті де.
Барып-барып бұлдырап,
Қайта төмен құлдырап,
Төңкерілген кетпенге
Шарт етіп кеп ұрды нақ.
Түскенімен шаншылып,
Табанда тез жан шығып,
Нанды тесіп өте алмай,
Өлді жылан жаншылып.
Диқан ашып жан сырын,
Төгіп көзден тамшыны,
Сүйе берді құшақтап
Қасындағы жалшыны.
Қоштасарда жігітпен,
Айтты сырын іріккен:
– Жарамайды жыланнан
Тектен-текке үріккен.
Адамды ол шақпайды,
Аңдымайды, бақпайды.
Өзің барып тиіссең,
Онда тыныш жатпайды.
Жылан деген ордалы –
Бір қауым ғой ол-дағы.
Жалпы, көпке топырақ
Шашпай жүрсең болғаны.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Керек

  • 0
  • 0

Балаға ана керек,
Анаға бала керек.
Қорғайтын екеуін де
Отаны – пана керек.

Толық

Сезім

  • 0
  • 0

Нәзік ұғым сезім деген,
Көп адамдар сезінбеген.
Жатсам-тұрсам өзің болып,
Күндерім ол көз ілмеген.

Толық

Жанды беруші де, алушы да Алла

  • 0
  • 0

Ешқандай құқы жоқ
Біреу біреудің ағызуға қанын.
Алла өзі ғана алады
Пендесіне берген жанын.

Толық

Қарап көріңіз