Өлең, жыр, ақындар

Сиқырлы светофор

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1289
1
Ерте де емес, кеш те емес,
Айы, жылы есте емес.
Бір ертегі айтайын,
Осы күнгі –
Ескі емес.
Ол кезде әлі шаламыз,
Қара сирақ баламыз.
Құлын болып кісінеп,
Шыбық мініп шабамыз.
Қашық тіпті қаламыз,
Жылында бір барамыз.
Жол-жөнекей жеткенше,
Екі-үш түнеп аламыз.
Көлігіміз – арбамыз,
Ризамыз барға біз.
Машинаны көргенде,
Таң-тамаша қалғанбыз.
Түсіре алсақ қолға біз,
Болар еді-ау жорғамыз.
Шіркін,
Бірін берсе деп,
Армандаушы ек сонда біз.
Бастық біздің айбатты,
Бастық біздің қайратты.
Әкелді бір машина,
Дүрілдетіп аймақты.
Ауыл тегіс шаттанды,
Ауыл тегіс мақтанды.
Машинаны көруге.
Кәрі-жасы аттанды.
Біздерге ол тым қызық,
Дүрліктірді бұл қызық.
Деп қоямыз шуласып:
«Көрер ме еді жүргізіп».
«Өкіметің күшті екен,
Мұны қалай істеген?» –
Деп қояды қарттар да,
Таңырқаған түспенен.
Бастық бір кез жөтеліп,
Қолын көпке көтеріп,
Сөйлеп кетті: – Ағайын,
Біраз сабыр етелік.
Өкімет – шын анамыз,
Өкімет – шын панамыз.
Не көректің бәрін де,
Өкіметтен аламыз.
Шолу үшін өңірді,
Болу үшін көңілді,
Берді бізге машина,
Тасу үшін өнімді.
Енді бұған керегі –
Жүргізуші өнері.
Оқу керек қалада,
Болу үшін шебері.
Кәне, оқитын кімің бар?
Батыл алға шығыңдар.
Жол жабдығын дайындап,
Аттандырам бүгін дәл.
Шықты ортаға Төленді,
Төлендіні көр енді.
Оқып келіп қаладан,
Шофер болмақ ол енді.

2
Төленді тегінде,
Жігіт-тін тынышсыз.
Ауылда көбінде,
Жүретін жұмыссыз.
Оқуын бітіріп,
Рульге отырды.
Жүрген ел күтініп,
Жүргіз деп өтінді.
Машина зыр қақты,
Мақтады ел енді.
Бәрінен қымбатты,
Атанды Төленді.
Жел сөзге желігіп,
Желпінді Төленді.
Елпеңдеп, еліріп,
Құйғыта жөнелді.
Ойлардан орғытып,
Қырлардан қарғытты.
Жаяуды қорқытып,
Көшені шаңғытты.
Ұмытты қауіпті,
Ұмытты сабырды.
Қуалап тауықты,
Көтерді дабырды.
Біреу «жай» десе де,
Айдады қатты ол.
Бос жүрген көшеде,
Итті де қақты ол.
«Қой, дейтін қожа жоқ,
Әй, дейтін әже жоқ».
Бір өзі «қожа» боп,
Бір өзі «әже» боп;
Ауылды шарлады,
Жоқ ешкім мықты одан.
Тілді ол алмады,
Бастық та ықты одан.
Машина – астында,
Зырлайды, тынбайды.
Бір өзі бас тұлға,
Ол кімді тыңдайды.
Қиын ба құтыру,
Есірді Төленді.
Одан тез құтылу,
Қайтсе де жөн енді.
Колхоздың бастығы,
Бірде оны шақырды:
– Жоқ саған қастығым
Жігітсің ақылды.
Шоферсің білімді,
Сыймайсың далаға.
Алсаң сен тілімді,
Ауысқын қалаға.
Машина көп онда,
Таңдайсың,
Мінесің.
Шаң-тозаң жоқ онда,
Тап-таза жүресің.
Бастықпен Төленді
Оп-оңай ұғысты.
Қалада ол енді,
Жалғайды бұл істі.

3
Қала деген, әрине
Колхозыңнан көлемді.
Көз тігеді әр үйге,
Тамашалап Төленді.
Орналасты бір базға,
Шофер болып шын маман.
Отырды кеп піл «МАЗ»-ға,
Адам қолын тыңдаған.
Тасу түрлі ауыр жүк –
Төлендінің міндеті.
Тұрмайды ол әбіржіп,
Зыр қағады күнбе-күн.
Кең болғанмен жол енді,
Адам да көп, көлік те.
Бірақ біздің Төленді,
Жан емес пе желікпе.
Отыра сап «МАЗ»-ына,
«Айт жануар, шу!» – дейді.
Атырылып, азынап,
Арғымақтай гулейді.
Қорқады ел көргенде,
Мүліктері суылдап.
Өте шығар ол демде,
Қастарынан зуылдап.
Жаяу түгіл,
Көлікте,
Отырғандар сескеніп
Жатады жол беріп те,
Есерлігін ескеріп.
Өйтпегенді Төленді
Қағып-соғып өтеді.
Түршіктіріп денеңді,
Жер-түбіңе жетеді.
Жолдың білмей ретін,
Қарсы келген бағытта,
Машинаны бір-екі,
Кетті мықтап қағып та.
Осылайша желігіп,
Тоқтамайды Төленді.
Тыңдамайды еліріп,
Инспектор дегенді.
Көшелерде жоқ белгі,
Орындайтын тілекті.
Соның жолы өктем-ді –
Кім жүректі, кім епті.

4
Инспекторлар жиналып,
Ақылдасты, кеңесті.
Кәдімгідей қиналып,
Кеңескенде не десті?
«Шығып жүр ғой бұл күнде,
Төлен деген бір «мықты».
Сөз өтпейді шіркінге,
Көрсетіп жүр сұмдықты.
Бұрышынан көшенің,
Өте шығар аптығып.
Кейде білмей есебін,
Қалып та жүр қақтығып.
Өзінде еш жоқ та әдеп,
Сақтамайды тәртіпті.
Белгі берсең тоқта деп,
Тоқтамайды, ол тіпті.
Оған қарап басқа да
Шоферлар бар желіккен.
Бүйте берсе масқара,
Айырламыз еріктен.
Ойланып күн, жатпай түн,
Қарастырып бағайық.
Жол тәртібін сақтайтын,
Бір амалды табайық»...
Осылайша барлығы,
Шешімге кеп жарасты,
Бір жаңалық әрбірі,
Таппақ болып тарасты.
Тапты ақыры біреуі
Светофор сиқырлы.
Орындалып тілеуі,
Көңілдерге күй кірді.
Кереметі керемет,
Бес көзі бар алып бір.
Сиқыр сәуле себелеп,
Түрлі түспен жанып тұр.
Жолдың қиылысына
Орнатты оны апарып.
Жанады ол,
Тұсына
Барса көлік тақалып.
Светофор бәріне,
Бағыт сілтеп тұрады.
Мінеді ол кәріне,
Жанса қызыл шырағы.
Қыбырлатпай бір адым
Көліктерді топтайды.
Жарты минут ұлы ағын
Тыныстайды, тоқтайды.
Сары көзі жанғанда –
Шоферға ең керегі:
«Қозғалуға қамдан да,
Дайын тұрғын» дегені.
Жасыл көзі жанғанда,
Ең үлкені төменгі:
«Еш нәрсеге алданба,
Тура жүргін» дегені.
Оң жақ жасыл жанғанда,
«Оңға бұрыл» дегені.
Сол жақ жасыл жанғанда,
Солға бұрыл» дегені.
Светофор тіліне,
Бағынбауға болмайды.
Тас қып байлап түбіне,
Жазалайды ондайды.

5
Жаңалықтан хабарсыз,
Келеді ағып Төленді.
Шалқып-тасып алаңсыз,
Әндетеді өлеңді:
«Менің атым Төленді,
Жұртты мысым басады.
Көрген адам төбемді,
Анадайдан қашады.
«Арғымағым» барында,
Ұшқан құспен теңестім.
Ағызғанда арындап,
Тоқтата алмас мені ешкім
Ол осылай қасқитып,
Қиылысқа кеп қалды.
Қызыл көзін ақшитып,
Светофор оқталды.
Оны мүлде тыңдамай,
Өте берем деп еді.
Тоқтап қалды,
Бұл қалай? –
Бөтен бір күш бөгеді.
Светофорға тіл бітіп,
Сөйлеп кетті со замат:
– Кезегіңмен жүр күтіп,
Маған қарап, азамат!
Түсіндіріп жайын бар,
Сары көзін жағып ол,
деді:
– Қазір дайындал,
Жүру үшін тағы жол.
Содан кейін өзінің,
Жасыл көзін жақты да:
– Жүре бергін тез, інім, –
Деді оған тақ тұра.
Құтылдым ба дегендей,
Келеді ағып Төленді.
Өте шықпақ бөгелмей,
Кезіксе айрық жол енді.
«МАЗ»-ын Төкең қасқитып,
Қиылысқа кеп қалды.
Қызыл көзін ақшитып,
Светофор оқталды:
– Жылдамдықты асырма,
Керек, достым, тағат та.
Желік шауып насырға,
Ұшырарсың апатқа.
Қайран қалып Төленді,
Сұрады шын кешірім:
– Асықпаймын мен енді, –
Деді айтып кесімін.
Сол Төленді бірақ та,
Жүрді көңлі пәс болып.
Өтпей жатып бір апта,
«МАЗ»-ға отырды мас болып.
Светофор тағы да,
Ұстап алды тас қылып.
Деді:
– Қалқам, налыма,
Кетті қылмыс асқынып.
Енді шофер емессің,
Мамандығың жойылды.
Менен болды демессің –
Өзің соқтың сойылды.
Содан бастап Төленді,
Шоферлықтан кетіпті.
Еске алмайды ел енді,
Оған көп жыл өтіпті.
Шофер қауымы бүгінде,
Жол тәртібін біледі.
Светофор түбінде,
Ережемен жүреді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бақыт іздеген бала

  • 0
  • 1

Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Ұлы бопты бір байдың,
Жұрттан асқан ерке екен.

Толық

Есектің есебі

  • 0
  • 0

Кейбіреу Есекті Есек дейді,
Есеп білмейді деп есептейді.
Өйткені, дипломы жоқ оқып шыққың,
Бірақ та бар қулықты тоқып шыққан.

Толық

Ақіреттік әңгіме

  • 0
  • 0

Заманда баяғы,
Сайтандардың,
Сайқалдардың
Шыққанда аяғы,

Толық

Қарап көріңіз