Өлең, жыр, ақындар

Әкені жоқтау

  • 29.08.2019
  • 0
  • 0
  • 147094
Бісміллә еді сөз басым,
Айтсам бір келер көз жасым.
Кетіпті-ау әкем келмеске,
Иманың болсын жолдасың!
Бір пайғамбар Нүсіп-ті,
Басынан сұңқар ұшыпты.
Кеше де жүрген әкешім,
Қара жерге түсіпті.
Имансыз ауыз ашпаған,
Дәретсіз жерді баспаған.
Иманды болғыр әкем-ай!
Артына бізді тастаған.
Әкем келді сексенге,
Жылайын жұртым сөксең де.
Әкемдей, шіркін, жан тумас,
Алтын мен күміс ексем де!
Мұңы бар адам жылап тұр,
Мұңы жоқ адам сынап тұр.
Жылады деп сөкпе, жұрт,
Тас қорғаным құлап тұр.
Бейістің төрі жапырақ,
Жапырақ түсті жалтырап.
Әкем бір кетті келмеске,
Алдынан жансын шам-шырақ.
Меккенің тауы Медине,
Жақсы дейді о дүние.
О Дүниеге барғанда,
Самалы тисін бетіңе.
Бейітінің басы үш тас-ты,
Басынан сұңқар ұшпас-ты.
Кешеде жүрген әкем-ай,
Бізбенен бүгін қоштасты.
Бәйтерек басы бүрленер,
Бүрленген соң түрленер.
Басқалай туыс не керек,
Сарқытын бізге кім берер?!
Сексенге келген жасыңда,
Пайғамбар келсін қасыңа.
Жеңіл болсын сұрағың,
Солардың бол қасында.
Есіктің алды тобылғы,
Тобылғы бүрі төгілді.
Әкемнен мен айрылып,
Қабырға, қолым сөгілді.
Бұйыртсын Алла иманын!
Қабыл көрсін құранын.
Иманды болғыр, әкем-ай,
Бейісте болсын тұрағың!
Үйің бір қалды тігулі,
Киімің қалды ілулі.
Әкеден бала айрылдық,
Тарлығы дүние білінді.
Асқар тауым әкем ед,
Айдын көлім шешем ед.
Әке-шешеден айрылған,
Біздей сорлы өтер ме ед?!
Мінгенде атым сетер ме,
Бәйгеге қоссам жетер ме?
Әке-шешеден айрылып,
Көрген бір күнің бекер де.
Жібектен киім жамылып,
Көзімнің жасы ағылып.
Әке-шешені көп ойлай,
Мен отырмын сағынып.
Есіктің алды мұнай-ды,
Мұңы бар адам жылайды.
Мұңымды айтып жыласам,
Мұңымды кім тыңдайды.
Мінгендей атым кекілді,
Жолаушы кеткен секілді.
Иманды болғыр, әкем-ай!
Келмеске барып бекінді.
Мінгендей атым қаракер,
Қамшыланса шығар тер.
Кешеде жүрген әкем-ай,
Мекені болды-ау қара жер.
Мінгендей атым көк дөнен,
Ажал бір келді-ау көлденең.
Әкемнен мен айырылып,
Шыбын жан отыр өлмеген.
Күн көрінер күймеден,
Іс құтылмас инеден.
Иманды болғыр әкем-ай!
Не көрер о дүниеден.
Жеңіне киген жеңсесі,
Көтерілмей жүр еңсесі.
Барғанда келмейт деуші еді,
Бұйрықша, шіркін, келсеші!
Мінгендей атым аршын көк,
Бәйгеге қостым барсын деп.
Алладан ұрпақ сұрапты,
Шулап бір артта қалсын деп.
Сұрапты ұрпақ Алладан,
Сұрапты атын молладан.
Сол ұрпағың біз сорлы,
Артыңнан шулап боздаған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Арман-ай

  • 0
  • 0

Ой, дүние, жас уақытта ойнап, күлсек,
Біраз күн көріп қызық, дәурен сүрсек.
Көзіне әркімдердің түсер едік,
Қол жетіп тәуір киіп, жақсы ат мінсек.

Толық

Күлән

  • 0
  • 0

Бауырында тасты өзектің ін бар ма екен,
Бойыңда жан әкемнің мін бар ма екен.
Жылаймын күні-түні сағынғаннан,
Көретін сүйгенімді күн бар ма екен?

Толық

Әдемі қыз

  • 0
  • 0

Ақ көйлек, қызыл бешпет, әдемі қыз,
Тиген жоқ әлі ешкімге, әдем-ау, әлегіміз.
Бірге өскен кішкентайдан құрбым едің,
Өзіңнен әлі күнге, әдемі-ау, дәмеліміз.

Толық

Қарап көріңіз