Өлең, жыр, ақындар

Мектептегі махаббат...

Сезімінің мөлшемін өлшетпеген,
Жан едім сырын сыртқа көрсетпеген.
Алдыңғы қатардағы саған қарап,
Көз алмай отырушы ем, ең шетте мен.

Сен дегенде барлық жігіт ақын еді,
Сыныптағы қыздар да жақ үнемі.
Арамызда алты адам отырса да,
Жүрек саған əрқашан жақын еді.

Жүретін ғашықтардың тек ізімен,
Сен – аққусың, болсам деп ем теңізі мен,
Сені көрсем үндемей қалатынмын,
Сөзге шешен болсам да, негізінен.

Жаз бойы шыдап жүріп бір күйікке,
Деуші едім: «Арманымды мұң-күй етпе».
Отырсам деп жыл бойы жаныңда мен,
Армандаушы ем бірінші қыркүйекте.

Менікі арман деген атақ қана,
Болатын сыныпта бір шатақ бала.
Жыл сайын мұғалімнің бұйрығымен
Жаныңда сол отыратын масаттана.

Мектепке жақын үйде тұратынмын,
Бір күнге бірден жоспар құратынмын:
Бəрінен бұрын сені көру үшін,
Бәрінен бұрын үйден шығатынмын.

Сезімімді тек саған берсем деген,
Арманым тулап: «Сені көрсем» - деген,
Саған еріп тақтаға шығатынмын,
Үй жұмысын орындамай келсем де мен.

Сезім үшін бойымдағы бір күшті ала,
Барушы едім кішігірім қылмысқа да:
Бақылауда орнымды өзгертуші ем,
Түсу үшін өзіңмен бір нұсқаға.

Арасында түскенде алшы асық,
Мен сенен қалатынмын хал сұрасып.
Сыныпта мені саған қосып жатса,
Ұялып қалатынсың, қарсыласып.

Біткен соң бал махаббат бала қанға,
Сені ойлап жететінмін жаңа таңға.
Онсыз да жүректегі есіміңді,
Жүретінмін жазып ап алақанға.

Бергенмен Тəңір сөзді таңдайыма,
Жаза бастым сырыңды алдай ұға.
Алақан мен жүрекке жазылған ат,
Жазылмай қалыпты ғой маңдайыма.

Жүректі батылдыққа көндіре алмай,
Сезімімнен ешбір өнім өндіре алмай,
Сыныптағы барлық адам білетұғын
Махаббатты кеттім саған білдіре алмай.

Тағдыр бізден табысты аяп қалды,
Сезім деген жүректе жай ат қалды.
Он бірінші сынып бітті. Басталмай-ақ,
Он бір жылдық махаббат та аяқталды.

Жазылған балалықтың көп беттері
Он бір жылым, білемін, текке өтпеді.
Ана шапағатындай көпті берген,
Бала махаббатым-ай мектептегі!!!



Пікірлер (4)

Модератор

Сайысқа қосу үшін - bilim2019 - деген ілмек (тырнақшасыз) болу керек .

Егер қосқан өлеңде бір қате болса, "Қалам"-ды басып өлеңді өңдеуге болады. Қателіктер болмауы үшін нұсқаулықтармен танысып алыңыздар.

Makpal1

Жарайсыз! Өлеңіңіз расымен керемет екен. Сол сүйген аруыңызға қосылуыңзға тілектеспін...

Mahabbat_Samrat

Поэзия шіркін керемет қой, қарапайым сөзбен жеткізе алмаған сөздерді жеткізе алады!!!!! керемет!!!

Аделя

Керемет олен маган катты унады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз