Өлең, жыр, ақындар

Мөлтек сыр (Ф.Оңғарсыноваға арнау)

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

Апатай!
Қырға біткен қасиетті шынарым,
Ақиқат пен әділдікке сыңар ең.
Жырыңды оқып ұғамын,
Көлдей тұнық көңіліңді мына мен.
Аласармас алыбым!
Алаулатып өжеттіктің жалынын,
Пасықтардың тар пиғылын қарыдың.
Арпалысып ғайбат, өсек, күнәмен,
Жасықтардың күш-жігерін жаныдың.

Мәймөңкелеп, танаулары тыржиған,
Ықылассыз ыржиған,
Күлкі артына күлімсі ой жасырып
Жүрген қулар кетпесін деп басынып,
Арамдыққа ашынып,
Жауқазыным!
Жай отымен белдестің,
Саған қарсы келе алмайды,
Запыранын төге алмайды енді ешкім.

Махамбеті заманның!
Қандай тылсым құдіреттен жаралдың?!
Есеңгіретіп ездерді екпінің,
Жылпостарға жыр-жебе боп қадалдың.
Ғажайыбы ғаламның!
Көкірегім тұмшаланып түнекпен,
Өтті мәнсіз, мағынасыз көп күнім.
Сәттерімде көңіл – кірбің, санам – мұң,
Жан дауамды пәк жырыңнан таба алдым,
Саф нұрыңмен сәулеленді қараңғым.
Сендік сырды сүйген әрбір жүректе
Ақындық пен пәктіктің,
Батылдық пен шаттықтың,
Ақиқаттың символы боп қаландың.

Қаламыңнан тамған мөлдір тамшылар
Бәзбіреуді жаншылар.
Ал біреудің ашып жаңа тынысын,
«Жарқыра, жан, лапылда!» деп қамшылар.
Апа!
Мен өзіңнен қорықпауды үйрендім,
Сынақтарда торықпауды үйрендім.
Жараспаса әлдекіммен әңгімем,
Оған қайта жолықпауды үйрендім,
Жағымпаздықтан жирендім.
Шалқып ұшқан шағаласы шабыттың –
Фаризасы халықтың!
Сен – қазақтың қырмызыдай гүлісің,
Асқақ рухты, құдіретті үнісің.
Атың қалар ел есінде мәңгіге,
Поэзия ханшасы, сен тірісің!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Мөлтек сыр (Ф.Оңғарсыноваға арнау) өлеңінің авторы кім?

Ақгүл Тұрсынбай — осы өлеңнің авторы.

Мөлтек сыр (Ф.Оңғарсыноваға арнау) өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Мөлтек сыр (Ф.Оңғарсыноваға арнау) өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ақгүл Тұрсынбай өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Мөлтек сыр (Ф.Оңғарсыноваға арнау) өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.