Ертегі
- Bain
- 30.04.2015
- 1
- 4
- 39080
Бүгін жаным өртке оранған жанға ұқсап,
Бүгін жаным тым аңсады от құшақ.
Жынды жүрек тығылады аузыма,
Тілім-тілім тілсе келіп у пышақ...
Бүгін жүрек отты қарақ іздейді,
Бүгін жүрек күшті арақ іздейді.
Құшар едім... ішер едім... жылар ем...
«Сен» деуші жоқ, Бәрі де шет: «Сіз» дейді...
Аласұрад, жынданады жас жүрек,
Қарақ керек. Арақ керек! He керек!
Бәрі де жоқ, жалғыз жолдас - қиялым,
Жұбатады айтып маған тәтгі ертек...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен...
Хан Абылай немересі Кене хан
Аспанға өрлеп заулап жанған өрт екен.
Ертедегі адамдардың бәрі де ер,
Түн жағында ел бар екен орыс дер.
Орыс елі Арқаға қол салған соң,
Жас Кененің жүрегінде қалың шер.
Елім дейді, жерім дейді, жанады,
Жеткіншегі Ер Наурызбай баланы
Ертіп алып, қорғамақ боп қазағын,
Абылайдың ала туын алады.
Ту алады, орыс елін шабады,
Ер талмайды, аста тұлпар талады.
Ел-жұрт іздеп Алатауға барғанда
Өз бауыры қырғыздан қаза табады...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Есіл Кене заулап жанған өрт екен.
Жас бөріден, сол ерінен айрылып,
Алты алаштың жүрегінде дерт екен.
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Хан Кене өлді, Науан да өлді ақбөкен.
Тұлпар өлсе, қалмай ма оның тұяғы,
Тартып туған артында ұлы жоқ па екен?!
Кене артында жас арыстан Сыздық бар,
Төс үстінде желкілдеген қара жал.
Ерден туған ердің жолын қуады:
Ер иманы - ел, айнымайтын елім - жар.
Жап-жас Сыздық қорғамақ боп қазағын,
Ту көтеріп, қарға ілді садағын.
Балаусасың қанды майдан көрмеген,
Құтты қадам болғай еді, қарағым!
Сыздық батыр тұлпар атын ерттеген,
«Алты алашым, енді маған ер!»- деген.
Көп соққы жеп, сүле болған сорлы алаш,
Алты алаштан алты адам да ермеген.
Алты алаштан алты адам да ермеген...
Алаш сорлы келешегін көрмеген.
Орыс алды, қимылдаған қазақ жоқ,
Қайран Сыздық құса болды шерменен.
Қайран Сыздық елден үміт үзеді,
Жап-жас Сыздық елден, үйден безеді.
Жатып өлмей, жортып жүріп өлем деп,
Түркістанның бетпақ шөлін кезеді...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Сыздық ердің жүрегі шер, дерт екен...
Арып-ашып бір қопаның бойына
Келген кезде - қас қарайған, ымырт екен.
Қараңғы түн жерге кебін төседі,
Қонайын деп Сыздық аттан түседі.
Қоректенбек болып жатар алдында,
Қанжығадан қос қоржынын шешеді.
Қоржын іші бөлек-бөлек қалта бар,
Қалта толған мейіздейін малта бар.
«Шөл далада жалғыз отыр ер балаң,
Жел-ау, жел-ау, алты алашқа айта бар!»
Мойынға алса, адам көнбек қиынға,
Жалғыз өзі қалың қопа бойында
Шақпақ шағып, от тұтатып Сыздық ер
Отыр еді, ешнәрсе жоқ ойында.
Түкті қабақ жауып түскен көзіне,
Ұшқын шашып, от ойнап тұр көзінде.
Қырлы мұрын, қырмызы ерін, қап-қара
Тікенектей түк шығып тұр жүзіне.
Қол - иекте, басы төмен иілген,
Тегі, ойда ғой батыр жаны күйінген...
Бір мезгілде... сылдыр-сылдыр... қамыстар,
Жел ме әлде қамысты құшып иірген...
Жел білінбейд, сылдыр... сылдыр... көп қамыс.
Сылдыр... сылдыр... жақындады жат дыбыс.
Дыбыс тынды. Бұ не болды? He екен?
Әлде ерге шапқалы тұр жолбарыс?
Сол мезетте қамыс ақырын ашылды,
Әлдекімге тәжім қылып, бас ұрды.
Ай мен күндей бір келіншек сыланған
Шыға келді, балқып нұры шашылды.
Сыздық отыр ой ұшына шыға алмай,
Кім екенін, не болғанын ұға алмай.
Сылаңдаған сұлу келіншек келді де,
Амандасты қолын жеңнен шығармай.
Жеңін беріп сұлу келіншек сылаңдап,
Тал шыбықтай жүзге иіліп бұраңдап,
Сызылып қана жанған оттың басына
Отырды ақырын жұлдыздайын жымыңдап.
Сыздық сонда кәрмен қабақ түйеді,
Сұлу келіншек босатпады жүйені.
Көзінен от, қабағынан қар жауды,
Бір көз салып, кім екенін түйеді.
Хас батыр ғой, қысылмады, саспады,
Сынамаққа бір малта алып тастады.
Сұлу келіншек былқ-сылқ етіп қылмыңдап,
Малтаны алды, жеңін тағы ашпады.
Көңіл түйген нәрсе енді болды анық,
Сыздық батыр қабағынан қар жауып,
Келіншекке қаһарменен: «Кет!»- деді,
Беліндегі садағын шешіп қолға алып.
Сұлу келіншек «хи-хи-хи» деп күлгендей,
Дыбысы шықпай, ішегі қатып өлгендей,
Былқ-сылқ етіп түрегелді судырап,
Судыр-судыр жансыз жібек жүргендей.
Сылдыр-сылдыр сыбырласты көп қамыс,
Тек тұрмайтын, жыбырлайтын желауыз.
Сылаң-сылаң сұлу келіншек жоқ болды,
Сыбыр тынды. Жыбыр қалды. Жоқ дыбыс...
Отқа қарап отыр Сыздық, көзі - от,
Қарасады, арбасады от пен от.
Айнала өлім. Құм жамылған үнсіз шөл,
Күбірлейтін, жыбырлайтын жел де жоқ.
Құм астында демі біткен бетпақ шөл,
Сұлу келіншек - жезтырнақ қой қанішер.
«Тырнағымды көрсе, біліп қалад»,- деп,
Жеңнен қолын шығармаған мәні сол.
Жезтырнақтың тырнағы бар өткір жез,
Алып, күшті, жүгіріп кетсе, желден тез.
Пері менен диюдың ойнас баласы...
Бола алады аң да, құс та, шал да, қыз.
Бүгін келіншек болып кепті Сыздыққа,
Алдап-арбап батпақшы ғой қызыққа.
Жемекші ғой өлтірген соң қытықтап,
Ер жүрегін малып-малып тұздыққа.
Қырмызы ерні қыбырлады батырдың:
«Heгe әлі мен «Кет!» деп соған ақырдым?
Күлген болып, көнген болып, әурелеп,
Ойынын көру керек еді пақырдың.
Сөз жоқ, енді ол намыстанып, арланып,
Кетті ыза боп: «Қап, бәлем!..»- деп қарғанып.
Біраздан соң, түн ортасы кезінде
Келмес пе екен дауылданып, кәрленіп»,-
Деді-дағы ер қараңды жан-жаққа,
Маң-маң басып жүріп біраз ар жақта,
Тауып алды дөңбектей бір қара тас,
Ер қолына дөңбек тасың қаңбақ та!
Дем шығарма, салса да тас салмағын,
Қары түгіл, ауыртады бармағын.
От басына тастады да, дөңбекке
Сыздық батыр жапты қара қапталын.
Атын алып кетті өзі анадай,
Сескеніп бір жан-жағына қарамай.
Тұсаулы аттың тасасында отырды,
Бұғып қана қонған қойшы баладай.
Ашыққан ат үзіп жатыр күріс-күріс,
Ол үзгені тырбық-тырбық баялыш.
Айнала - өлім, жыбырлаған жел де жоқ,
Естіледі жалғыз ғана дем алыс.
Естімейді құлақ ешбір тықырды,
Әлде пері әпсүн оқып түкірді?
Бетпақ шөлдің көгі де бір сұр кебік,
Айы нұрсыз, жұлдызы үнсіз сықылды.
Тым болмаса, сылдырласа қамыстар!..
«Әлдеқайда, Қырда, Сырда алаш бар...»
Шулаған аң, шұбырған мал, шалқар көл,
Мұнарлы тау, балдай бұлақ, ағаш бар.
Сыздық мынау елден безген ел үшін...
Сыздық мынау шөлге көмген жас күшін...
Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көшер...
Жүректе у... жарып қарар кім ішін...
Өлер батыр... тастар оны құм көміп...
Қарға-құзғын үстінде жүрер үңіліп...
Сыздық өлер... алаш құрыр... есіл ер...
Бір мезгілде кетті ме көзі ілініп.
Бір мезгілде жындай ойнап жел шықты.
«Фию-фию» деді. Тілін кім ұқты?
Сыбырлады, жыбырлады жорғалап,
Шөл шулатып, құм аузына құм тықты.
«Фию-фию, фию-фию» есті жел.
Бұғып жатқан баялышты құшты жел.
«Жынды неме, мұның не?»- деп, мырсылдап,
Селк-селк күліп, селкілдеді сексеуіл.
Сылдыр-сылдыр қамыс басты сылдырға,
Жел сүйсе оны, жан кіреді құрғырға.
Жел - жас жігіт, қамыс - қыз ғой көңілшек,
Еркі қалып, салған «қойшы, кұрғырға».
Уледі жел, дауылға ол айналды,
Көкке қою қара бұлттар байланды.
Қыбырлады тұншығып жатқан құмшықтар,
Серпілді де, ер садағын қолға алды.
Әр дыбысқа енді құлақ түрулі,
Көз тігілді, қолда садақ құруы.
Жезтырнақ қой келе жатқан кәрленіп,
Дию ашулы, пері жүріс, жын шулы.
Сол секундта жаншып жап-жас қамысты,
Жындай, түндей қап-қара бір албасты
Жымып қана келді дөңбек жанына,
Сол секундта батыр көзін қан басты.
Тартайын деп оңтайланды садағын,
Сонда албасты: «Ә-ә, Сыздық қарағым,
Жатырмысың ұйықтап қаннен-қаперсіз?!
Мына маған қалай кәрмен қарадың?!
Келдім. Кеттім. Орныңнан да тұрмадың!
Кім ұмытар сенің тұқымың қылғанын.
Кене - әкемді, Абылай ағамды өлтірді,
Балам, сенің құрытайын ұрпағың!»-
Деді де ол, көзі оттай жайнады,
Жез тырнағын өз тісіне қайрады.
Қайрады да көмді тасқа тырнағын...
Ессіз шіркін қайдан білсін айланы.
Сол арада «талдау жердің тұсы» деп,
Сол арада «дәл жүректің басы» деп,
Көзі қан боп, қарт бурадай қалшылдап,
Дәлдеп тұрып тартып қалды ер Сыздық.
Тырнақ тіліп тас шыңғырып - «шақ!» деді,
Сол секундта тартылды садақ -«тақ!» деді.
Тәлтіректеп, аузынан кесек қан атып,
Жезтырнағым «аһ» деді де, «қап!» деді.
«Сыздық сұм-ай, орарыңды біліп ем,
Ордың да сен тындың. Болды тілегің.
Бір сұрауым: тағы да атар ер болсаң,
Бір оғыңмен азаптанып өлемін».
Сөз орнына Сыздық сақ-сақ күледі,
Екі атса ғой Тырнаққа Құдай береді!
Біраз тұрып, тәлтіректеп жезтырнақ,
Сүйретіліп қопаға қарай жөнелді.
Жол берді оған, қамыс тағы ашылды,
Намысы жоқ қамыс тағы бас ұрды.
Біраз сыбыр. Біраз жыбыр. Дыбыс жоқ.
Көк айықты, жел де енді басылды.
Ешбір үн жоқ. Үнсіз өлік - бетпақ шөл,
Жыбыр-жыбыр. Жанын берді, өлді жел.
Тұншыққан құм. Мәңгі бұққан баялыш,
Қатып қалған, селкілдемейд сексеуіл.
Айнала өлім, шеті-шексіз шөл де шөл...
Шөл мен өлім арасында бір-ақ жол.
Ер Сыздықты тағы ойлар биледі,
Иекте тұр жаңа садақ тартқан қол.
Әлдеқайда, Қырда, Сырда алаш бар...
Мұнарлы тау, балдай бұлақ, ағаш бар...
Есіл елді, есіл жерді жат алды...
Ойлы ұлына бұл кең дүние болды тар.
Ойлар басты, жүйрік жанға ой батты...
Ұзамады, ағарып ақырын таң атты.
Ұры ойлар жанды жеді, қанатты,
Тарам-тарам алма беттен жас ақты...
Күні кеше айбынды Абылай бабасы,
Ақылы кең, алты алаштың ағасы,
Шын хан еді-ау, қорғаны еді-ау қазақтың,
Өлді Абылай, солды қазақ даласы.
Өз әкесі Кенесары кім еді?
Заулаған өрт, ойнаған от, Күн еді.
Алаш деп - у, қазағым деп қан жұтып,
Қаза тапты, қазағым, күнің түн еді!..
Сыздық мынау қайғы қуып, шөл безген,
Кім біледі, көмер оны құм кезген.
Бүйткенше ол, неге жүріп кетпейді
Кене, Науан салып кеткен қанды ізбен?
Өлім іздеп адам белін бусын да,
Ерден туған ердің жолын қусын да.
Жолбарыс ер жалғыз өлсін майданда,
Жаспен емес, қанмен бетін жусын да!..
Осы ойлармен ерттеді атын мінгелі,
Шөлден безіп, қанды жолға кіргелі,
Алаш елі, сары сайран жері үшін,
Жапанда емес, жау қолында өлгелі.
Осы ойлармен Сыздық атын ерттеген,
Тап сол кезде ер жүрегі өрт екен...
Заман озды, адам тозды, ерлер жоқ...
Заман озды, ер заманы ерте екен...
Ертек, ертек, ерте, ертек - ерте екен,
Ерте күнде ерлер екпінді өрт екен.
Хандарынан, ерлерінен айрылған
Алты алаштың жүрегінде дерт екен!
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Хан заманы, ер заманы ерте екен.
Ерте заман, алаш аман - айбынды ел...
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен...
Ертек, ертек, ертек, ертек - ерте екен,
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен.
Күңіреніп күрсін де, алаш, тыңдай бер,
Ертегі айтад дертті балаң Жөжекең.
Бітті ертегі. Аласұрад жас жүрек,
Қарақ па әлде? Арақ па әлде? He керек?
Арағы да, қарағы да құрысын!
Қиялтайым, айтшы тағы, тағы ертек!..
Лейла
Неге жазган пикирлеримежауап келмей жатир
Жанерке
Маган олендер унады.Унамады дей алмайм.Шынымды айтсам кей создери унамады
Мейірман Рая Жақсылыққызы
Маған ұнады
Әбділмәжит.
Мағжанның өлеңдерін оқығанда,терең ойларға кетесің.Не деген мықты ақын десеңші.Лирикалық ақын.