Өлең, жыр, ақындар

Қалқаман - Мамыр

  • Bain
  • 03.05.2015
  • 1
  • 25
  • 111710
Бұл әңгіме 1722 жылы біздің Орта жүз қазағы Сырдария бойында жүргенде болған анық іс. Біздің қазақ қалмақтан жеңіліп, «Ақтабан шұбырынды» болғаннан бір-ақ жыл бұрын. Қалқаман- Мамырдың ісіне ескі қазақтар теріс көзімен қараса да, осы күнгі көңілінің көзі ашықтар жазасыз екенін біліп, дұға қылса керек. Өлгенді тірілтпесем де, өшкенді жандырғандай болсын деп, биыл жүз тоқсан жыл болып, ұмытылған істі алдыңызға қойдым. Бұл әңгіме ақсақал аузынан да қалып бара жатыр. Сол асықтардың өзі кетсе де, ізі жоғалмасын дедім – біздің де ізіміз жоғалатынын ойлап.


Өткен іс – ойға күңгірт, көзге танық,
Көрмесе де, білгенге бәрі қанық.
Мың жеті жүз жиырма екінші жыл
Қазақтың Сыр бойында жүргені анық.

Әнет бабаң – Арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молла, ғұламасы.
Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы.

Кішік деген – бабаңның өз атасы,
Мәмбетей – ол Кішіктің бір ағасы.
Мәмбетсопы, Кішіктің шешесі бір,
Қатаған Тұрсын ханның ханышасы.

Біздің жетінші атамыз Әйтек деген
Бабаңның бір туысқан інісі екен.
Әйтектің бәйбішеден жалғызы – Олжай,
Тоқалынан – Байбөрі Қалқаманмен.

«Бәкең» деп атап кеткен Байбөріні,
Бұл сөзім ертек емес, сөздің шыны.
Бір қыз үшін Қалқаман елден кеткен
Соның жайын айтайын тыңда, міні:

Мәмбетей өсіп, өнді бара-бара,
Сол таптан бір бай шықты жеке-дара.
Сол байдың он бес жасар қызы Мамыр
Әрі сұлу, әрі есті, еркекшора1

Онан басқа бала жоқ әлгі байда,
Оны қыз деп еш адам айту қайда.
Байдың көңілі жабырқап қала ма деп,
Жұрт жүрді құда болам дей алмай да.

Қалқаман қыз айттырмай жүреді екен,
Мамырды жас күнінен біледі екен.
Асықтығын айта алмай іштен жанып,
«Құрбымыз» деп құр ойнап-күледі екен.

Мамыр жылқы бағады күндіз барып,
Тымақ киіп, қолына құрық алып.
Қалқаман Мамырменен малда жүріп,
Біраз сөз сөйлесіпті, кез боп қалып.

Жігіт сонда қызға өзін сүйдірмекке,
Асық болса оны да күйдірмекке,
Жұмбақ мысал сықылды бір сөз айтты,
Көңіліндегі мақсұтын түйдірмекке:

– Ей, Мамыр, адамды Алла жаратыпты,
Хауа Ананы адамға қаратыпты.
Бірін еркек, біреуін әйел қылып,
Екеуінен көп жанды таратыпты.

Құдай неге қылмаған адамды тақ,
Балаларын өзінен өстіріп-ақ.
Хауа Ананы жаратуда мақсұты не?
Сол арасын білуге ақылым шақ.

– Ей, Қалқаман, тегі жоқ құдай жалғыз,
Мұқтаж емес жолдасқа, тіпті армансыз.
Адамзатқа көмексіз, махаббатсыз
Өмір қызық дегенді естен қалғыз.

Жоқ болса махаббатты бір сүйгенің,
Ойлашы, керегі не дүниенің.
«Сүйсін, жолдас болсын» деп жаратты Алла,
Бұл туралы білгенім осы менің.

– Тауып айттың, Мамыржан, ұқтым жайын,
Сүйтсе-дағы тағы бір сөзім дайын.
Махаббатты жарым жоқ, жәрдемшім жоқ,
Өлейін бе, қайтейін, кімге айтайын?

Қалқаманның мақсатын Мамыр білді,
Аз ойланып, үндемей сабыр қылды.
Жылы жүрек өзіне жар тапқандай,
Тыншымады, тулады, жүз құбылды.

Қызарды, бір ағарды байдың қызы,
Бетке шықпай тұра ма жүрек ізі?
Іші ыстық, сыртқы дене суық тартып,
Салқын термен мөлдіреп нұрлы жүзі.

Аздан соң Мамыр айтты: – Ей, Қалқаман,
Байқадым сөз аяғы бізге таман.
Қазір жауап берерлік уақытым емес,
Сүйтсе де үміт үзіп өлмек жаман...

Соны айтып амандасып Мамыр кетті,
Күн сайын Қалқаманнан сабыр кетті.
«Мамыр бүгін қыздарша киінді» деп,
Қалқаманға бір күні хабар жетті.

Қуанды атқан оғым тиді ме деп,
Мен үшін қыз киімін киді ме деп.
Қауіп шіркін тағы да ойлатады,
Менен басқа біреуді сүйді ме деп?

* * *
Ол кезде жерге талас қазақ, қалмақ,
Атысып, ауыл шауып, жылқыны алмақ.
Бір соғыста қалмақты қазақ жеңіп,
Тобықтының бәрі де тойға бармақ.

Той қылған Орта жүзде Сәмеке хан,
Жиылды той болған соң бірталай жан.
Бай-бәйбіше, үлкендер сонда кетіп,
Жас жігіт, қыз-келіншек үйде қалған.

Қазақта бастан2 деген бір ырым бар,
Мал сойып, жастар ойнап, бір жиылар.
Қалқаман: «Бастан қыл»,– деп қызға келді,
Азар болса бір тоқты шығын шығар».

Сойғызды Мамыр сонда тоқтыны әкеп,
Ойнады қыз-бозбала етінен жеп.
Оңашада Қалқаман Мамыр қызға
Ымдады «бір жауабың болмай ма?» деп.

Айтса да қыздан жауап үміт етіп,
Есітпеген кісі боп қалды кетіп.
Сүйтсе де сондағы айтқан сөзі мынау,
Еш адамға елеусіз өлеңдетіп:

– Ауылымның күнбатысы қалың қамыс,
Бүрсігүннен арғы күн болады алыс.
Жас кісіде бар болса жігер-намыс,
Болып кетіп жүрмесін жатпен таныс.

Солайша жауап берді Қалқаманға,
Бұл сөзі байқалмады басқа жанға.
«Бүрсігүні қамыстан жолықпасаң,
Мен саған жоқ,– дейді ғой,– байқағанға».

Қалқаман оймен шешті қыздың сөзін,
«Таптым» деп шешуінің анық өзін:
Бүрсігүні күн бата сол қамысқа
Келіп кірді «сол ғой,– деп,– айтқан кезің».

Ел жата қыз да келді шоқ қамысқа,
Қалқаман айтты сонда көзтанысқа:
– Бүгін кешке осынан жолықпасаң,
Кетемін деп неге айттың тіпті алысқа?

– Ей, Қалқаман, аңғалсың аңқылдаған,
Біржолата келген жоқ Мамыр саған.
Тағдыр бізді қоспады, айып етпе,
Ертең құда түседі біреу маған.

Кеше білдім төбемнен ұрғандығын,
Құдалықтың дап-дайын тұрғандығын.
«Бүрсігүннен кешіксең жауап жоқ» деп,
Сол еді сөз ишарат қылғандығым.

Әке берсе, қыз болмас кімге қатын,
Қайтейін сенде-ақ еді махаббатым.
Еркекше киімімнен ұялам деп,
Уақыт өтті, сол болды қатты оғатым.

Алдыңа кешу сұрай келіп тұрмын,
Көзге тірі болсам да, өліп тұрмын,
Қалқаман, осы саған қоштасқаным,
Денемді емес, жанымды беріп тұрмын.

– Ей, Мамыр, бұл іс оңай, алдамасаң,
Зорлық жоқ өзің сүйіп таңдамасаң.
«Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер» –
Молдалардан есіттім әлдеқашан.

Мамыр-ау, мені сүйсең, кетпе жатқа,
Құдайға хақ, ісім жөн шариғатқа.
Басы – бабаң, аяғы – шала молда,
Бәріне анық оқыған жамағатқа.

– Қалқаман, рас болса айтқан сөзің,
Сен үшін келіп тұрмын, көрді көзің.
Сүйген жарым, сүйенген жаным – сенсің,
Не қылсаң да біле бер, мейлің өзің.

– Олай болса, кетейін қазір алып,
Тұрсақ жазым болармыз қапы қалып.
Азар болса мал алар, адам алмас,
Тобықтыны жиярмын бара салып.

– Қыз алған жоқ жақыннан Тобықты әзір,
Өлтірем деп жүрмесін бізді қазір.
Өзімді аяп тұрғам жоқ, сізді аяймын,
Сен сау болсаң, болар ем мен-ақ нәзір.

– Мамыр-ау, айтып тұрсың әлденені,
Шариғат қосады екен немерені.
Қайғы ойлап жаман ырым айта берме,
Алаңсыз сүйген болсаң анық мені.

Мамыр айтты: – Мен сенсіз тірі тұрман,
Үш қайырдым сөзіңді мен антұрған.
Бір Құдайға сыйынып ал да жөнел,
Жолыңда өлсем разымын, жаным құрбан.

Алдандырдым мен Сізді сөзбенен құр,
Тәуекел деп Аллаға тез, жылдам жүр.
Заман қандай болар деп дайындап ем,
Боз жорға атым белдеуде ерттеулі тұр.


* * *

Мінді де екі ғашық кетіп қалды,
Ауылға бір сағатта жетіп барды.
«Не де болса қылдым,– деп,– бір жұмысты»,
Бара сала Олжайға кісі салды.

Олжай барды бабаңа түн ішінде,
Қысылшаңдық бар еді жүрісінде.
Бабаң басын көтеріп Олжайға айтты:
«Неге келдің, асыққан жұмысың не?»

– Қалқаман қашып келді Мамырды алып,
Қапы болдық өзгеміз білмей қалып.
Алыс жерге кетсін бе, тоқтасын ба,
Ақыл сұрай келіп ем сізге салып.

Бабаң мұны есітіп қайғы жеді:
– Бір жаман түс көріп ем бүгін,– деді.
Бітімсіз іс кез болып қалар ма екен,
Көкенайдың мінезі қатаң еді.

Көкенай – Мәмбетейдің бастаушысы,
Өзі батыр, мінезі қатты кісі.
Сол кісінің алдынан тараушы еді,
Бабаңнан соң бұл елдің көп жұмысы.

Бабаң айтты: – Кете алмас бір жас бала,
Тобықтыға хабар қыл бара сала.
Болар іс болған шығар, малды аяма,
Өзі оңдасын ақырын хақ тағала.

Тобықты, Қанжығалы, Бәсентиін,
Атығай, Қарауылмен бәрі жиын.
Бабаң хабар айтқан соң ел жиылды,
Сүйтсе де сөз аяғы болды қиын.

Мәмбетей жатып алды ырық бермей,
«Қалыңмал ал, біт» деген сөзге көнбей.
«Қалқаман мен Мамырды өлтірмесе,
Кетеміз,– деп,– бабаңды тіпті көрмей».

Бабаң айтты: «Өлтірер жұмыс емес,
Таспен атып өлтірмек бұл іс емес.
Біреудің некелісін бұзбаған соң,
Қанына ортақ болу дұрыс емес».

Көкенай тағы көнбей жатып алды,
Бітім болмай неше күн жұрт сандалды.
«Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деп,
Мақал болып бұл елге сонан қалды.


* * *

Бітім болмай созылды сөз аяғы,
Белгісіз кімнің соры, кімнің бағы.
Бір күні төркініне амандаса
Мамыр келді, тағдыр ғой ол баяғы.

Көкенай бітпей жүрген сөзді ұзайтып,
Сол күні келген екен аңнан қайтып.
«Анау бір топ жаяу кім?» деп сұраса,
«Ол – Мамыр» деп, бір қойшы қойған айтып.

Ести сала садағын қолына алды,
«Мамырдан аулақ жүр» деп айғай салды.
«Ұялмай жүзіқараның жүргенін» деп,
Аямай дәл жүректен атып қалды.

Бүкшиіп, иман айтып, қаны қашып,
Қолтығын қолыменен тұрды басып.
Бейшара бір-екі ауыз тілге келді,
Өзін атқан кісімен арыздасып:

– Көкенай, қарғамаймын, сөзіме бақ,
Ісім жөн, бір құдайға көңілім хақ.
Мойныңа менің қаным халал болсын,
Болма енді Қалқаманның қанына ортақ.

Кешікпей мен өлемін, сен тірісің,
Іс емес құдай кешер қылған ісің.
Өлтіртпе, тілегім сол, Қалқаманды,
Барасың тәңір алдына, білемісің?

Екі қан ауыр болар бір өзіңе,
Сүйсінбе бұл рақымсыз мінезіңе.
Айырған екі асықты оңа ма екен,
Деп тұрсың алғыс айтар кім өзіңе?

Тілегім келді орнына, арманым жоқ,
Артында Қалқаманның қалғаным жоқ.
Мені сен өлтіргенмен жасармайсың,
Сүйткенмен жас жанымды алғаның жоқ.

«Қалқаман, аман бол!» – деп көзін ашты,
«Алла» деп алақанмен бетін басты.
Қоштасып қасындағы қатындарға
Опасыз бұл жалғанға амандасты.


* * *

Көкенай жиды барып Мәмбетейді,
«Өлтірдім тентегімді өзім» дейді.
Бабаңа кісі салды дамыл бермей;
«Ол неге Қалқаманды өлтірмейді?!

Жақыным қызымды алды, ұнамаймын,
Қорлыққа тартып алған шыдамаймын.
Егер де Қалқаманды тірі қойса,
Ел болып Кішікпен бас құрамаймын.

Оллаһи, біз кетеміз, қазір ауып,
Менен басқа туысқан алсын тауып».
Бұл хабар Тобықтыға жеткеннен соң,
Сөзінен елдің бәрі қылды қауіп.

Бабаң айтты: «Ел бітпес оныменен,
Жүрелік шариғаттың жолыменен.
Бір еркек, бір қатынның құнын алсын,
Мәмбетей разы болсын соныменен».

Көнбеді Мәмбетейлер оған тағы,
«Ауамыз біз болсақ,– деп,– қор қылмағы.
Әнет бабаң әділет қылмаған соң,
Көз көрмеске жат болып кеттік-дағы».

Көп берген түкке тұрмай қалың малы,
Ем болмады жалынып айтқан жалы.
Тобықты осы сөзге қақ бөлініп,
Болысты Мәмбетейге Қанжығалы.

– Ей, Баба, тәңірге аян адал ісің,
Сүйтсе де ел бүлінер бір бала үшін.
Болған соң қазақ та – жау, қалмақ та – жау,
Бұл елдің обалына қалмаймысың?

Болсын да Мәмбетейдің бір айтқаны,
«Еркек тоқты – құрбандық» деген кәні.
Қалқаман Тобықты үшін жанды қиса,
Кетпей ме шаһит болып оның жаны?

Сол сөзге аударылды жұрттың бәрі,
Не қылсын көп наданға жалғыз кәрі.
«Кеселі көпке болып жүрмегей» деп,
Бабаңның шын кейіген шықты зары.

Салған соң өңкей надан көптік күшке,
Қалыпты қайран бабам қиын іске.
«Бір Алла, өзіңе аян жүрегім» деп,
Байлапты өлтірмекке ертең түсте.

Бабаңның нұр жүрегі болды мұздай,
Жазасыз жасқа ешкімнің қаны қызбай.
Мысалы көз алдында тұрған жоқ па,
Қойдыңдар Абайға да не қылғызбай?

Аллаға Бабаң сонда сыйыныпты,
Аққан тер нұр жүзіне құйылыпты.
«Қалқаман жүйрік атпен шауып өтсін,
Көкенай сонда атсын»,– деп бұйырыпты.

Өлтірсе, оғы тисе, өзі айтқан жол,
Аман кетсе, түк те жоқ, бітімі – сол!
Мәмбетей шуылдапты разымыз деп,
Осыған тамам Арғын басыпты қол.

Көкенай «құлдық» деді бұл билікке,
Мәмбетей шығып тұрды бір биікке.
Мінгізді Қалқаманды алып келіп,
Дейтұғын «Арда күрең» бір жүйрікке.

Төгілді көзден жасы көрген жанның,
«Шолағын қарай гөр,– деп,– бұ жалғанның».
Жиылған көп қауымға қарап тұрып,
Қоштасқан сөзі мынау Қалқаманның:

– Ей, жұртым, мен өлемін, сендер қалдың,
Орнына бауыздадың айтқан малдың.
Өз бауырын оққа байлап өлтіртті деп,
Қалдыңдар обалына мына шалдың.

Назасы нақақ жастың қате кетпес,
Деймісің қалмақ сені тентіретпес.
Мамырдан қалған жанның керегі не,
Ісім ақ, қосылармын, еш нәрсе етпес.

Белгілі Мамырдан соң көп жүрмесім,
Тұз-дәмін Орта жүздің жеп жүрмесім.
Жалғыз-ақ Тобықтының дұспандары
Рахымсыз, бауырсыз ел деп жүрмесін.

Қош, Баба, бата бер!» – деп тұра келді,
«А, құдай, сақтай көр...» деп бата берді.
Жөнелді күрең атпен сырылдатып,
Ажалға көпе-көрнеу байлап белді.

Көкенай садақ тартты дүрілдетіп,
Қақ жарды ердің қасын оғы жетіп.
Әйтеуір, ұлы дене аман қалды,
Оң жақта қара санынан өтіп кетіп.

Атының жалын құшып жүріп кетті,
Басына бір төбенің барып жетті.
Бір жеңін көйлегінің жыртып алып,
Аузына жарасының таңу етті.

Ат қойды «а, құдайлап» көп бозбала,
«Ажалдан қақты ғой,– деп,– хақ тағала».
«Той қылып, ат шаптырып ойнаймыз» деп,
Жабылды «үйге жүр,– деп,– бара сала».

Қалқаман айтты: «Тоқта, құрбыларым,
Жоққа есеп осы күнде менің барым.
Аямай елім оққа байлаған соң,
Кетер ме өлгенімше ойдан зарым.

Ел қылып Тобықтыны тұра алмаймын,
Ешкіммен ойнап-күліп жүре алмаймын.
Өлерде аямады, қайда аяйды,
Сендерге енді мойын бұра алмаймын».

Соны айтып қамшы басты күрең атқа,
Қуса да жеткізбепті жамағатқа.
Ұлы жүз Еділбайда нағашысы,
Жөнелді соған қарай – Бұхар жаққа.

Қалқаман сол кеткеннен кетіп қалды,
Халқына Әнет бабаң хабар салды.
Жаз шыға «Қалқаманды іздейміз» деп,
Тобықты ат жаратып дайындалды.


* * *

Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл,
Қазақ, қалмақ атысқан, мұны да біл.
Қалмақтың бастаушысы – Суан Раптан,
Өзі батыр, соғысқа тым айлашыл.

Шеп құрып соғысыпты қазақ, қалмақ,
Қорқаққа оңай емес шепке бармақ.
Бабаңның бес баласы садаққа ұшып,
Бұл соғыста қазаққа түсті салмақ.

Қазақты ол ұрыста қалмақ алды,
Үш есенің екеуін қырып салды.
Жеңілген соң тұра алмай Сыр бойында,
Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.

Осы жол – бар қазаққа белгілі жол,
«Ақтабан шұбырынды» дегенің сол.
Жаяу жүріп табаны аппақ болып,
Қорлық көріп қазақтың шұбырғаны ол.

Сол себептен Қалқаман қалды ізделмей,
«Іздемейін» деген жоқ, шама келмей.
Ол түгіл Әнет бабаң көшке ере алмай,
Тірідей дөң басында қалған өлмей.

Тұқым бар Қалқаманнан осы күнде,
Шын болса, Ұлы жүздің жүр ішінде.
Өздері Еділбаймыз десе керек,
Білмейді кейінгісі бізді мүлде.

Бар болса Қалқаманның нәсілдері,
Оқыған осы өлеңді талапты ері.
Осында кеп, туысқан – Олжай, Бәкең,
Семейпалат облысы – тұрған жері.

Хан Шыңғыс деген тауда тұрмыз біз де,
Егер де іздесеңдер, сонан ізде.
Тобықтыда Құнанбай қажы десе,
Басты кісі біледі Орта жүзде.

1 - Еркекшора — еркек балаша киінген қыз (автор)
2 - Бастан — әке-шешесі үйде жоқта қыз-бозбала мал сойып, құрбыларын жиып ойнайды (автор)



Пікірлер (25)

Альбина

Оте керемет рахмет

Диляра

Унамады

сабак карагысы келмейтын бала

жек көрем сабақ қарағанды(

Иглз Начуанова

Рахмет ♡ Жақсы көрем қазақ əдебиетін!!!❤

Балжан

Өтініш осы өлеңнің мазмұнын шығарыңыздаршы алдын ала рахмет

Айгул

Рахмет .Жақсы .

Анон

Маган осы поэмадагы жер-су атауларн сосын заман шындыгын тауп бериниздерш

Нұрдəулет

Өте қайғылы оқиға

амантаи

оте жаксы мен тобыктымын

Қуантқан Ерсұлтан

Өте керемет Шәкәрім атамыздың өзі өлседе өлендері ешқашан өлмейді

Айым

Маған ұнайтын себебі-бұл лирио-эпостық шығарма !

Риза

Өлмес, өшпес туынды!

аяулым

керемет

аяулым

керемет

Назира

Оте кайгылы окига

гулжан

оте керемет жанды жибитерлик

Альбина

Оте аянышты окига екен......

Айбек

ОО рахмет оленде керемет,керегімді де тауып алдым!)

назерке

бұл өте керемет ұзақ екеніне аузым ашылып қалды бұны жайғана жазу емес түсіну керек

Нұрбек

Албина фамиляңызды болама. Қарсы болмасаңыз.

Нұрбек

Керемет

Жасканат

Өте керемет мықты

Seidana

Поэманың мазмұны тереңде екен
Және де рахмет

Сабина

Өте керемет жазылған сіздерге көп рахмет

Балауса

12.06.2024.22:09
Қыздарыма оқып бердім.
Өте керемет жазылған. Рахмет көп көп.

Пікір қалдырыңыз

Өлген көңіл, ындынсыз өмір

  • 1
  • 1

Қабағынан қар жауған
Қараңғы бұлт жоғалды.
Қас қараймай беті ауған,
Қаһарлы жел де оңалды.

Толық

Мұтылғанның өмірі

  • 1
  • 3

Бесiмде оқу бiлсiн деп,
Ата-анам бердi сабаққа.
Жетi жаста жетiм боп,
Түскендей болдым абаққа.

Толық

Жан менен дене һәм көңіл

  • 1
  • 2

Басында жан мен дене екi басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа.

Толық

Қарап көріңіз