Егіз шумақтар
Кәмпиттерді бала жейді демесең
Үлкенге де жаман емес бұл өзі.
Кейбіреудің кәмпитке ұқсас мінезі –
Жесең – тәтті, жабысады – жемесең.
Кәмпитті тек ұнатпайды бір ұғым –
Кәмпиттерді бала жейді қашаннан.
Мен де – кәмпит, бірақ менің шырыным
Тұздан ғана жасалған.
* * *
Аяқ екеу, Ақыл жалғыз, қатем мың,
Барлығын да өмірге өзім әкелдім.
Жігіт болдым. Анам байғұс соған мәз,
Шақ болғанға киімдері әкемнің.
Қайдан білсін, қайдан білсін ол менің
Мақсатымды мазасыздық жеңгенін.
Қайдан білсін бар екенін талай жыл
Шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың...
* * *
Менің жаным – егіз қынап секілді,
Төрт жүзі бар екі қылыш мендегі.
Жарқылдайды сілкінген бір шағымда
Сегіз бөліп кетемін деп кеудені.
Тұтанамын сол ғажайып жарқылдан:
Бір қылышты жауыңа арна деседі.
Тайсам егер елге берген антымнан
Бірі менің өз басымды кеседі.
* * *
Мен үш-ақ күн өмір сүрдім туғалы:
Дүниеге келген күнім – бір күнім.
Ең үлкен қол алды жерден көтеріп,
Планетаның ең кішкене тұрғынын.
Екінші күн – ең жаныма жақыны –
Мас қылған күн махаббаттың шарабы.
Үшінші күн – сол бір махаббаттың да
Суыйтынын ұққан күнім болады.
* * *
Сағат байғұс тұра алмайды бір үнсіз,
Тық-тық етіп минуттерін санайды.
Әркім өзі болса қанша тынымсыз,
Өзгенің де тыншымауын қалайды.
Ал, мен кейде үн шығармай қаламын,
Жалығады жанбасым да төсектен.
Сонда ғана... сағатымды аяймын
Санатуға уақытымды бос өткен.
* * *
Қос қанатын қиып алып байғыздың
Қырандарға берсек егер ұялмай,
Қыран болып сілтер қыран бәрі бір
байғыздың да қанатын.
Топшы керек қанатты да қағатын,
Жаман аты – сол баяғы бір жаман.
Қыран қанатын беріп еді байғызға –
қонды ол барып мұржаға.
* * *
Үміт, күдік – екі арлан екеуі,
Менің кеудем екеуінің мекені.
Бірін қусам қайратыммен қорқытып,
Бірі менен өз еркімен кетеді.
Бірі баян таппайды екен бірінсіз,
Бір орынға тағы екеуі сыймайды.
Екі арлан ортасында бір кесек ет – жүрегім,
Күні-түні жұлқылайды, қинайды.
* * *
Мен егерде бақыт болсам,
Ең әуелі қадірлер ем өзімді.
Бір күн ұшып, бір күн қонып жүрмес ем,
Содан кейін... болар едім төзімді.
Іздер едім дүниедегі ең «сорлыны»,
Жұрттын бәрін таң қылып.
Таңдап-таңдап бір-ақ рет қонар ем,
Және сонда қалар едім мәңгілік.
* * *
Мен қап-қара тас болсам,
Мейірімсіздің кеудесіне бітер ем.
Мен бір тамшы жас болсам,
Қатыгездің елжіреуін күтер ем.
Сыя болсам сөйлемдердің соңына
Тамар едім нүкте боп...
Ал, егерде бас болсам
Ақымаққа қояр едім бітпей-ақ.
* * *
Алтын деген шыдамды ғой шындықтың дәл
өзіндей
Біреу іздеп тапқанынша – жатады.
Дүниені кезіп бірақ жүреді
Алтын деген атағы.
Жата алмайды атағы оның,
Кім иелік жасай алар даңққа!
Сол секілді ақынның да аты кезіп жүр елді,
Сондықтан ол тірі жатыр табытта.
* * *
Теңіз болса сұлулық
Кемесіз-ақ жүзер едік біз онда.
Тек соқырдың жетер еді құдыреті
Сол теңіздің жағасынан ұзауға.
Теңіз болса сұлулық
Болса-дағы толқындары қанша көп,
Сұлулыққа құмартқан көз-оймақпен
Әлдеқашан құйып алып таусар ек.
* * *
Ешбір қанағатты да
Тойдыра алмас менің кисель-сөздерім.
Өзімнің де көңілімді айнытты,
Жүрегі түгіл өзгенің.
Қазіргі адам қанағаты – көзінде,
Тою деген қасірет емес, қой әрі.
Тоймаса да көп болсыншы көз бізде,
Ал, қарындар – кисельге де тояды.
* * *
Қызғануды ұқпаушы едім бұрын мен,
Көрші қызды қызғанбаса болмады.
Екі ішектей қатар түскен бұрыммен
Менің сезім-саусақтарым ойнады.
Мен қызғансам көршіні, мені қызғанды әйелім –
Қос қызғаныш көтереді бой әрең.
Егер менің қызғанышым – ит болса,
Екі есікті күзеттіріп қояр ем.
* * *
Көкірегімде бір керемет дүбір бар,
Сайысады қайсар ақыл ашумен;
Сезім мен сыр, қәне, сыртқа шығыңдар, –
Біреуінді қағып кетіп жүреді.
Ақыл, ашу айтысы –
Біреуін де жақтамаймын тегі мен.
Екеуінің жеңсе-дағы қайсысы
Бәрібір – мен жеңілем.
* * *
Наполеон етігінің сыңары
«Ұмыт қалған» орыстың орманында.
Келмеген соң өзі іздеп
Гитлерге табыс еттік оны да.
Сол күн жәйлі естеліктің өзі де
Төгіледі сөнген оттың күлі боп.
Енді біздің бұл өлкеде ешкімнің
«Ұмыт қалған» түгі жоқ.
* * *
Қазекеңнің көңілімен – ақ жанмен
Ақтарылмай қалам ба?
Жақсылықты жырлау үшін жердегі,
Жақсы болу керек екен маған да.
Жақсылықты тауса алмайды өлім де,
Жан емеспін мен өлі.
Жамандықты көзім көрген сайын мен
Жақсы болып өмір сүргім келеді.
* * *
Сұлулықтың құлпырады бояуы,
Қандай бояу? – сезеді оны жүрегім.
Қызыл, көк деп түстей алман өзім де,
Тек әйтеуір сұлу екенін білемін.
Сұлулықтан қанша рахат табасың,
Ақын оны қанша шебер жырлайды.
Соның бәрі... әппақ жұмыр білекті
Бір-ақ рет ұстағанға тұрмайды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі