Айлар, айлар барады өтіп сан айлар – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Айлар, айлар барады өтіп сан айлар» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.05.2020
  • 0
  • 0
  • 2408
Айлар, айлар барады өтіп сан айлар,
Ағарады сақалдар мен самайлар.
Адам шіркін қартаюды санайды ар,
Айлар, айлар, барады өтіп сан айлар.

Қартсың десе қамығады көп ойлар,
Қартсың десе қалғиды орман-тоғайлар.
Айлар, айлар, алға барсаң санай бар,
Ағарды екен қанша сақал-самайлар.

Айлар, айлар, өте берші, өте бер,
Айлар жүгін күндер енді көтерер.
Бұл әлемде сөнбей тұрса от егер,
Менің-дағы қарыздарым өтелер...

Айлар, айлар... көрдім жүзін сан айдың,
Айлар өтсін санамаймын... Санаймын!
Ай өткенін мен туғалы талай бір
Самайына қарап білдім ағайдың...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері