Өлең, жыр, ақындар

Муаммар Каддафидің монологы

  • 17.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3586
Мына күн - мөлдір бастау суалған күн,
Жайнаң қаққан жасыл бақ қуарған күн.
Шындықтың көзі жасқа шыланған күн.
Шайтандар шашу шашып қуанған күн.

«Ел тонап өскен басшы құрысын!» деп,
Жазылған қолдарыңда ұрандар тұр.
Анталап Ақ Ордаңа ат қойдың-ау,
Ертең-ақ өкінерсің бұған, халқым!

Аққуын құзғынға жем қылғанымен,
Ақ туын адалдықтың жыға алған кім?
Қалайын айтып-айтып айтарымды,
Бұл менің соңғы сөзім шығар бәлкім...

Биліктен кетуімді қалағандар,
Түйрейді жүрегімді жараланған.
«Жұтатты, деп, жұртымды!» жұлқынады,
Бір басында он үйі бар адамдар.

«Тапталды, деп, құқымыз!» шулағандар,
Берекеден қашады тулап әрмән!
Жарамады жамағат ойлануға,
Жанармайы болғанын судан арзан!

Ойланбады ағайын арыдан кеп.
Айта алмады: «Шүкірлік, бәрі бар!» деп.
Тегін еді электр жарығы да,
Ақысыз таратылды дәрі-дәрмек.

Шашылған ырысыңды жиып-теріп,
Намысыңды қойып ем биікке іліп.
Жаңа туған балаңның жайын ойлап,
Ақша салдым шотына үйіп-төгіп.

Шариғаттан болғанмен хабарларың,
Айтағына арамның арандадың.
Айыбына адамның үңілем деп,
Байыбына шындықтың бара алмадың.

Қол сұқпадым қалтаңа ұрыларша.
Дүниенің мен үшін құны қанша?
Қазынадан төлеттім қаражатты,
Балаң барып шет елден білім алса.

Мен кімдерді жылатып, еңіреттім?
Өмір сүру үрдісін жеңіл еттім.
Медицина, жоғары оқу орнын
Ақы-пұлсыз бәрін де тегін еттім.

Кімнің жері кеңиді мен өлгенде?
Айтарсыңдар «бақытқа бөленгенде».
Өсімі жоқ несие алып бердім
«Кәсіппен айналысам» дегендерге.

Ерік беріп қоймадым елді алдарға,
Барға қосып сататын делдалдарға.
Жөн көрмедім, сондықтан жол бермедім,
Момын адам пысыққа жем болғанға.

Ешкімнен пара алмадым, алғызбадым.
Алаяқты айлаға барғызбадым.
Пақырым да патшамен тең болып ед,
Ақырында аңырып жалғыз қалдым.

Басбұзарлар батырсып ақылы жоқ,
Басып жатыр топырлап ақыры боқ.
Тойынғандар жұдырық көрсетеді:
«Тоқты еті топырақ татыды!» деп.

Елімнен үзілмеген береке-құт.
Тойлаған әрбір күнін мереке қып.
Алтын-күміс жимаған мені көріп,
Күлді талай патшалар келеке етіп.

Қайырлады кемеміз, қайран елім.
Қайырылмай кетті енді сайран-өмір!
Бейбіт күндер бесігі қиратылып,
Бейітке енді тіршілік майда қоңыр.

«Жоқшылық деуші еді елді шынықтырар,
Молшылық адамдықты ұмыттырар».
Ортақұрсақ болғанда елім бәлкім,
Мұншалық болмас па едің бүлікқұмар...

Ең қоқымын өсектің тересіңдер.
Досыңа емес, дұшпанға сенесіңдер.
«Бағынбадың басшыңа неге?» десе,
Ақіретте не жауап бересіңдер?

Бәлесі мен жаласын жау атқылар.
Сенбейді оған бірақта сауаттылар.
Елбасыға ермеудің ақыр соңын,
Тарих айтып сендерді сабақ қылар.

Тонна-тонна алтынға тоймағандар,
Тойдырам деп құлқынын ойлағандар,
Бүлдіруде әлемді, адамдарды
Шахматтың тасы қып ойнағандар.

Бұл жалғанда бірер күн аялдадым.
Елім үшін тер төктім, аянбадым.
«Мемлекет мүлкінен бөліс!» деген,
Есер топты есіртіп қоя алмадым.

Мен өлермін қаласа оны Аллаһым.
Бар байлығын елімнің тонар кәпір.
Балпаң басқан бүгінгі бай баласы,
Боздап жүріп болады соларға құл.

Айнымайтын ел боппыз адамы аңнан.
Кескілеңдер, шаншыңдар, сабалаңдар!
Сендер үшін ұялам айналамнан,
Досқа күлкі, дұшпанға таба болған!

Егесумен өтіпті-ау есіл өмір!
Нали берем өткенге несіне, елім?
Кешіріңдер мендегі кемшілікті,
Мен де, жұртым, сендерді кешіремін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жасыл шыршаның зары:

  • 0
  • 0

Келгім келген жоқ еді бұл алаңға.
Обалым мені әкелген мыналарға!
Аллаһ емес, ағашқа сыйынады ел!
Бұдан өткен өмірде күнә бар ма?

Толық

Тағдыр

  • 0
  • 0

Біліп қайтем қай күні не боларын?
Ертеңіме ешқандай жоқ алаңым.
Билік берсе, биікке домалармын.
Бұйрық келсе, көшімді доғарармын.

Толық

Өмірге ғашық адам

  • 0
  • 0

Дейсің дәйім: «тегі асыл қазақ едік!
Көп халықтан бөлекше ғажап едік!»
Өмірге ғашық адам, өлімді айтса,
Аза бойың кетеді қаза болып.

Толық

Қарап көріңіз