Өлең, жыр, ақындар

Желтоқсан жаңғырығы!!!

Он сегіз минут ішінде,
Импорттық пішінде.
Басшы келді Мәскеуден
Эйфория көп ісінде.

Прессингі зор орасан,
Алуан түрлі қарасаң.
Жақсы дейік, бірақ та,
Бос уәде көп санасаң.

"Бір жылдан соң мен-дағы,
Қазақшаны үйренем,
Жұртшылықтың кіл бәрі,
Тұрмайды үйде күйреген.

Қылмысты түгел жоямыз,
Озбырлықты қоямыз.
Азық-түлік көбейіп,
Сірескен етке тоямыз."

Осылай қызыл сөзбенен,
Инициатива іздеген.
Айтылған әсем сөздерден,
Іс болмады көз көрген.

Колбиннің сойдақ шегесі,
Панадай болып сезілді.
Сексен алтыда алаңда
Жас боздақтар езілді.

Сексен алтының ызғары,
Жатыр оның ізі әлі.
Кешегі жастар шеруі,
Шешімге ғана ызалы.

Қоғамдық тәртіп бұзған жоқ,
Бейбіт шеру құрамы.
Саяси наразылықты,
Төнген қауіп деп ұғады.

Күшпен басып жаншиды,
Сапёрлік күректерменен.
Талай жастар жан қиды,
Әміршіл жүйе боп өктем.

Қасіреттің шындығы,
Жасырылды халықтан.
Ашылған жоқ ол жылы,
Шындық шықпай былықтан.

Алаңдағы жастарды,
Ұлтшылдық бой көрсетті
Деп жазғыра бастады
Шындық қалып бір шетте.

Демонстранттар қалады,
"Басшы шықсын бізден",- деп!
Жабылған барлық жаланы
Таратты елге көбірек.
Шындық іздеп сабылып,
Жастар жүрді еңіреп.

Кетсе де шындық тереңге,
Төрт жылдан соң ашылды.
Көлеңкеден күнгейге,
Ақиқат жыры шашылды.

Желтоқсан оты сөнбейді,
Жадымызда жаңғырып.
Өрендердің ерлігі,
Ұмытылмайды мәңгілік!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз