Жеке шумақтар – Серік Қалиев

Бұл бетте «Жеке шумақтар» атты Серік Қалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3613
Көңілі тәкәппардың - шырқау биік.
Сенімі бірақ оның - мылқау күйік.
Алдына Жаратқанның ақіретте,
Бармақшы сауап емес, сылтау жиып.

***
Құдіретті Құдайым!
Қайырлы жар нәсіп ет.
Қайырсыз болса, қашық ет.
Алғанша емес әйелге,
Алғаннан соң ғашық ет!..

***
Малында буаз да көп, қысырақ көп.
Қалмаса екен жұтқа ұшырап тек...
«Тақуа» боп кеткені соншалықты,
Ойлайды садақаны «ысырап!» деп.

***
Атасың шырт түкіріп насыбайды,
Құл болып никатинге басыбайлы.
Алғанда айықпас дерт алқымыңнан,
Кім сенің үй ішіңді асырайды?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері