Өлең, жыр, ақындар

Ұстазға

  • 28.05.2019
  • 0
  • 1
  • 15696
Профессор - жазушы
Қажығали Жұмалиевке

Мен — шәкірт оған сәби күндерімнен,
Ол — ұстаз сырласатын кіл менімен.
Мыңдаған қара бала біледі оны,
Мектепке соларменен ол бірге кірген.
Білімнің ең алғашқы жүгі маған, —
Қос кітап қойыныма тығып алған.
Сескенбей жүгіргенде мектебіме
Қызыл күн, шұнақ аяз, шыны қардан,
Білдім бе сонда-ақ арнап сый көңілді
Баяндап құрметімді, сүйгенімді.
Балқытып бала жүрек ыстығына
Құшақтап ұстазымды жүргенімді.
Білгем жоқ ол кім еді қымбат маған,
Мен одан өлең көргем, жыр жаттағам,
Кеудемнен күмбір қағып, бірақ онда
Ақындық әлі ешкімге тіл қатпаған.
Үйретті ол ата-баба жыр мұрасын;
Туған жер аспанының шұғыласын
Жаныма жайып берді. Деді бәлкім: —
Бұл сырды ержете кеп ұғынарсың. —
Ержеттім, деді ол: «Інім, тезірек жет»,
Оқыдым енді тура өзіне кеп.
Отырдым талай күндер ойға батып,
Қадалып көз жіберіп жүзіне көп.
Саңқылдап қоңыр дауысы шабыттанып,
Тоқтайды төгіп жырды барып-барып.
Ауылдан ала келген кітабымды
Қараймын әлсін-әлсін ашып қалып.
Дәл өзі! Сол кітаптың шын иесі,
Жадында сан тарауы, жүз жүйесі,
Алдымда профессор тұрды менің,
Өнбойы өлең-жырдың дүниесі.
Үйретті ол, аямады бар білгенін,
Өсірді, аялады жан гүлдерін,
Сол күйі, ұстаз күйі үлгі болып,
Мәңгілік көз алдымда қалды менің!
Қасында шәкірті мол әлі күнге,
Жақыны ол — өз ағасы бәрінің де,
Сағынар алыс жүрген азаматтар
Жалғасып оныменен жаны күнде.
Өткенде институттан қарап қалам,
Баяғы көңілменен сабаққа алаң.
Жарқырап кең маңдайы, терезеден
Тұрғандай профессор қарап маған.



Пікірлер (1)

Маржан

Өмірде сен бердің ғой маған тәлім ,
Үйреттің білім менен маған сәнін.
Таусылмайтын қазына мен жақсы әнін Ұстаздан асқан аяулы жан бар-ма екен!?
Артынан қанша бала білім алды,
Жүректерін сыр менен әнге салды.
Ұстазым рахмет саған, рахмет ана
Сенен артық жан бізге үйрете алмады!

Пікір қалдырыңыз

Сарбай

  • 0
  • 0

Арасы қырық шақырым,
Алыста Тобыл тулайтын.
Арбамен жүріп ақырын
Жолаушы кеште құлайтын.

Толық

Әкелер мен балалар

  • 0
  • 0

— Қой қайда, деймін, қой қайда?
Борбайла итті, борбайла,
Малымнан басы садаға,
Кер терісін қадаға!

Толық

Қос өлең

  • 0
  • 0

Зеравшан дария жағасы жасыл,
Көрдім бір жаздай қос қызды асыл,
Агроном Гүлгүн — сол қыздың бірі,
Атақты бағбан — Самарқан гүлі,

Толық

Қарап көріңіз