Кебеже
Бұл бетте «Кебеже» атты Абзал Бөкен жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Әжем ИНАЗАРІПТІҢ рухына
Томсарып тұр тозаң тұтқан кебеже,
Кебежемен болушы еді тоқ әже.
Көне мүлік – бүгін үшін ескілік,
Ескілікке кейін тартты кегеже.
Сыны сұмдық.
Сырына көз тоқтамас,
Тақтайларын болат, -- десең, жоқ талас.
Я бір емен, я бір қайың – қатты ағаш,
Арабтардың жиһазымен бақталас.
Көз тартады көне бедер, шеберлік,
Шеберліксіз дүниеде жоқ ерлік.
Есімде тек – кебежеден көп алдық,
Есімде жоқ – кебежеге не бердік.
Аузында Алла, көкіректе иманы,
Сол ыдыста – кәрі әжемнің жиғаны.
Қант-кәмпиті, жақсы шайы, құрт-майы,
Берекеңді келтіретін үй дәмі.
Қонақ келсе келімді де кетімді,
Сол кебеже қызартпайды бетіңді.
Алған сайын ырыс-құты ортаймас,
Ертектегі сиқыр қоржын секілді.
Өткен өмір – кеудеңдегі тығынды,
Тығындыңды кім түсініп ұғынды?!
Кебежені ығыстырды кент-жиһаз,
Кешегімді ығыстырды бүгінгі.
Мезгіл қатал,
Көндіреді көнбеске,
Кепілің жоқ мұңсыз-қамсыз өлмеске.
Егделікке ығыстырды ол мені,
Кәрі әжемді ығыстырды келмеске.
Мың жыл тұрар не бір шөлмек, не көзе,
(Көзе ғұрлы бола алмадық неге өзі?).
Төрде – теле...
Төменде тұр кебеже.
Кебеже бар,
Оны тұтқан жоқ әже...
- Бернард Шоу
- Марк Твен
- Белгісіз
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі