Өлең, жыр, ақындар

Жер аттары

  • 01.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1675
Қара Торғай – Сары Торғай,
Қошалақ құм – Қарақұм.
Сары Тосын сары атандай
Ботасындай Балақұм.
Түйемойнақ, Ақшығанақ –
Қарт Торғайдың қанаты.
Ешкіқырған – Қазасалған...
Қандай-қандай жер аты!
Көнген бейнет, көрген қызық,
Келген бұйрық, кешкен тірлік –
Бәр-бәрінің мандаты.
Кәсібін де, нәсібін де
Жалғыз сөзбен танытқан.
Қалт кетпеген,
Мүлт кетпеген,
Жібермеген сәл қапы.
Неткен халық,
Не қылған ел,
Маңдай термен,
Құса-шермен,
Махаббатқа мәңгі шөлмен,
Ата жаумен аңдысумен,
Атамекен – Жерге жазған тағдырын.
Неткен халық,
Не қылған ел,
Қуанса да,
Жыласа да,
Тұла бойын мұң алса да,
Отанынан жасырмаған барлығын.
Жері жомарт,
Елі де мәрт,
Революция бораздасын
Тартты Торғай далада,
Ал Ыбырай
Алтын сарай салғызған жоқ,
Салды сарай санаға!
Ал Иманов,
Ал Жанкелдин
Жанталасқан жандар ма екен жаны үшін?!
Жан ұшырса,
Сағы сынса,
Ал немесе бағы туса,
Тек халқының қамы үшін.
Торғай алыс,
Торғай шалғай –
Құйттай Торғай картада.
Әлібилер елден алыс,
Жыртты намыс
Тарих дейтін аренада,
Туған жерден алыс шалғай ортада.
Торғай түкпір,
Торғай қиян,
Бір жағында құрдымы бар,
Бір жағында Бетпақ жатыр
Бет бақтырмай мың жылдар.
Сол өлкеге қоныс тепкен
Көзсіз батыр бабамыз.
...«Жүрек жұтқан» бабалардың
Жас ұрпағы бүгінгі.
Құрдымдарды құрғатты да,
Құлпыртты ғой тыңыңды.
Боксит таулар
Байқоңырлар шұғыласы боп құбылды.
Торғай алыс,
Торғай шалғай,
Құйттай Торғай кешегі.
Ұлы Торғай,
Жақын Торғай
Жүрегіме бүгінгі!
Сендегі әрбір жердің аты –
Бабалардың махаббаты,
Бізге қалған аманаты,
Тілде қалған тірі ескерткіш,
Тірі жеткен туынды!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Арылу

  • 0
  • 0

Тәубаңа мені түсірші, Өмір,
Таупиық маған берсеңші!
Тазалығымды түсінсеңші, Өмір,
Сенбесе де ешкім, сен сенші!

Толық

Ауа

  • 0
  • 0

Есіңде бар ма ел қонған мезгіл жайлауға?
Көде мен көкпек көз жауын алып сайларда,
Табаның жерге тұра алмаушы еді тайғанап
Сәскенің сәруар сәулесі қырды шайғанда.

Толық

«Көктоғайда» ауыл

  • 0
  • 0

«Көктоғайда» ауыл...
Көрші қыстап
Сіздің үй менен біздің үй бірге,
Аяқ-табақты аралас ұстап,

Толық

Қарап көріңіз