Егіз ерлер – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Егіз ерлер» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 764
Болатшылар мартенде
Құйса құрыш қайнатып,
Тояттаған жер дәнге
Шаруа жонды жайнатып.
Жұмысшы қол заводта
Машинаның бөлшегін
Құйса, шаруа қыратта
Көрем жыртқан жер шегін.
Фабрикте тоқылған
Көрсем жібек бастонды,
Соны киіп отырған
Сүйем елде жастарды.
Шопан баққан қырдағы
Жібек жүні қойлардың
Костюм болып тұрғаны
Өрнегі мың қолдардың.
Тоқушының өрнегін
Ел білмесе, кім білер,
Желпіп жібек көйлегін
Би билейді жеңгелер...
Аңсаған ел алыстан
Тауып мәңгі арманын,
Құшақтары қауысқан
Жұмысшы мен шаруаның.
Даңқы жерді тұр орап
Достықтың да ерліктің,
Айқасып-ақ балға-орақ
Тұр бетінде гербтің.
Далада дән, тауда кен
Толқындата құйғандай,—
Кенші жігіт шаруамен
Бір анадан туғандай.
Өмірім жоқ өксіген
Тұр аймағым арналы,
Егіз ерлер — деп сүйем
Жұмысшы мен шаруаны!

1960


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері