Бала деме, баласынба баланы – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Бала деме, баласынба баланы» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған бала туралы өлең берілген.

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 2080
Бала деме, баласынба баланы,
Оның сенен оттырақ қой жанары.
Көп нәрседен аз болғанмен хабары,
Көп нәрседен қиялы оның жоғары.
Бала деме, баласынба, ертең-ақ
Тасты жарып шыға келер өр талап.
Заманыңның жасырма одан шындығын,
Өсірме оны көлеңкелеп, қалқалап.
Бала болса, бала шығар бүгін-ақ,
Уақыт ертең теңестірер зымырап.
Ол да ертең мұңаяр да, өкінер,
Басын тауға, басын тасқа ұрып ап.
Қайта қунап, қайта түлеп қуанар,
Тағдыр «сыйын» тәрк ете алмас, құп алар.
Топырағыңның қуаты мен құнары
Уақыт шайқап, көрсе байқап сыналар.
Бізге де уақыт берер сонда бағасын,
Ұрпағыңның көрерсің көзқарасын.
Балалық шақ оралады қайтадан
Сүю-күю арқылы өз баласын.
Бала деме, баласынба баланы,
Оның сенен күрделірек заманы.
Сен жетпеген жерге әлі-ақ жетеді,
Сен таппаған асылды әлі-ақ табады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері