Өлең, жыр, ақындар

Қияли кемпір

  • 01.10.2020
  • 0
  • 0
  • 1832
(Баллада)
Болса да таза жаулығы,
Болса да бүтін көйлегі.
Болса да берік саулығы,
Қияли кемпір дейді оны.

Қияли-кемпір шаруасын
Бір әйел ғұрлы біледі.
Аядай үйін,
Ауласын
Сыпырып
Сүртіп жүреді.

Ойлайды өзі үнемі
Майданға кеткен бес ұлын.
Аяттай жатқа біледі
Олардың ұйқас есімін.

Шақыру үшін біреуді
Бес ұлын атап шығады.
Апыр-ау, атың кім еді,
Деп аңырап тұрады.

Көрмеген әсте иланып,
Бес ұлың шейіт дегенге.
Қалса да кейде сұрланып,
Сенімі жатты тереңде.

Шырағым, қалай нанайын,
Бес ұлың өлді дегенге,
Өзімдей талай ананың
Жалғызы тірі келгенде.

Тәңірдің бар ғой есебі,
Бақытты бірдей бөледі.
Келмесе келмес бесеуі,
Төртеуі анық келеді.

Қисыны берік дәлелге.
Құлады өзі имандай.
Әділдік болса әлемде,
Осынау сөзге сыйғандай.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Біреуі кетті жазым боп,
Төртеуі тірі, құлыным.

Сырласып үміт желімен,
Есікке қарар елеңдеп.
Төрт ұлы үйге тобымен
Сау етіп кіріп келер деп.

...Жеті жыл өтті.
Әлі оның
Төрт ұлы бірақ келген жоқ.
Дегенмен кемпір дәлелін
Далбаса деуге көнген жоқ.

Асылық етсем мен тегі,
Кешірер,
Тәңірім кең еді.
Келмесе келмес төртеуі,
Үшеуі анық келеді.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Екеуі кетті жазым боп,
Үшеуі бар ғой, құлыным.

Сырласып үміт желімен,
Есікке қарар елеңдеп.
Үш ұлы үйге тобымен
Сау етіп кіріп келер деп.

...Он бес жыл өтті.
Әлі оның
Үш ұлы бірақ келген жоқ.
Дегенмен кемпір дәлелін
Далбаса деуге көнген жоқ.

Рақымы әлі-ақ түседі,
Тілекті тәңір береді.
Келмесе келмес үшеуі,
Екеуі анық келеді.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Үшеуі кетті жазым боп,
Екеуі қалды, құлыным.

Ананың аңқау сезімі-ай,
Есікке қарар елеңдеп,
Жарасып егіз қозыдай,
Қос ұлым кіріп келер деп.

... Жиырма жыл өтті.
Әлі оның
Екі ұлы бірақ бірақ келген келген жоқ.
Дегенмен кемпір дәлелін
Далбаса деуге көнген жоқ.

Тәңірім рақым етеді,
Көзімнің жасын көреді.
Келмесе келмес төртеуі,
Бір ұлым кәміл келеді.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Төртеуі кетті жазым боп,
Жалғызым қалды, құлыным.

Отыз жыл өтті.
Әлі оның
Жалғызы бірақ келген жоқ.
Сонда да кемпір дәлелін
Сандырақ деуге көнген жоқ.

Кешірген бастан талайды
Қурайдай кемпір ол бүгін.
Көшеге ұзақ қарайды
Сарыла күтіп соңғы ұлын.

Бес ұлдың көрмей біреуін,
Қалмақшы емес көміліп.
Ананың әлсіз жүрегін
Соқтырып тұрған сол үміт.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алматыдан аумайсың

  • 0
  • 0

Алматымысың?
Әлде сенбісің?
Бұ қайсың?
Әйтеуір маған екеуің бірдей ұнайсың.

Толық

Жезде

  • 0
  • 0

Мен білмейтін біреуге
Шықты әпкем күйеуге.
Ұнатпадым мен оны,
Белгілі ғой себебі...

Толық

Кешкілікте

  • 0
  • 0

Кешкілікте
Біз ересек баламыз,
Аппақ жаға-жеңіміз.
Қастек Баянбай

Толық

Қарап көріңіз