Абайға – Тусупбекова Дамира

Бұл бетте «Абайға» атты Тусупбекова Дамира жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен сенен оқыдым даналық ғазалын,
Тереңде тұңғиық ғаламат ғажабын.
Түн түнек жаулаған қазақтың даласы
Сен нұрың шашқанда өзгертті ажарын.

Бар алаш түйсініп Шыңғыстау жартасын,
Сөздерің шарлады атырап арқасын.
Жырыңа зер салам.. жаңарған жыл сайын,
Телегей теңіздей тереңге тартасың!

Қара сөз - қайнарым, қалайша қанасың?!
Жырың мен жаныңды күйікке маласың.
Есейіп, түйсініп келемін десем де,
Шын Хәкім шыңдай боп биіктеп барасың.

Күн ғана сүйеді, құзарттың шекесін,
Әр ақын кешеді тағдырдан жеке сын.
Кемелді күй кешіп кеудемді керсем де,
Көкжиекке айналып ,кеңейіп кетесің!

Талпынып келемін , тебіндеп ішімнен,
Жол табам жүректің жанары, күшіммен!
Әзірге танумен таңданып келемін,
Мен сізді бір күні шынымен түсінем!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (3)

Динара

Керемет жазылған өлен! Сүйсініп оқып шықтым!

Динара

Керемет!

Динара

Дамира керемет жаздыңыз! Шабытыңыз одан әрі көбейе берсін!

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар