Өлең, жыр, ақындар

Көш

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 472
(Баллада)
Әнеу жылы...
(Жас жиырмадан сәл төмен),
Маған көп сыр шертуші еді қарт әжем.
Соның көбі жадымда әлі жаттаулы,
Өйткені, мол құпиясы бар терең.
«Әлі есімде, есі шығып ел тозған,
Несібесін табады жұрт колхоздан.
1941-ші жыл-тұғын,
Зұлмат соғыс бейбіт күнге көр қазған.
Зұлмат соғыс бейбіт күннің басын ап,
Тоқырауын көз жасы боп тасымақ.
Құбылаға күншығыстан ер кетті
Күннің отты шапағы боп шашырап.
Көз жасы ғой — сіркіреп бір жауса күн,
Қап-қара бұлт елестетіп жау сапын.
Күншығыстан атар таңды қарсы ап ел,
Күнбатысқа көздің майын тауысатын.
Алагеуім шақта андыздап ессе жел,
Көр-батыстан түнді көріп сескенер.
Көңілсіз көп таңды көрсе тәубе айтып,
Қыстан шыға қыр жайлауға көшкен ел.
Көтерем боп қыстан шыққан секілді ел,
Көн боп қатқан етін көр, не бетін көр.
Ел дегенің елесіндей өткеннің —
Жесірлер мен жетімдер.
Көкіректе көңілсіздеу күй-өрнек,
Жетім-жесір бір-біріне сүйенбек.
Көшкен елдің қатарында қапалы,
Омаш та жүр «қашан жауға тием!» деп.
Жасы жетпей, жаны жасып, күйер көп.
Көңілсіз көш — жадау жайлау жол түбі,
Жан жасыды, жанарда жас толқыды.
Омкең атаң «жау қайдалап» жайнап ед,
Комиссардан повестка кеп сол күні.
Жайлауды аңсап, кешпеді де көгалды,
Орта жолда ырдуанын доғарды.
Сол күні-ақ сұрапылға аттанып,
Үш жылдан соң «герой» болып оралды.
Омаш атаң сүйегі асыл ер еді,
Жеткен сәтте-ақ комиссардың дерегі,
Айдалаға көшін тастап ойланбай,
Отан үшін откешуге жөнеді».
Сол әжем де бақиға артты сапарын,
Омкең шал да жерге алмасқан шапанын.
Елге келіп көшін Күнге тірепті,
Жел аймалап күміс күлте сақалын.
Бейбіт күнде көрсем түйір қорғасын,
Омкең атам елестетем бор басын.
Боз селеу боп желбірейді сақалы:
«Ей, жүгермек, көшің жолда қалмасын!»
Жүрген шақта көшім тізер жон қарап,
Баталы жұрт аңдатар деп оң қабақ.
Жосалының баурайынан кеткенмін
Парыз атты талай жүгім жолда қап.
Жерге бітсе мұзарт шыңды шалған бұлт,
Адасады алдын білмей сан мәңгүрт.
Отан тұрмақ отау тіге алмай жүр
Бейбіт күнде көші жолда қалған жұрт.
Сұрапыл жоқ.
Бейбіт тірлік — жарасым,
Ерлік даңқы — аспан сүйген дара шың!
Атам көші Күнге барып тірелді,
Менің көшім, қайда маңып барасың?!.
* * *
Алмасып жарық күн мен қараңғы түн,
Тұлғаммен ертеңге еніп барам бүтін.
Түпсізге қайырылмасқа аттанбаққа,
Түбі бір кесіледі адамға үкім.
Сол күні кетер ара шын алшақтап,
Құм басып жоғалады-ау мынау соқпақ.
Достық бар, одан өзге ештеңе жоқ,
Біздегі бар белгіні тұрар сақтап.
Достық бар, одан өзге ештеңе жоқ,
(Болмаса, болмашыдан сескенер ек).
Сезімнің секем салар бәрі алдамшы,
Ертең — сау, түсте — дертті, кеште — медет.
Білмеймін менің сырым кімге аянын,
Күн сайын үміт қашып, ұлғаямын.
Санама саңылаудан сәуле салған,
Жалғыз дос — жанға дауа жырды аядым.
Жалғыз дос жанға дауа жыр ғана ма,
Есілген есіл жігер құм қалада.
Тәңірім, тәспіқ ұстар медет берші,
Жүрегі жырым-жырым бір балаға...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Менің демоным

  • 0
  • 0

Сіздің өмір айт пен той, дырду-думан,
Біздің тірлік сымбатты сырдан ада.
Сен зымыра, сұр мұзда сырғана да,
Ал мен шырақ жағамын бір молада.

Толық

Домбырам сынған

  • 0
  • 0

Сырласым едің, сен, кешір мені,
Сен, кешір мені, сыңарым.
Сынық көңілім пернесіндегі
Сыңсу-сыңқыл боп тынамын.

Толық

Сәуір

  • 0
  • 0

Көкше теңіз, жағаңа көктем кеп тұр,
Көктем кеп тұр — аспаны көкпеңбек нұр.
Жиырма үшінші көктемім бүрін жарып,
Қыс қылтадан қырқылып, қыбым қанып.

Толық

Қарап көріңіз