Өлең, жыр, ақындар

Ертең

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 750
Адыр-адыр, дөң-белес, қырқа-қырат,
Ертең қардан құтылып гүл тағынад.
Ертең анау аспанның кемерінен
шұбатылып, шұбырып бұлт ағылад.
Ертең менің көктемім көрден тұрып,
Емен-жарқын көңілмен елге ұмтылып,
Қауышады-ай, сондағы сезімімді,
Енді өлтіріп алмашы, енді өлтіріп.
Ертең қатал ақпанның туы құлап,
Мөлдір, балғын бұлақтан бу ыдырап.
Көктемім-ай, көк белден күлімдейді
Сағыныштың жасына жуынып ап.
Жалт-жалт етіп жанары, ерні үлбіреп,
Ән төгеді — әуені торғын жібек.
Шаттанады сал самал, сұлу самал,
Шабыттанып сыз сорған солғын жүрек.
Шаттанады шапақты таң сібірлеп,
Теңіз көкті толқытар тамшы нұр кеп.
Қайран көктем енеді құшағыма,
Менің оған айтпаған жан сырым көп.
Менің оған шертпеген күйім қанша,
Төгем соны тірлігім тыйылғанша.
Өкпем де жоқ кешікті деп сөгетін,
Күзді құштық ондай бақ бұйырғанша.
Адыр-адыр, дөң-белес, қырқа-қырат,
Ертең қардан құтылып гүл тағынад.
Ертең анау аспанның кемерінен
Шұбатылып, шұбырып бұлт ағылад...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жазу

  • 0
  • 0

Кеудемді көмкергем арманмен,
Ақтарсам бола ма қажеті?
Есімде мектепте, балдәурен,
Содан соң...

Толық

«Гүлдер» шағын ауданы

  • 0
  • 0

Гүлі қайда?
Мына маңды тас басқан,
Аспанымен тас қабырға астасқан.
Біреу бұған ат қойыпты «Гүлдер» деп,

Толық

Кертолғау

  • 0
  • 0

Жаздың да соңғы Күні ұшты көкке
салыңқы салқын жымиып.
Тақалды уайым-қылыш жүрекке,
қолқада толқын тұр ұйып.

Толық