Өлең, жыр, ақындар

Күй

  • 03.01.2021
  • 0
  • 0
  • 734
Төгіліп, бірде зарлап, бірде боздап,
Құйылып, жанды жұлып, жүрек қозғап.
Сорғалап, иірімге түсіріп бір,
Шымырлап шым батырып кете жаздап.
Ауыр бір мұңға бөлеп жан жылатып,
Кей кезде жас үйіріп жаудыратып.
Талдырып, тал бойыңды қорғасын қып,
Дел-сал қып сүйегіңді саудыратып.
Шығандап бірде аспанға көтеріліп,
Қыран күй тұяғында кетер ме іліп!
Шыңылдап шың жаңғырған сақ-сағынан
Әлдебір бітпес ыза, кек төгіліп!..
Қасқайып, қаһарланып, қайсарланып,
Кеудемнен шыбын жанды қойсаң да алып,
Деген бір, білек сыбап топқа түсер
Екі өлмес алып тұлға жайсанданып!..
Хас жүйрік бірде егіліп елеңдеген,
Жүзіктен өтердей боп көлеңдеген.
Тықыршып орынында тұрмай тулап,
Көмбеге қайтсем озып келем деген.
Тұяқтан бірде жорға жел гулеген,
Жел үрлеп жібек жалы желбіреген.
Тайпалып, бірде шайқап, бірде тербеп,
Ентелеп, шеки басып елбіреген.
Кейде күй көктемгі күн елжіреген,
Жылынып шуағына жан түлеген.
Толқынсыз, тымық күнгі көлдің беті,
Шымырлап, қайнап дір-дір мөлдіреген.
Кейде күй – асау өзен күркіреген,
Ісі жоқ нәзік сыңқыл күлкіменен.
Асығыс ақ толқынды жара жүзіп,
Ақ шабақ үйір-үйір дүркіреген.
Ал кейде жатқан сынды дала тынбай,
Қыран құс ит жүгіртіп салатындай
Дірілдеп қанаттары бозша торғай
Төбеңде шырқап тұрып алатындай.
Сымпылдап бірде аққудың қанатындай,
Шығандап қарасаң көз талатындай.
Шатырлап аспан құлап түсердей боп,
Түнгі бір жарқылдаған жай отындай.
Жеткен бір ауа жарып алыстан үн –
Айбарлы ақырғаны арыстанның!
Ал бірде әкеледі көз алдыңа
Жекпе-жек қас батырлар алысқанын.
Ал бірде тасқын болып тау құлатып,
Әп-сәтте алай-дүлей дауылдатып...
Баз бір шақ ақ бесіктің әлдиі боп,
Қояды орынында маужыратып.
Пай-пай-пай сылдырлы күй, сыңқылды күй,
Әкетер ағынында қиқулы күй.
Сан-саққа қас қағымда түсіретін
Қазақта осындай көп сиқырлы күй.
Қауышқан табиғатпен, өмірменен,
Тыңдасаң алай-дүлей көңіл неден!..
Табынсаң, табын достым, шын өнерге
Еш уақыт көнермеген, көмілмеген.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алатауы ақындардың

  • 0
  • 0

Жердегі әр биіктің бар атауы,
Әділ ғой сізді халық дана атауы.
Торқалы тойыңызға құтты болсын, –
Дей келдік, ақындардың Алатауы.

Толық

Ұлы сезім

  • 0
  • 0

Ұлы сезім!
Сені іздедім.
Білмеймін неге іздедім.
Қалай ғана бұл ойды негіздедім!

Толық

Сумаң сусыл сыртыңнан

  • 0
  • 0

Сумаң сусыл сыртыңнан
Бал ашып нені үймейді.
Орақ орып аузымен
Найза ғып тілін түйрейді.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер