Сілбілеп жауын жауды – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Сілбілеп жауын жауды» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 1275
Сілбілеп жауын жауды ...
Сұрқай ғалам,
Түксиіп, басты еңсені – сырт, айналам.
Сезімнің терезесін тамшы ұрады,
Жан таппай бебеу қағып, шырқ айналам.
Ақ нөсер апай-топай селдетеді,
Бір сәтке дамылдасаң нең кетеді?
Көк аспан – көз шарасы Ақзер қыздың,
Сағыныш саған деген шөлдетеді.
Сілбілеп жауын жауды түніменен,
Көңілге кірген еді, күнім, елең.
Жымиып бір күлесің, ынтықтырып,
Бітеді –
Біле алмаймын, түбі немен?
Ақ нөсер ақ жүзіңді шимайлайды,
Кеудеме
асқындайды симай қайғы.
... Кетермін батқан күннің шапағымен,
Өзіңнің қылығыңды қимай мәңгі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері