Жанарың-ай зұбаржаттай тұңғиық – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Жанарың-ай зұбаржаттай тұңғиық» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.02.2021
  • 0
  • 1
  • 1365
Жанарың-ай зұбаржаттай тұңғиық,
Қарашыққа қойған тәңір мұң құйып.
Сүдініңе сүрінеді көрген көз,
Әрі текті, тәкаппарсың тым биік.
Қалды аққусыз дір-дір еткен айдыным,
Сейілмейтін қаймағы бар қайғының.
Кірпігімнен тамған жас қой қуалап,
Менің жалғыз бұ пәниде байлығым.
Қамалдым-ау, қасіреттен күйге абат,
Жүрегімді шер кеседі қидалап.
Туырылған көк өңезі кеудемнің,
Өзегімді өртеп жібер қи қалап.
Бытыр-бытыр отқа жансын сүйегім,
Құдай, егер болсаң маған қи өлім!
Бұрқырасын қамырығым түтін боп,
Желк-желк етіп шудасындай түйенің.
Махаббаттың мұнарасы тым биік,
Тірлік кешу күнә, білем, кілмиіп.
... Қарашығың терең екен мұң толған,
Тартып бара жатыр мені тұңғиық.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері