Өлең, жыр, ақындар

Авзония түні. Эльвина

  • 13.02.2021
  • 0
  • 1
  • 773
Поэзия – махаббаттың құлы.
А.С.Пушкин

Беймаза түн,
Авзония.
Қала бөтен,
Елегзиді көңілім алабөтен.
Ішіп едім клико, моэттерден,
Бірден барып буынды алады екен.
Маужыраған көшесі жырға қанық,
Флейта үні сабырды ұрлады анық.
Фагот шықты бір тұстан бебеулеген,
Жараланған жанымды нұрға малып.
Лира менің санамды мекендеді,
Жатсынардай жайым жоқ бөтенді енді.
Бөліп іштім бордоны Корсарменен,
Алашабыр көңіл де бекемденді.
Арбағанмен еріннің далаб дағы,
Елемедім ешкімді кабактағы.
Истомина билейді шыр айналып,
Орфей ару ән салад қабат тағы.
Адам лықа ішінде, сыртында да,
Отыра бер орныңда жыр тыңда да.
Ипокрена кеудеңе орнағанда,
Суша жүріп кетеді «нұр тұнба» да.
Кенет дауыс оқыстан шықты білем,
Байқауымша келеді мықты кілең.
Тамсанады тұс-тұстан «Эльвина!» деп,
Төселіпті жолына түкті кілем.
Көп күттірмей жарқ еттің Дианадай,
Келбетіңе қарауға ұялады Ай.
Саусақтарың сүп-сүйір, әп-әдемі,
Тырнақтарың мөп-мөлдір – пияладай.
Періштем-ау, ештеме аңдамадым,
Сенен басқа сұлуды талғамадым.
Корсет, чепец бойыңа қонымды шын,
Көзім сүзіп сыртыңнан малданамын.
Армиданың түстім бе арбауына?
Төзетін де емеспін ар дауына.
Мадоннаның қызындай Эльвинаға,
Бұла сезім қоймады бармауыма.
Сан періні мен көрген мың орадың,
Әрін аштың сүреңсіз мына араның.
Ұқтың ба екен жүректің лүпілін сен,
Гүлін бердім ал-қызыл Флораның.
Лель құдай ғой өзіңе құнықтырған,
Жүрегімді у дертке былықтырған.
Діңкелетпей, Эльвина, бұр мойныңды,
Арманымсың сен менің тұнып тұрған.
Тілегемін тәңірден Гименейді,
Дриадалар ортаға кимелейді.
«Сезімімді аяла ақша қардай,
Қылығымды сүймесең, сүйме мейлі».
Катильонды биледің дөңгеленіп,
Біз құмартып, тұс-тұстан төнген едік.
Цирцея қу көзіңді байлаған ба?
Тұр едім ғой қасыңа мен де келіп.
... Вакханкадай иесі тамашаның,
Сен сөндірдің ең соңғы қала шамын.
Ғашық болған шынында жаман екен,
Кесіп-пішіп, сыртыңнан бал ашамын.
Қала тыныш,
Жұлдыздар сансыраған,
Қызып алғам, буын жоқ – бал сырадан.
Күншығыстан Аврора күлімдейді,
Көшеде жүр қайыршы нан сұраған.
Пәк жанымды – гүл сезім мекендеген,
Ынтық көңіл – өзіңе жетем деген.
Лета өзені беймезгіл жұтып қойып,
Лафонтендей ұмыт боп кетем бе мен?..



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Шимай-шимай жаныңды жайып салдың

  • 0
  • 1

Шимай-шимай жаныңды жайып салдың,
Басты еңсеңді, дертіңнен айықсаң – мұң.
... Долданады көк теңіз, қайық кетті,
Болса керек өзінде айып шалдың.

Толық

Алқаптарда ақ боран ақияды

  • 0
  • 1

Алқаптарда ақ боран ақияды,
Арбасармыз екеуміз бақи, әлі ...
Құтырғанда бұл заман,
Тым байсалды,

Толық

Сен менің аққу қазым қалықтаған

  • 0
  • 0

Сен менің аққу қазым қалықтаған,
Сәбидей күлімдейсің шалықтаған.
Көзіңе көзім түссе оқыстан бір,
Күй кешем алашабыр жан ұқпаған.

Толық

Қарап көріңіз