Үлбіреген үстіңде көне көйлек – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Үлбіреген үстіңде көне көйлек» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.02.2021
  • 0
  • 1
  • 1087
Үлбіреген үстіңде көне көйлек,
Сұлулықты тұрғаны көлегейлеп.
Қос анардың ұшында барқын дағын,
Сипап өттім жабысқан кене ғой деп.
Ыршып түсті елік-көз періште қыз,
Кінәлаңыз менікін «теріс» деңіз.
Бетін басып қашқаны құйын-перен,
Жан ұшырып келеміз еңісте біз.
Жете алмадым созғанмен қолымды мың,
«Неге қатты боп кеткен жолым бүгін?»
Арам ойдың жүзеге асуына,
Бір септігі тигені тобылғының.
Сүрінді қыз кенеттен шалынды да,
Ерен жүрек есірген – жалын жүдә.
Елемедім, ештеме көре алмадым,
Жылады ма, бейшара, жалынды ма?
Быт-шыт еттім ғаламның тымық күнін,
Бармақ тістеп өкіндім, құмықты үнім.
Құрсын бүйткен есерсоқ жігіттігім,
Лайладым біреудің тұнықтығын.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері