Жылап тұрған аспан емес, мен едiм – Құралай Омар

Бұл бетте «Жылап тұрған аспан емес, мен едiм» атты Құралай Омар жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.03.2021
  • 0
  • 0
  • 1333
Жылап тұрған аспан емес, мен едiм,
Жанарыңның жасын отын сағынып.
Аңсағанда тамшыларды төгемiн,
Көкке барып, бұлт жейдемдi жамылып.
Тұнжыраған аспан емес, мен едiм,
Жар бола алмас жалғыздықтан жабығып.
Айтшы, неге елесiңдi өбемiн,
Тәңiр берген тағдырыма бағынып?
Күрсiнген де аспан емес, мен едiм,
Көкiрегiме көзсiз көп мұң қамалып.
Әлде, жаным, “Сенi сүйем” дегенiм
Қалды ма екен жүрегiңе жамалып.
Жайнаған да аспан емес, мен едiм,
Қиялымда құшағыңа жылынып.
Перiште боп келiп едi жебегiм,
Көрiнбей-ақ, иығыңа iлiнiп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері